«Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет. Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс», деді осы жолы Мемлекет басшысы.
Расында қазіргі геосаяси жағдай мен тарихи туындаған мүмкіндікті Үкіметіміз сәтті пайдалана білсе, Қазақстан көлік-логистика державасына айналуына мол мүмкіндігі бар. Оған күмәніміз болмауға тиіс. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Сиань құрғақ портында отандық логистикалық орталық құрылысының онлайн іске қосу рәсіміне қатысқаны белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың да назарын аударды.
«Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» теміржолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда теміржол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор», деген еді Президент.
Осынау халықаралық маңызы бар ауқымды жұмыстарды ойдағыдай іске асыру үшінде Көлік министрлігін қайта құруды ұсынды. Енді атқарушы билік осы бағыттағы істің көзін тапса, үкіленген үміт толық ақталады деп ойлаймын.
Бахадыр ҚАРСЫБЕКҰЛЫ,
кәсіпкер