Білім • 01 Қыркүйек, 2023

Жаңа оқу жылының жаңа сипаты

200 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Аңқыған жұпар гүлімен ұстаздарын бірінші қыр­күйек күнімен құттық­тауға асыққан оқушылар, бірін-бірі сағынысқан сы­ныптастар, әліппесін құ­шақтауға асық бал­дыр­ғандар, жоғары сы­ныпқа қадам басқанына қуанған жеткіншектер, ыс­­тық ұядағы соңғы оқу жы­лын өткізуге жүрегі лү­піл­деп жаныққан біті­рушілер, білім әлеміндегі үлкен өмірге қадам басқан сту­денттер – бәрі-бәрі жа­ңа білім, жарқын бо­лашақ іздеп оқу ордала­ры­на асығып барады. Өйт­кені бүгін – Білім күні!

Жаңа оқу жылының жаңа сипаты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Иә, күз түсіп, тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Жаңа оқу жылының жаңалығы қандай? Білім мерекесі күніне орай осы сұраққа жауап іздеп көрдік. Сонымен...

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім

Еліміздегі мектепке дейінгі тәр­бие мен оқыту саласына тікелей жауап­ты ұйым бар. Бұл – Оқу-ағарту минис­трлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институты. Осы ұйымның басшысы Манара Адамованың бізге берген дерегі бойынша, қазіргі таңда 1 млн-нан аса ба­ла балабақшаларда тәр­биеленіп жатыр. Оның 68,9 пайызы қазақ тілінде білім алады. Ал Оқу-ағарту министрлігіндегі Мектепке дейінгі білім беру депар­таментінің директоры На­талья Жұмаділдаева Қызыл­орда қаласында өткен Тамыз кеңесінің сессиясында сөйлеген сөзінде: «Президенттің сайла­уалды бағдарламасында бел­гі­ленген сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлт­тық жобасында және 2029 жылға дейінгі білім беруді да­мытудың тұжырымдамасында айқындалған», деді. Әрі алдағы жыл­дар­ға жоспарланған мін­деттердің маңыз­дысы ретінде мыналарды атап көрсетті: 2-6 жас­тағы балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамту, педагогтерді даярлау сапасын көте­ру, маман­дардың біліктілігін арттыру, тәр­биешілердің еңбекақысын кө­бей­ту, үздік педагогикалық тә­жірибені жинақтау және тарату.

 

Орта білім беру

Білім беру жүйесі­нің бұл бағытына келсек, кейінгі аптада көп айтылған жаңалықтың бірі – оқу жы­лының бұрын­ғыдай 25 мамырда аяқта­латыны болса керек. Қайта жазбақ ниетіміз жоқ, тек осы ретте ата-аналар мен педа­гог­тер ара­сында «Қайтадан 6 күн­­­­дік оқу аптасы­на көшеміз бе?» деген орынды сұрақ туындап жатыр. Бұл сауалға Оқу-ағарту ми­нистрлігі Орта бі­лім комитетінің төр­ағасы Қаныбек Жұма­шев жауап берді.

сми

– Оқу жылының ұзақтығы бұрынғы қалпына келуіне байланысты түбегейлі өзгерістер болмайды. Жұмыс аптасының ұзақтығы бес күн болып қалады. Мектеп­тер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №153 бұйрығын басшылыққа алуға тиіс. Барлық білім беру ұйымы бұрынғыдай штаттық тәртіпте жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының әкімшілігі сабақ кестесін, күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей өздері жауапты. Қазіргі уақытта оқу жылының ұзақтығы туралы бұйрық келісуге жолданды. Алда бекітіледі. Осы бұйрықта 34 апталық оқу жылы 1 қыркүйектен бас­талып, 25 мамырда аяқталатыны нақты көрсетілген, – деді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліме­тін­ше, мұғалімдерді алдағы уақытта жұмысқа Ұлттық білім беру деректер қо­ры арқылы қабылдау жүйесін толы­ғы­мен автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл мұғалім ісіне ең жақсы, ең мықты, жауапты мамандарды тарту үшін жасалатын және мектептерде жұмысқа орналасу кезіндегі сыбайлас жемқорлықты барынша жоюға бағытталған тиісті жағдай­лардың бірі болмақ.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылындағы жаңалықтар мен міндеттер жайлы айтылған дәстүрлі пе­да­­гог­­тер конференциясындағы сөзінде ор­та білімге қатысты да біршама ой айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырма­ла­рын іске асыру шеңберінде инфрақұ­ры­лымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, әрі қарай да жалғасады. Айталық, биыл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту үшін 132 мың орындық 154 мектеп салынады. Ал келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп іске қосылады. Аудандық және ауылдық мектептерді жаңғырту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, былтыр 1 003 мектеп салынса, биыл 1 000 оқу орда­сы жаңғыртылмақ. Егер 2022 жы­лы мек­тептерге 1 200-ден астам физика, химия, биология, STEM пәндік кабинет­тері жасақталса, биыл 1 700 кабинет жаб­дық­талады. Осы жылдан бастап минис­тр­лік барлық өңірдің әкімдерімен Мем­лекет басшысының тапсырмала­рын және басқа да стратегиялық бағ­дар­­лама­лық құжаттарды нақты іске асыруға бағыт­талған Өңірлерді дамыту жөніндегі жол карталарын жасасты, – деді министр.

Сала басшысының айтуына қараған­да, жаңа оқу жылында рес­пуб­лика бойынша 2,9 млн баланы (81,1%) қо­сымша біліммен қамту жос­пар­лан­ған. Осыған орай биыл Аста­на қала­сында жеке инвестициялар есебі­нен «Sana» жаңа буын орталығы (инно­вациялық орталық) ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша білім беруге пайдаланылатын ғимараттарда құрылыс жүргізіліп, Қостанай, Маңғыстау, Пав­лодар облыстарында және Алматы, Шым­кент қа­лаларында 6 Оқушылар сарайы салынып жатыр.

– Биыл алғаш рет мектептегі тәрбие бағдарламасына Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің оқу дәрістері енгізіледі. Аталған күштік құрылымдардың қызметкерлері өз тәжіри­белерімен бөліседі. Біз оқу сауат­ты­лығының рөлін күшейтуге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітап арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. Қазір білім беру ұйымдарындағы көркем әдебиет қоры 3,7 млн данаға ұлғайды, – деді Ғ.Бейсембаев.

 

Кәсіптік-техникалық білім беру

Оқу-ағарту министрлігінің мәліме­тіне сүйенсек, былтырғы оқу жылында 517,3 мың жас 772 колледжде оқыды. Мем­лекеттік тапсырыстың 60%-ы тех­ни­ка­лық мамандықтарға (металлур­гия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағдарланған. Екі жыл қатарынан жұмысқа орналасу мін­­деттемесімен, мақсатты тапсырыс бойынша 10 мың студент оқуға қа­былданып келеді. Колледждер ака­де­мия­лық дербестік аясында білім беру бағдарламаларының мазмұнын, бәсе­кеге қабілетті мамандарды даярлау үшін оқыту мерзімдерін бекіте алады. Студенттерге еңбек нарығына шығу үшін 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік беріліп отыр.

Ал министр Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, инженерлік-педагогикалық қызметкерлерді ынталандыру мақса­тын­да басшыларға және олардың орын­басар­ларына біліктілік санаты үшін лауа­зымдық жалақыны 30%-дан 100%-ға дейін көтеру көзделген. Алдағы оқу жылында колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасады. Кәсіп­орындардың колледж­дерге қам­қор­лығы шеңберінде 498 кә­сіп­орын кадрларды даярлауға, кол­лед­ж­дерді бас­қаруға, зертханалық жабдықтармен жабдықтауға, студент­­терді өндірістік практикаға, ал педа­гог­терді тағылым­дамаға қабылдауға қаты­су үшін 410 колледж­бен шартқа, меморандумға қол қойды. 547 қамқоршылық және 693 ин­дустриялық кеңестің жұмыс істеуі колледждерді басқару және білім беру бағдарламаларын әзірлеу үдерісіне қа­тысуға мүмкіндік береді. Колледж сту­дент­­терін ынталандыру мақсатында биыл­­ғы қыркүйектен бастап стипендияны кезең-кезеңімен екі есе ұлғайту көзделген.

 

Жоғары білім және ғылым

Жоғары оқу орындарының студент­тері, оқыту­шылары, университеттер мен ғылы­ми институттардағы ғалымдар, зерттеу­шілер үшін де жаңа академиялық жыл басталды. Ал Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек келесі ака­де­миялық оқу жылынан бастап ел университет­терінің студенттеріне жасанды интеллект сауаттылығы курсы өткізілуі мүмкін екенін айтты.

– Жақында Америкадағы IBM (ақпа­рат­тық технологиялар) компаниясы еңбек нарығына жасанды интеллектінің әсерін зерттеп, үлкен қорытынды есебін жариялады. Сол зерттеудің есебіне сүйенсек, жасанды интеллект саласын игергендер болашақта оны үйренгісі келмеген, меңгермеген мамандардың еңбек нарығындағы орнын алып қоя­ды. Сондықтан біз «Google» компания­сымен бірлесіп, жасанды интеллект сауаттылығы курсын пысықтап жатыр­мыз. Алдағы айдың соңында Нью-Йорк­ке барып, келісімшартқа қол қоямыз. Келесі оқу жылынан бастап мүмкін келесі күнтізбелік жылдың ішінде осы жұмысты аяқтасақ, бүкіл жоғары оқу орындарының студенттеріне міндетті түрде жасанды интеллект сауаттылығы курсы беріледі, – деді С.Нұрбек.

Ведомство басшысының баяндауын­ша, Президенттің тапсырмасымен 4 ше­телдік университеттің филиалы ашыл­ды. Осы жылы тағы екі филиал ашыл­мақ. Ендігі бір маңызды жаңалық жоға­ры білімнің қолжетімдігіне байланысты болып тұр. С.Нұрбекің айтуынша, елдегі, әлемдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Бұл болашақта жоғары білімге сұранысты арттыратыны сөзсіз, ал грант бәріне бір­дей жете бермейді. Грант санын жыл сайын арттыра беруді мемлекеттің бюд­жеті көтермейді. Сол себепті келесі жыл­дан бастап «Келешек» бірыңғай жинақ­таушы жүйесі іске қосылады.

– 1 айлық есептік көрсеткішті, қазіргі көрсеткішпен 3 450 теңгені ай сайын отбасы, яғни ата-аналар осы жинақтаушы жүйеге салып тұрса, оған мемлекеттік сыйақылар беріліп, бала 17-18 жасқа жет­кенде 7,5 млн теңге жинақтауға бо­ла­ды екен. Оның үстіне өздеріңіз біле­тін­дей, Президентіміз Ұлттық қор­дан әр балаға шот ашып, кәмелеттік жасқа дейін қаржы құйып отыруды тап­сыр­ған. Сөйтіп, осы екі қайнардан жи­нал­ған ақша баланың жоғары білім алуы­на жеткілікті болады. Бұл – өте үлкен реформа. Осыны келесі жылдан біртін­деп бастаймыз. Мұндай жүйе ата-ана­лар­ға мемлекеттен кепілдендірілген сенім­ді шот ашуға, қоғамда баланың болашағына инвестиция құю мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайды, – деді С.Нұрбек.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде жаңа бір университет ашу туралы Үкі­меттің қаулысы шықты. Жақында ведомство өкілдері Канадаға барып қайтқан еді. Бірнеше канадалық жоғары оқу орны қызығушылық танытып отыр. Мықты консорциум құрылып, нәтижесінде Ұлытауда жаңа инженерлік-техникалық университет ашылатын болды.

– Осыған дейін «Coursera» платформасына кіруге мүмкіндік алдық. Енді осы платформамен жұмыстың екінші деңгейіне өтеміз. Жаңа жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамы білімін жетілдіреді. Біз университеттік ғылымды дамытуға мейлінше күш салуы­мыз керек. Президенттің тапсырмасына сәйкес жылына 500 жас ғалымды шетелдің үздік ғылыми-зерттеу ұйымдарында тағылымдамадан өткізу жоспарланған. Бірақ аталған жұмыс әлі де баяу. Сондықтан ректорлардан осы академиялық оқу жылында ма­ман­дарды ұстамай, көбірек жіберуді сұ­рай­мыз. Жақсы маманға байлаулы екендеріңізді білеміз, түсінеміз. Алай­да олар бұрынғыдан көбірек білім мен тәжірибе жинап келуі үшін аз уақыт­қа жіберуге де тиіспіз. Айтпақшы, осы оқу жылы ғалымдарды қолдау­дың әлеуметтік пакеті ұйымдасты­рыла­ды. Бұған қатысты қаржылық мәсе­ле­лер шешіліп, келісілді. Алда толы­ғырақ айтамыз, – деді сала басшысы.