Пікір • 04 Қыркүйек, 2023

Халықтың тілеуі – әділеттілік

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін айрықша атап өтті. Мен заңгер ретінде Президенттің бұл ойын құптаймын және бүгінгі таңда аталған мәселе шешімін күтіп тұр деп санаймын.

Халықтың тілеуі –  әділеттілік

Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керектігін, сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе екенін атап өтті. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін, ол үшін бірың­ғай сенім телефонын ұйымдастырып, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеген дұрыс деген бастама көтерді.

Енді осы бастамаларға аймақтардағы әкімдердің, салалар бойынша министр­ліктердің жауапкершілігін қатаңдату керек. Әрбір лауазымды тұлға өзіне қарасты аумақтағы немесе саладағы заң бұзушылықтарға, қылмыстарға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жауапкершілігін толық сезінсе, адам құқығын таптайтын әрекеттерге жол берілмес еді. Бұған дейін «орынбасары жемқорлық жасаса, басшы орнын босатуы керек» деп айтылды. Алайда ол орындалып жүрген жоқ, басшылар орындарында отыра береді. Мен сол талапты күшейту керек деп есептеймін. Өйткені бұл әділеттілікке толық сәйкес келеді.

Жолдауда Президент заңсыз иемденіл­ген активтерді қайтару туралы тағы да айтты. Бұл бағытта қазір заң қабыл­данды, жұмыс басталды. Халық әді­леттілікті күтіп отыр. Заңсыз жекемен­шікке өтіп кет­кен және шетелге шы­ғарылған активтер мемлекет менші­гіне қайтарылып, одан түскен қаржы елдің әл-ауқатын көтеруге жұмсалып, мемлекет мүддесіне жұмыс істеуі керек. Бұл – Президентіміздің тікелей бақылауындағы шаруа. Ел күткендей нәтиже боларына сеніммен қараймыз.

 

Марат БӘШІМОВ,

Мәжіліс депутаты