Алматыда өткен баспасөз мәслихатында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкерлері мен Қазақстан күрес федерациясының өкілдері балуандардың дайындығы турасында айтты.
Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко 60 келіде Айдос Сұлтанғали, 67 келіде Мерей Бекенов, 77 келі Азат Садықов, 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов, 97 келіде Сырлыбай Олжас, 130 келіде Әлімхан Сыздықовты Қытайда күрестірмек.
Әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев 50 келіде Светлана Анкичева, 53 келіде Марина Седнева, 57 келіде Эмма Тисина, 62 келі салмақта Ирина Кузнецова, 68 келіде Елена Шалыгина, 76 келі салмақта Жәмила Бақбергенова үмітті ақтайды деді. Еркін күрестен 57 келіде Рахат Қалжан, 65 келіде Мұхтар Санжар, 74 келіде Дархан Есенғали, 86 келі салмақта Азамат Дәулетбеков, 97 келіде Әлішер Ерғали, 125 келі салмақта Юсуп Батырмырзаев белдеседі. Бас бапкер Мадияр Құрамысов төрт жылда бір айналып соғатын жазғы Азия ойындарында осы жігіттерге үміт артып отыр.