Аймақтар • 31 Тамыз, 2023

Кентауда соғыс ардагері баспаналы болды

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Кентау қаласында Конституция мерекесіне орай, облыс әкімінің тапсырмасымен Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаевқа жаңа пәтердің кілті табысталғанын  хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Кентауда соғыс ардагері баспаналы болды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 98 жастағы майдангерді арнайы барып құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Елімізге бейбітшілік пен тыныштық сыйлаған ардагердің ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ардагерге құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа міндет. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Қазақстан Республикасының Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын», деді қала басшысы.

Өз кезегінде қарт майдангер, жас ұрпақтың бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін тілеп, қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасай берсін деп ақ баталы тілегін арнады.

1924 жылы дүниеге келген Бадан Төребаев 1944 жылы 15 қазанда шақыртумен әскерге аттанып, 4 ай әскери дайындықтан өткен соң, Белоруссиядан бастап Берлинге дейінгі қан майдандарда шайқасқан.

Майдангер ауыр шайқаста көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.

Түркістан

Елге 1950 жылы қарашада оралып, Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол қызметі зейнетке жеткізді. Ол 2 ұл, 3 қызынан 16 немере, 35 шөбере, 1 шөпшек сүйген бақытты ардагер.