Экономика • 01 Қыркүйек, 2023

KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын институтқа айналады

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын институтқа айналады

«Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн. Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ», деді Президент.

Осы орайда ол KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналатынын айтты. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет беріледі.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек екенін айтты. Басты назар облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударылады.

«Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды», деді Қ.Тоқаев.