Егемен Қазақстан • 29 Тамыз, 2023

«Хат қоржын»

99 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Әділетті қоғам құрудың кепілі

Былтыр 5 маусымда өткізілген жалпыхалықтық референдум нәтижесінде ел Конституциясына айтарлықтай өзгерістер мен түзетулер енгізілгені мәлім. Тіпті Ата Заңымыздың үштен бір бөлігі өзгеріске ұшырады десе де болады. Осы жерде баса айтып өтер мәселе, көпшілік енгізілген өзгерістер мен түзетулерді жылы қабылдады. Себеп те белгілі: халқымыздың көкейінде жаңарған Конституция негізінде жаңа, әділетті Қазақстан құрылса деген арман-тілек бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Консти­туция күнімен құттықтауында атап көрсеткендей, қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді барынша нығайту және қоғамымызды үйлесімді дамыту. Ал алда тұрған бұл міндеттерді орындауға еліміздің әрбір азаматы атсалысса, нұр үстіне нұр болмақ.

Әрине, жақын болашақта жүзеге асырамыз деп жоспарланып отырған ауқымды міндеттер үдесінен шығу үшін заң үстемдігі, әділдік, сондай-ақ жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын берік ұстануға тиіс екені айтпаса да түсінікті. Осы арада заң үстемдігі мен оның орындалуы, мем­лекетшілдік қағидаттары бірінші кезекке шығады. Олай болмаған жағ­дайда барлық міндет тек сөз жүзінде қалып қояды. Бұдан шығатын қоры­тынды, атқарушы билік пен қарапайым халық екі жақтап басталған ре­­фор­маларды іске асыруға заң үстемдігі мен әділеттілік негізінде белсене қа­­ты­сып, Отанымыздың әрі қарай да ілгерілей беруіне үлес қосуы керек.

Шағын ғана хатымның соңында жоғарыда айтқандарыма мына ұстанымымды қоса кетсем деймін: елі мен халқы үшін қолынан кел­генінің бәрін жасауды басты мақсаты етіп қойған Мемлекет басшысына баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жәрдем қо­лымызды созуға тиіспіз. Ал бірлігіміздің алғышарты – ұлтымыз бен нә­сілімізге, сенім-нанымымызға, басқа да ерекшеліктерімізге қарамай жұдырықтай жұмыла білу, біртұтастығымыздан ажырамау. Тарихи кезеңде тұрған Қазақ елін бірлік қана биікке көтере алады. Сонда ғана біз мерейлі мемлекеттер қатарына еркін қосыламыз.

 

Тұрсын КӨПЕЕВ,

запастағы полиция майоры

ҚАРАҒАНДЫ

 

 

Тұлғаны асқақтата берейік

Өткен ғасырдың ауыр жүгін арқалап, ұлт болмысының кемелденуіне соңғы демі таусылғанша қызмет еткен, жаңа мыңжылдықтың бастауын­да да өзінің қалыптасқан ұстанымынан бас тартпай, келешек жолында ерен еңбек сіңірген тұлғалардың бірі – халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза еді.

Шерағаңның кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған кезінде де публицистикалық мақалаларында ұлттық рух, тәуелсіздік, ұлт пен тіл тақырыптарын жиі-жиі қозғағанын көзіқарақты оқырман ұмыта қоймаса керек. Ал тәуелсіздік жылдарында рухани еркіндік пен ұлттық болмыс-бітім туралы сөз қозғап, тіл мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Халықтың мұң-мұқтажын да айналып өтпеді.

Жазушылығы өз алдына бір төбе көркемсөз шеберінің туған күні жақындап келеді. Көзі тірі болғанда биыл 91 жасқа толар еді ағамыз. Былтырғы мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Әсіресе өзі туып-өскен Әулиеата өңірінде түрлі іс-шара ұйымдастырылды.

Бірақ халық жазушысына деген құрмет мұнымен шектелмесе керек. Еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында бір-бір көшеге Ш.Мұртазаның есімі берілсе, несі айып? Сондай-ақ мектептерге аты бе­рілуін қос қолдап қолдайтындардың қатары қалың болатыны анық. Бұл үшін, әрине, өңірлік ономастика комиссияларына осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу керек.

Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін иеленген музей-үйлер ашылса деген де тілегіміз бар. Ал Тараз қаласының орталық көшелерінің бірінен не өзінің есімі берілетін көшенің бойынан болашақта еңселі ескерткіші бой көтерсе, аға рухы тіпті асқақтай түспес пе!

Хатымызды Шерағаңның мына сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмыз: «Тілсіз ел болмайды. Ана тілінен ажыраған ел – өзінің тарихынан, тамырынан айырылған ел. Тілінен ажыраған ел – ата-бабасының, әке-шешесінің атын ұмытқан ел. Ал ондайларды «мәңгүрт» дейді».

 

Боранбек ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

Махан ИЛАНБАЕВ,

Тараз қаласының тұрғындары

Жамбыл облысы

 

 

Ұстазын ардақтаған шәкірттер

Сәкен Шайкенов – Біржан сал ауданындағы Сәуле ауылының мектебінде 30 жыл алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінен үзіліссіз сабақ берген тәлімі мол, тәжірибесі зор ұлағатты ұстаз. Ол дайындаған оқушылар қай жарыста, турнирде болмасын өздерін тек жақсы жақтарынан көрсете білді. «Қазақ күресі» үйірмесінің жылдар бойғы нәтижелерінен кітап жазуға да болады. Шәкірттері ауданды былай қойғанда, облыс, республика көлемінде талай жарыстан жүлделі оралса, мұнда Сәкен Мұхтарұлының тер төге еткен еңбегі жатыр. Мектеп оқушылары әкелген мадақтамалар мен алғысхаттар, медальдар мен кубоктер ауылдағы әр үйден көптеп табылады.

С.Шайкенов білімін көтеру үшін жылма-жыл түрлі курстардан өтіп тұрады. Жоғары санатты мұғалім ретінде жас мұғалімдерге тәжірибесін бөлісуден де жалыққан емес. Шәкірттерімен қатар өзінің де көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ, мадақтамалары, алғысхаттары, баспасөзде жарияланған ол туралы мақалалар баршылық. Өзі 2014 жылы «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесі төралқасының шешімімен «Армия генералы С.Қ.Нұрмағанбетов» медалімен марапатталғанын әр кез мақтан тұтады.

Сәуле ауылының Шәрәпи Әлжанов атындағы мектебін тәмамдап, еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттері жиналып, жақында ғана зейнет жасына жеткен Сәкен мұғалімдеріне арналған облыстық турнир өткізді. Ауыл жанында ұйымдастырылған турнирде бүкіл облыстан келген балуандар күресіп, атбегілер аттарын жарыс­тырды. Жастар спорттық сайыстарын өткізіп, әншілер мен күйшілер  өнерлерін ортаға салды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар үлестіріліп, көпшілік арнайы дайындалған астан ауыз тиді.

Ұстаздарын қадірлеп, оның көп жылғы еңбегін бағалап, шәкірттік ризашылықтарын білдірген ауыл жастарының бұл ісі тек құптауға лайық.

 

Жамал СМАҒҰЛ,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Ақмола облысы