Қоғам • 30 Тамыз, 2023

Қазақстанда Конституциялық және саяси зерттеулер институты ашылды

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Maqsut Narikbayev University қабырғасында конституциялық құқық ғылыми мектебінің негізінде Конституциялық және саяси зерттеулер институты іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Конституциялық және саяси зерттеулер институты ашылды

Фото: Maqsut Narikbayev University баспасөз қызметі

Институттың мақсаты − университеттің жетекші конституционалист ғалымдарымен іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу, конституциялық құқық, мемлекеттік басқару және саясат, әрі осымен байланысты салалар бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қолданысқа енгізу.

Институт қызметінің негізгі бағыттары:

– конституциялық институттар, адам құқықтары, мемлекеттік саясат, басқару және онымен байланысты салалар бойынша зерттеулер жүргізу;

– конституциялық құқық, мемлекеттік басқару және саясат саласындағы ұлттық және халықаралық гранттық ғылыми жобалар конкурстарына қатысу;

– университет студенттері, магистранттары және докторанттарымен ғылыми-зерттеу жұмысының әртүрлі нысандарын ұйымдастыру, студенттердің арасында университет ішіндегі, ЖООаралық конкурстар, халықаралық конференциялар, training sessions және workshops өткізу;

– Public Policy / Public Administration бағдарламасын жүзеге асыру аясында білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және оқыту курстарын өткізуге қатысу;

– ұлттық және халықаралық ұйымдар және мамандармен, соның ішінде басқа мекемелерде құрылған мамандандырылған институттар және орталықтармен ынтымақтастықты нығайту.

Институт директоры Индира Оралқызының айтуынша, аталған институт еліміздегі конституциялық реформаны жүзеге асыру және дамыту мақсатында ашылған.

Әубәкірова Индира Оралқызы, заң ғылымдарының докторы, MNU Құқық мектебінің қауымдастырылған профессоры, саяси-құқықтық және жария құқық мәселелері бойынша 180-нен астам ғылыми еңбектің авторы. Қазақстанның құрметті заңгері. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің шақырылған профессоры. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі (2022), Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және техника жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі, ҚР ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі. «Болашақ» бағдарламасының түлегі (доктор дәрежесі).