Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Марат Бәшімов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен Ассамблея мүшелері қатысты.
– Осыдан 28 жыл бұрын отандастарымыз жаңа Конституцияға дауыс беріп, тарихи таңдау жасады. Бүгінде еліміз демократиялық, зайырлы, өркениетті қоғамды дамыту жолында өз бағытын берік ұстанып келеді. Конституция еліміздің егемендігін, билік пен қоғамның демократиялық қағидаттарын бекітіп, қоғам өмірінің түрлі саласында табысты өзгеріс жасауға бағдар болды. Еліміздің Ата Заңы – әр отандасымыздың барша жетістігінің негізі, тең құқығы мен мүмкіндігінің кепілі. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі өткен жылғы жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті, айрықша саяси мәнге ие болды, – деді құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов те еліміздің Ата Заңы Әділетті Қазақстанның жетістігінің берік кепіліне айналғанын, тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырып жатқанымызды атап өтті. Бұдан кейін сөз алған Батыс Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Омарғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Құқықтық пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов, заң ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Мереке Ғабдуәлиев, тағы басқалар ой-пікірлерін ортаға салды.
Осы күні облыстың қоғамдық өмірінің әр саласында үздік еңбек етіп, көзге түскен бір топ азамат облыс әкімінің Алғысхатына ие болды. Олардың қатарында Ақжайық аудандық соты әкімшісінің бас маманы Айнұр Темірханова, Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының басшысы Альберт Бекмұханов, облыстың Әділет департаменті құқықтық түсіндіру және халыққа заң қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айнұр Ғұмарова, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Бибігүл Шанаева, Орал қаласы прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Әзиз Нияров, Теректі аудандық полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Дулат Аққайдаров, Теректі аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істер жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Нұрхат Досқалиев, «БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының аға диспетчері Асқар Бисақов сынды мемлекеттік қызметшілер бар.
Конституция егемендігімізді, билік пен қоғам құрылымының демократиялық қағидаттарын нығайтып қана қоймай, болашақ табыстар мен алға қойылған мақсаттарды шешудің алтын діңгегі екені сөзсіз.
Батыс Қазақстан облысы