Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Іс-шараға Сенат депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚҰ президенті Бибігүл Жексенбай, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Қазақстан Президенті телерадиокешені» креативті директоры Әсел Тұрсынғазина, өзге де танымал телеарналар мен газеттердің басшылары қатысты.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова журналистерге ғимараттың отырыстар мен халықаралық кездесулер өтетін залдарын, музей мен кітапхана, баспасөз орталығы бөлмелерін таныстырып, жұмысы туралы кеңінен баяндады. «Конституциялық сот биыл 1 қаңтардан бастап жаңартылған нысанда жұмыс істеп келеді. Президент, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас прокурормен қатар кез келген азамат енді Конституциялық сотқа жүгіне алады. Осылайша, біздің сот жаңа субъектілердің өтініштері бойынша қолданыстағы заңнаманың Конституцияға сәйкестігін тексеруге байланысты кең өкілеттіліктерге ие болды. Біз еліміздің барлық аумағында Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етеміз», деді Эльвира Әзімова.
Оның айтуынша, Конституциялық сот төраға мен оның орынбасарын қосқанда 11 судьядан тұрады. Төрағаны Парламент Сенатының келісімімен Президент тағайындайды. Төраға орынбасарын төрағаның ұсынуымен Президент, төрт судьяны Президент, үш судьяны Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
«Біз Президент пен Парламент депутаттарының сайлауы және республикалық референдум өткізудің дұрыстығына қатысты дауларды шешу, сотқа жүгіну құқығына ие субъектілердің, соның ішінде жеке азаматтардың өтініштері бойынша нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру, Конституция нормаларына түсініктеме беру, жыл сайын Парламентке еліміздегі конституциялық заңдардың жай-күйі туралы жолдау жіберу секілді қызметтерді атқарамыз», деді төраға.
Ғимарат ішіндегі бөлмелермен танысқаннан кейін Конституциялық сот фронт-кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Жоғарыда айтқандай, бұл мекеменің бұрынғы Конституциялық кеңестен айырмашылығы – қарапайым тұрғындар да өтінішпен жүгіне алатындықтан, фронт-кеңсенің ашылуы – халықпен жұмыс істеуге бағытталған тиімді жоба. Бұл жерде азаматтардан келіп түсетін арыздар «бір терезе» арқылы қабылданбақ. Егер олардың өтініштері Конституциялық соттың құзыретіне кірмесе, азаматтарға қайда жүгіну керектігі жайында құқықтық бағыт-бағдар беріледі. Ал соттың құзыреті шеңберіндегі өтініштер қабылданып, әрі қарай өндіріске жолданады.
Фронт-кеңсенің ашылу лентасын сенатор Бибігүл Жексенбай мен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қиды. Кеңсе ішінде азаматтарды қабылдау үшін үш бөлме қарастырылған. Осы күннен бастап ол жерде заңгерлер жұмысын бастап жатыр.
Одан кейін журналистерге Конституциялық соттың сегіз айдағы қызметі туралы таныстырылым көрсетіліп, сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндады. Қазіргі күні қарапайым азаматтар түгілі, кейбір заңгерлердің өзі Конституциялық соттың былайғы соттардан айырмашылығын түсіне бермейтінін атап өткен ол ел тұрғындары бұл жерге қалай жүгінетіні туралы айтты.
«Бізге азаматтар «e-Otinish» жүйесі, ресми сайтта көрсетілген мекенжай бойынша Конституциялық соттың электронды поштасы, «Қазпошта» АҚ арқылы тапсырыс хатпен, елордамыздағы осы мекенжайымызға келіп жүгіне алады», деген төраға орынбасары азаматтардың өтініштері – 3 ай, ал басқа субъектілердің өтініштері –
1 ай, Президенттің өтініші 10 күн ішінде қаралатынын атап өтті.
«Конституциялық соттың шығарған шешімі түпкілікті болып саналады және оған ешкім шағым жасай алмайды. Оның шешімі – Ата Заңның күшіне тең шешім. Одан бөлек, шығарған шешімдеріміз уақытылы орындалуға тиіс. Яғни белгілі бір нормативтік-құқықтық акт Конституцияға сәйкес емес деп танылса, жауапты мемлекеттік органдар 6 айдың ішінде тиісті заң жобасын дайындап, оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге тиіс. Конституциялық соттың шешімдері барлық халыққа ашық, олар өзіміздің ресми сайтымызда, «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінде екі тілде жарияланып жатыр», деді Бақыт Нұрмұханов.
Кездесу барысында БАҚ басшылары да өз ұсыныстарын білдіріп, Конституциялық сотпен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін жасырмады. Мәселен, сенатор Бибігүл Жексенбай сот жұмысын кеңінен насихаттау мақсатында журналистер арасында байқау ұйымдастыруға болатынын, әсіресе аймақтық БАҚ-қа назар аудару қажеттігін, бұған «Бас редакторлар клубы» қолғабыс етуге әзір екенін айтса, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы адам өлтіру, зорлық-зомбылық қылмыстары үшін елімізде өте аз мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын, соны қатаңдату үшін қандай жұмыстар жүргізілетіні, сондай-ақ заңдардың мемлекеттік тілде жазылуы жайында сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. «Жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінде заң жазатын мамандар даярлау керек. Оларға мемлекеттік тілде заң жазу үйретілуі қажет. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі күні осыны түбегейлі қолға алып, амал қылмасақ, бұл мәселе әлі де талай жылға созылатын түрі бар. Ертең ащы сұрақ жаңа буын тарапынан қойылғанда, төмен қарап қалмасақ игі», деді Дихан Қамзабекұлы.