Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Конституция күні қарсаңында институт базасында әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.
«Бүгін сіздер Қазақстан халқына және оның заңды түрде сайланған Президентіне адал қызмет етуге әскери ант қабылдағалы тұрсыздар. Әскери ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оқу бағдарламасын табысты игеріп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үлгілі әскери қызметшісі болуларыңызға шын тілектестігімді білдіремін. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел - құл болмайды» деген қанатты сөзін естен шығармай, Отанымыздың игілігі мен дамуы үшін аянбай қызмет етуге шақырамын», деген өңір басшысы жас Отан қорғаушыларға сәттілік тіледі.
Ұшқыштар институты – Орталық Азиядағы ұшу және инженерлік-техникалық құрамды бірлесіп оқытуды жүзеге асыратын жалғыз әскери оқу орны. Тәуелсіздік алғалы әскери институттан Қарулы күштер қатарына 2700-ден астам офицер қосылды.
Қазіргі уақытта оқу орны 13 біліктілік бойынша жоғары әскери-кәсіптік білім беру бағдарламасымен офицерлік кадрларды оқу процесіне заманауи авиациялық тренажерді енгізе отырып, әзірлеуде. 2021 жылдан бастап институт ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша мамандар даярлауды бастады.