Орталық Азиядағы ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрамды дайындайтын жалғыз оқу орнында Конституция күні қарсаңында әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.
«Сіздер бүгін Қазақстан халқына және оның заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге ант қабылдап жатырсыздар. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Оқу бағдарламасын сәтті игеріп, еліміздің Қарулы Күштерінің үлгілі әскери қызметкері болуларыңызға тілектеспін! «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген батыр Бауыржан Момышұлының сөзін басшылыққа алыңыздар. Отан үшін жанқиярлықпен қызмет етіңіздер», деді өңір басшысы.
Оқу орнына түсіп жатқан жас курсанттар еліміздің әр түкпірінен келген. Солардың бірі Тараз қаласының тумасы Нұрасыл Құрман жастайынан ұшқыш болуды армандағанын айтады. «Туыстарымның ішінде әскери адамдар бар. Өзім де жастайымнан ұшқыш болғым келді. Оқуға түсу оңай болған жоқ. Бірақ 40 күндік іріктеуден сүрінбей өттім. Мамандығым – жауынгерлік басқару офицері. Ұшақтарды басқарамын», дейді ол.
Тәуелсіздік алғалы бері әскери институт 2 700 офицер даярлап шығарды. Қазіргі күні оқу орны заманауи авиациялық құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жоғары білікті авиация мамандарын даярлап келеді. 2021 жылдан бері институтта ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқаратын мамандар даярлау басталды.