Үкімет • 29 Тамыз, 2023

Әлихан Смайылов Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті

132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz  Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанның студенттер құрамасында 11 спорт түрінен: садақ ату, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таэквондо, оқ ату және ушу бойынша 90 спортшы қатысты. Нәтижесінде құрама команда жалпы медальдық есепте 119 елдің арасынан 20-шы орынды иеленді.

Үкіметтің ресми сайты

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының спортшыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Сіздерді – ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиададағы жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлемнің 119 елінің өрендері бақ сынаған байрақты бәсекеде жастарымыз 2 алтын, 7 күміс және 11 қола медальға ие болды. Студенттеріміздің бұл жетістігі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылады. Саңлақ спортшыларымыз мемлекетіміздің мерейін арттырып, абыройын асқақтатты. Біз оларды жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Дүбірлі додаға қатысқан жастардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындырып, Қазақ елін әлемге танытасыздар деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Көк байрағымыз биікте желбіреп, әнұранымыз әрдайым жеңіс тұғырынан шырқалсын!», делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз кезегінде Премьер-министр студент жастардан құралған қазақстандық атлеттер осы халықаралық жарыстарда өзін лайықты көрсеткенін атап өтті.

«Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Сіздер Қытайда еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Универсиада бұл тек жай ғана спорт емес, ең алдымен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен өзара жақындаса түсуге мүмкіндік беретін жастар алаңы екенін атап өтті. Бұл ретте әртүрлі елдердің азаматтарымен достық байланыс орнатудың маңызы ерекше.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бүгінгі таңда қазақстандық спорт жаңа есімдерге, яғни даңқты спортшылардың орнын басатын спортшыларға мұқтаж. Сондықтан да Универсиададағы бүгінгі жеңістер – бұл болашақтағы олимпиадалық жетістіктерге апаратын нақты қадам. 

«Үкімет атынан және жеке өз атымнан лайықты өнер көрсеткендеріңіз үшін барлық жаттықтырушылар мен жас спортшыларға, сондай-ақ ата-аналарыңызға алғыс айтамын. Біз сіздердің спорттағы жеңістеріңіз сыйлаған қуанышты сәттерге ризашылық білдіреміз. Сіздерден жаңа жетістіктер мен рекордтар күтеміз!», деп түйіндеді ол сөзін.

Премьер-министрмен кездесуге садақ атудан күміс жүлдегер Диана Тұрсынбек, оқ атудан күміс жүлдегер Никита Чирюкин, оқ атудан күміс және қола медальдар жеңіп алған жүлдегерлер командасы: Ислам Сәтпаев, Константин Малиновский және Никита Шахторин, дзюдодан қола медальдар жеңіп алған жүлдегерлер командасы: Сұңғат Жұбатқан, Асқар Нарқұлов пен Бекарыс Сәдуақас қатысты.

Сондай-ақ қатысушылар арасында таэквондодан қола жүлдегерлер Бексұлтан Мұсахан, Абдурахмон Марипов, Бейбарыс Қаблан және Шамсат Дүйсенов, ушудан қола жүлдегерлер Айкерім Төреханова және Бексұлтан Қоскенов, семсерлесуден қола жүлдегерлер Жанат Нәбиев, Назарбай Саттархан және Артем Саркисян болды.

Кездесу барысында бірнеше спортшы құттықтау сөз сөйледі. Өз кезегінде Сұңғат Жұбатқан Қазақстан қоржынын алтын медальмен толықтырғысы келгенін, алайда бұл жолы қола жүлдеге қол жеткізгенін атап өтті.

«Келесі жолы алтын аламыз деп үміттенемін. Қолдауларыңыз үшін көп рахмет. Еліміздің туы әрқашан жеңіс тұғырында желбіресін!», деді ол.

Назарбай Саттархан да қолдау үшін алғысын айтып, қазақстандық спортшылардың жоғары жетістіктерге баса назар аударып отырғанын атап өтті.

«Біз тоқтамаймыз және алда бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз», деді ол.

Үкімет

Үкімет

Кездесу барысында Үкімет басшысы ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.