Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2023

Биыл Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 158 адам қабылданды

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023-2024 жаңа оқу жылында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға 158 адам қабылданды. Олардың басым бөлігі – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мемлекеттік қызметшілер, деп жазады Egemen.kz Академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 158 адам қабылданды

Бүгін Академияда Білім күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Ректор Ерлан Әбіл профессорлық-оқытушылық құрамды, оқуға келген магистранттар мен докторанттарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ «Өңірлік даму» және «Мемлекеттік басқару» бағдарламасының модульдік бағыты бойынша білім алған 24 түлегіне диплом табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

«Жаңа 2023-2024 оқу жылында Академияның алға қойған үлкен талаптары мен міндеттері бар. Ең алдымен, профессорлық-оқытушылық құрамның сапасы маңызды. Академия ұжымы бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандармен толықтырылды. Жалпы, жаңа оқу жылында білім алуға 158 үміткер қабылданды. Олардың 2/3 бөлігі өңірлерден білімі мен құзіреттерін шыңдауға келді. Оқуға түскен азаматтардың қатарында үш Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі бар. Бұл – Академияға деген үлкен сенімнің көрсеткіші», деді ректор.

го

Оқуға түскендердің ішінде 132 адам мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, 26 адам ақылы негізде білім алады. Оқуға қабылданғандардың ішінде 81 адам (61,0%) басшылық қызметте, 51 адам (39,0%) орындаушы маман болып жұмыс істейді. Магистранттардың орташа жасы – 35,5, докторанттар – 40 жас.

Академия ректоры Ерлан Әбіл оқуға келген магистранттар мен докторанттарға зор үміт артатынын атап өтті.

«Алдағы оқу жылында сіздерден күтетініміз – мемлекеттік қызметтегі маңызды салалар бойынша зерттеу жүргізіп, жергілікті және мемлекеттік органдарда, пікірталас алаңдарында эксперттік сараптама жүргізу қабілетін арттыру, мемлекеттік басқарудағы өзекті мәселелерге сыни-талдау жасау, сапалы аналитикалық жазбалармен қамтамасыз ету. Академияға оқуға, үйренуге деген ынта-жігермен, жаңашыл көзқараспен келдіңіздер деген сенімдемін. Академия өз кезегінде сіздерге тиімді шарттарын ұсынуға дайын. Жаңа оқу жылы барлығымыз үшін табысты, жетістікке толы жыл болсын», деді ол.

2023-2024 оқу жылының ресми ашылу салтанаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаумен жалғасын тапты.