Балалар • 01 Қыркүйек, 2023

Президент балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтуді талап етті

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан жас ұрпақтың Қазақстанда қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруі барынша қамтамасыз етілуі тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтуді талап етті

Фото: UNICEF/Valera Kaliev

«Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты», деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауы барысында.

Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі екені белгілі. Ел азаматтарының орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар.

«Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», деді Қазақстан Президенті.

Жиын барысында Президент кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», деп қадап айтты Президент.