Қоғам • 04 Қыркүйек, 2023

Түйткілдің түбіне бойласақ...

89 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2020 жылы жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда Мемлекет басшысы кәсіби білім берудің маңызына тоқталып: «Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн», деген еді. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет жастарды кәсіби білімге ынталандыру мақсатында қаражатты үйіп-төгіп бөлді. Осы бағытта білім алғысы келетін жас буын мемлекеттік грантпен тегін оқытып, жатақханамен тегін қамтамасыз етіліп, шәкіртақы да алып тұратын болды.

Түйткілдің түбіне бойласақ...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал көші-қон мәселесіне бай­­ланысты Президент 2022 жыл­ғы «Әділетті мемле­кет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» ат­ты Жолдауында: «Қандас­тар­дың көшіп келуіне және іш­кі көші-қонға қатысты сая­сат түбегейлі өзгереді. Бұл орай­да демографиялық және эконо­ми­калық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», деген еді. Осыдан кейін қандастардың көшіп келуі мен елде тұрақтануына барлық жағдай жасала бастады. Өткен жылдың аяғында жарияланған Үкіметтің қаулысымен елдің көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы бекітілді. Құжатта жұмыс күші ар­тық өңірлердің тұрғындары мен қандас­тардың жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыру да қарас­тырылған. Бағдарлама ауылды жердің білім саласына қаражат құйғанда ашылған жұмыс орындарына әсіресе, шетелден келген және «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасымен қоныс аударған қандастардың келген жеріне тұрақтанып, кәсіби білім алуымен қатар нәпақасын табатын жұмыс орнымен қам­тылуын басты назарға алды.

Ал 2021 жылғы Жолдауында Прези­дент: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың ба­сым бағытының бірі болып қа­ла береді» деді. Ал оған дейін мем­лекеттік және жергілікті ат­қа­­рушы органдар іске асыруға жауапты «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға ар­налған бағдарламасы» да қа­был­данды. Бұл міндеттер жоға­рыда біз атап өткен құжаттармен үйлестіріліп отыруы керек. Бірақ осы міндеттер жергілікті жерлерде қалай атқарылып жатыр? Осы сұраққа жауапты бір оқу орнының мысалында беріп көрейік.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы Айыртау ауданы­ның Лоба­нов ауылында «Зейнеп» көпбейінді колледжі ашылды. Лобанов ауылы – негізінен өз­ге этнос өкілдері қоныстанған, бұ­рын казактардың стансасы болған «Имантау-Шалқар» ту­рис­тік-курорттық аймағына жататын Көкше өңірінің құнарлы мекені. Бұрынғы Айыртау ауыл шаруашылығы техникумының, кейін Лобанов кәсіптік-техника­лық колледжі болған оқу орнының ғимараттарын алып, «Зейнепті» ашқан белгілі сая­саткер – осы елдің тумасы, қазір Алматы Ме­неджмент университетінің пре­зиденті Асылбек Қожахметов. Колледждің «Зейнеп» аталғаны оның анасының есімімен байланысты екен.

Мемлекеттің оқу-білім сала­сын­дағы талабын, Үкіметтің қа­рас­тыратын жеңіл­діктері мен қолдауларын жетік біліп, оны оңтайлы пайдаланған азамат колледждің ғимараттарын жөндеуге 405 миллион теңге инвестиция құйды деп жарияланды. Сонымен бірге алғашқы жылдың өзінде 100 мемлекеттік грант алынғаны айтылды. Сту­дент­тердің жатақханасы да, үш мезгіл тамағы да тегін, оның үстіне 31 мың теңгеден шәкіртақы да – бәрі мемлекет есебінен. Ал мем­лекет бұл қаражатты тек ма­мандық дайындау ғана емес, оқу-үйрету үдерісі барысын­да жаңа жұмыс орындарын ашып, оған көбіне көшіп келушілерді жұмысқа орналастыруды, мемлекеттік тілді дамытудың мәселелерін де қарастыру қажеттігін есепке алып бөледі. Жетік жарнамалық хабарламалардың арқасында колледжге алғашқы жылдың өзінде 5 облыстан оқуға ниет білдіргендер көп келген. Артынан олардың санын 500-ге жеткіземіз деп жарияланды. Колледж ашылған алғашқы жылдың өзінде 28 адам жұмыспен қамтылды. Жұ­мысқа алынғандардың арасында осы ауылға қоныстанған қандас­та­рымыз да бар. Болашақта жұмыс орнын 70-ке дейін арттырамыз деген әңгіме де болды. Бәрі тамаша екен деуге болады...

Бірақ басында механизатор сияқты ауыл шаруашылығының мамандары дайындалады дегені­мен оқу орнының сайтында ту­ризм, ІТ, қонақүй сервисі, веб-дизайнер сияқты маман бо­ла аласыздар деген жарнама ғана бар. Тек орыс тілінде жа­салған жарнамалық сайт жоғары деңгейде жасалған. Мемлекеттік талапқа сай жұмыс істеп тұрса да оқу орнынан биыл дау шықты. Бұл дау колледжге төртінші ди­рек­тор болып келген Олжас Сар­таевтың есімімен байланысты.

Мемлекеттен грант, шәкірт­ақы және басқа да қолдау көмек­терін алып тұрып директор оның саясатын жүргізуде сал­қын­­қандылық танытып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді дамыту мен көшіп келген қандас­тарды қолдауға құлықсыз. Білім ошағында бұрыннан жұмыс істеп жүрген қандастар – Кен­жегүл Нұрсейітова, Алма Шегенова, Нұр­­жамал Хавдайханды себеп­сіз жұ­мыс­тан шығарып, орнына жергілікті, орыстілді тұрғын­дарды алғаны, қазақ тілін оқып-үйретуді, тілді дамыту бойынша түрлі іс-шара ұйымдастырып жүрген орынбасарды да басқа жұмысқа ауыстырғаны – осы­ның айғағы. Бізге жазған хатын­да Нұржамал Хавдайхан: «Мен Айыртау ауданындағы Лоба­нов ауылы тұрғынымын. Монғо­лиядан көшіп келген оралман­мын. Қазақ тілінің, өз ана тілім­нің қор болғанын елім деп Қазақ­станға келгенде көремін деп ойламаппын. Өзге ұлттар, мемлекеттер өз тілін, әдет-ғұрпын бірінші орынға қояды. Ал бізде екі қазақ тұрып үшінші қазақ аудармашы болатын заманға жетіппіз. Бұл не масқара?! Бұдан асқан қорлық бар ма?!» дейді.

Хатта 53 жастағы Нұржамал Хавдай­хан өзінің 6 баланың анасы екенін, күйеуі былтыр ая­ғын сындырып, жарымжан болып, жұмыссыз жүргенін, студент балалары төлейтін не­сиесі де барын айтады. Ол «Зей­неп» колледжіне 2002 жылдың 1 қыркүйегінде бір жылдық шарт­­қа қол қойып, еден жуу­шы болып жұмысқа кірген екен. Соған қарамастан биыл шіл­денің аяғында еш себепсіз жұ­мыс­тан шығарылғанын былай баяндайды: «Шілденің 27-сі күні қарауыл Берік «Директор шақырып жатыр» деген соң кабинетіне бардым. Барғанда директор «Сіз жұмыстан босатыласыз», деді. «Не себепті?» деп едім, «Команда» деді. «Сонда команда деген не сөз?» десем «Сіз не орысша білмейсіз бе?» деп сұрады. «Иә», деп едім, Берікке қарап «Аударып бер» деп, аударма жасатты. Үш қазақ отырып осылайша аудармашы арқылы сөйлестік. Не мазақ десеңізші...»

Дәл осындай жайт вахтер болып істеген Өзбекстаннан келген қандас Кенжегүл Нұрсейітованың да басынан өткен. Оны да еш себепсіз еңбек шартының мерзімі аяқталмай жатып, жұмыстан шығарып жіберген. «Маған айтқан себебі «қысқартылдыңыз» деді. Бірақ орныма басқа адам алды. Бұрын ешқандай сөгіс, ескерту алып көрген жоқпын, айтқан тапсырмаларының бәрін бұлжытпай орындап жүрдік, оқушы балалардың төсек жап­қыштарын да ауыстырып, жуып беруді де қосымша атқардық. Демалыстан келсем еш себеп­сіз жұмыстан шығарды», дейді ол.

Мұны қалай түсінуге болады? Бұл сонда колледж дирек­торының мемлекет саясатына қарсы шыққаны ма? Қарсы шықпаса, қызмет орнында жоғарыда айтқан қандастарды неге еш себепсіз жұмыстан шығарады? Мемлекеттік тілді дамытуға күш салып жүрген маманды қолдаудың орнына кетуге мәжбүрлегені қалай?

Бұл жерде алдымен «Еңбек туралы» заңның да талаптары бұзылып тұр. Еңбек шартының мерзімі бітпей адамды еш себепсіз жұмыстан босатуға, шарт­ты біржақты бұзуға болмайды. Осы мәселелердің мәнісін білмек болып ауылдық округтің әкімі Екпін Шәй­гөзевке хабарластық. Әкім бұл мәселені білетінін айтты. «Олжас Сартаевқа арнайы жолығып, адамдарды жұмыстан неге шығарғанын сұрадым. Бірақ ешқандай мардымды жауап ала алмадым. Адамды жұмыстан шығаруға, еңбек шартын бұзуға бір себеп болуы керек. «Бұл қызметкерлерге бұрын ескерту жасалып па еді, сөгіс беріліп пе еді?» дегенімде ондайлардың болмағанын айтты. «Ендеше, неге жұмыстан шығардыңыз?» десем, ешқандай жауап бермеді. Заңсыз жұмыстан шығарылғандар сотқа беріп, өздерін қайта орналастыруды талап етуі керек», деді ол.

Біз Олжас Сартаевқа да ха­барластық. Сыныққа сылтау іздеп телефон арқы­лы жауап бермейтінін айтты. 280 шақырым жүріп барғанмен оның бізге де мардымды жауап бермесі белгілі. ХХІ ғасырда қандай жерден болса да ұтқыр байланыспен хабар алынатынын білмегенсіп сөйлегеніне қарағанда, бұл кісінің халықты әуре-сарсаңға салуға құштарлығы сезіліп тұр.

Әрине, жұмыстан жазықсыз шыға­рыл­ған­дар сот арқылы құқықтарын қалпына келтірер. Бірақ оның қаншама әуре-сарсаңмен болатынын, ондайға кейбір ауыл адамдарының төзімі жет­пейтінін, уақыты жоқтығын Сартаев сезіп тұр. Сондықтан да өзін емін-еркін ұстайды.

Бұл жерде тағы бір маңызды түйт­кіл бар. Жас басшы орыс тілін білетін­дермен қызметтес болуға құмар. Бұл оның мемле­кеттік тілді құрметтей қоймай­тындығын да айғақтайды. Жоға­рыда айтқан Нұржамал Хавдайхан өзінің орысшаны шала білетіндігін, бірақ айтқанды толық түсінетіндігін айтты. Еден жуушыға орыс тілін білудің қажеті де жоқ емес пе, алайда Сартаевтың өзі қазақшаны бір кісідей білсе де қандасымызды тұқыртқысы келіп, аудармашы арқылы сөйлескені де ана тілін менсінбейтіндігінен хабар беріп тұр. Осыдан-ақ оның өзі басқаратын оқу орнын­да мемлекеттік тілдің дамуына, оның қолданыс аясын арт­тыруға құлқы жоқ екенін анық аңғартады. Көші-қон, мемле­кеттік тілді дамыту сияқты маңыз­ды бағыттарда мемлекеттік сая­саттың толық іске аспай, бөлін­ген қаражаттың желге ұшуын­а осындай басшылар себеп болып жүргенін осыдан-ақ көруге болады. Өкінішке қа­рай, мұндай жайттар ауылдық жерлерде аз емес. Сондықтан Үкіметтен қанша қолдау болса да мемлекеттік саясаттың іске асуына қолбайлау болып жүрген осындай басшыларға тиісті органдар көңіл аударуы керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Айыртау ауданы