Білім • 04 Қыркүйек, 2023

Хиджаб – дәстүрлі қазақ қоғамында жоқ киім

706 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мектепте хиджаб киюге рұқсат беру мәселесі жылда дау туғызады. Екіге жарылған қоғам. Бірі қолдайды, бірі қарсы. Қолдайтындар «бұл біздің құқығымыз, зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен, хиджабқа рұқсат берілсін» дейді. Қарсы тарап мектеп «білім беретін мекемеге дінді араластыруға болмайды» дейді. Осы орайда мамандардың пікіріне зер салайық.

Хиджаб – дәстүрлі қазақ қоғамында жоқ киім

Талғат ЖАҚИЯНОВ,

әлеуметтанушы:

– Бұл тақырып бірнеше жыл бойы қызу талқыланады. Алайда дау-да­майдың шарықтау шегі жылда тамыз айына келеді. Ақпараттық кеңіс­тіктегі дауды қарап отырсақ, азаматтар екіге жарылған: қолдайтындар және қолдамайтындар. Екі тараптың да айтатыны құқықтық түсіндірме. «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасайды. Алайда біріншіден, мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден (оқыту+тәрбиелеу+дамыту) басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – эгалитарлық функция. Эгалитаризация теңдестіру дегенді білдіреді. Яғни мектеп әртүрлі ортадан/отбасынан келген балалар үшін (жасанды болса да) бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қажетті жағымды психологиялық-педагогикалық атмосфера жасау міндеті де артылған. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті андеграунд) тап бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материалдық жағдайы, ең алдымен, сыртқы келбеттерінен көрініс береді. Өзім де бірнеше жыл мектепте жұмыс істедім. Бұл мәселені іштен білемін. Балалардың бірінің қымбат, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңістігінде түрлі мәселе туғызады. Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгі­лерімен бас қатырмай, білім алуы керек.

Қазіргі хиджаб мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсыл­мандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сондықтан рұқсат беру керек» деген пікірлерді алға тартады. Алайда жағдай олай емес. Бірнеше жыл бойында қызмет бабымен барлық өңірді, түрлі елді мекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтарым, бұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар. Бізде 18 конфессия (діни бағыт) ресми тіркелген бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджабқа рұқсат беру осы ағымдардың көбінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең.

 

Ғалияш МАХАШЕВА,

психолог:

– Оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берілетін болса, оқушының құқығы қорғалмайды, ата-ананың қалауы орындалады. Мектеп жасындағы бала саналы түрде дінді түсініп, құдай деген ұғымды толық танымайды. Олар ата-ананың еркінде болады, яғни әке-шешесінің дінінде өмір сүреді. Ол құдайды тек ата-анасы арқылы таниды. Сондықтан мектепте стандартты талаптағы форма болуы қажет. Бұл өте маңызды. Ата-ана өз билігін баласына шексіз қолданатынын байқамайды да. Дұрысы, адам өзінің санасы еркіндікке жеткенде ғана сенімін таңдау.

Ал хиджаб мәселесіне келетін болсақ, қыз бала оны бірнеше себеппен киюі мүмкін. Әуелі, ата-ана манипуляциясы. Мысалы, «Хиджаб кимесең, әкең тозақта өртенеді» деген сөздер арқылы ата-ана баланың шексіз сенімін өз ұпайына пайдаланады. Екінші, бала ата-анасының махаббатына ие болу үшін хиджаб киеді. Сол арқылы оның ішкі дауысы: «Көрдіңдер ме? Мен тіл алғышпын, мен сендермен біргемін, мен сендерге адалмын» дегенді жеткізеді. Үшінші, хиджабты қыз баланың қорғаныш құралы ретінде көруі. Хиджаб кисе, ата-анасының ашуынан аман қалады. Ал ата-ана үшін хиджаб кигізу – баланы иманға үйретуден гөрі өз қалауын қанағаттандыру. Мысалы, ата-ананың ойынша, хиджаб киген қыз өз әдебін сақтап жүреді, оған жаманның көзі түспейді тек имандының көзі түседі. Бірақ арам пиғылды адамға не кисе де бәрібір. Сондықтан бұл да манипуляция.

Баланы ешқашан сөзбен тәрбиелей алмайсың. Тек өз әдебін үлгі ету мен баласына құрметі арқылы оған өзін бағалауды үйретеді. Өзін бағалауды үйренген қыз да, ұл да әдебі мен әдемілігінен айрылмауға өзі күш салады. Сондықтан мектепте хиджаб киген қыз бала біріншіден, өз қалауын қалыптастыра алмай өседі, екіншіден өзіне деген өзгелердің ерсі көзқарасынан қысылып, қиналып жүреді. Бала кезде өз эмоциясын еркін жеткізіп, оны танып үйрену маңызды. Ал хиджаб балаға эмоциясын шектеуді талап етеді. Сол себепті сауатты ата-ана өз сенімін күштеп, міндеттемейді. Әрбір адамның иманға махаббатпен келгені абзал.

 

Ләззат АХАТОВА,

заңгер:

– Мектеп оқушысын тұмшалап қою – оның балалығын ұрлау, құқығын таптау. Еліміздің «Білім туралы» заңына сәйкес, оқушының дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан жалпыға бірдей міндетті форма талабы бар. Талапта орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді, мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі деп белгіленген. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жар­ғысында айқындалған қағидаларды орын­дауға, білім беру саласындағы уә­кі­летті орган белгілеген міндетті мек­теп формасына қойылатын талаптар­ды орын­дауға, білім беру ұйымында белгі­ленген киім формасын сақтауға мін­детті. Ал «Діни қызмет және діни бір­лес­тіктер туралы» Заңның 3-бабының 7-тар­мағына сәйкес, ешкімнің де өз діни на­ным­­дары бойынша ел Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқа­рудан бас тартуға құқығы жоқ.

Баланың мектептегі мақсаты – тек оқу, білім алу. Өйткені оң-солын танымаған баланың діни ұстанымы, өз көзқарасы қалыптаспайды. Ересектер өз түсінігін тықпалауын балаға таңып қойғандықтан, олар ойнаудың орнына кішкентайынан тыйым, шектеулерді көріп өскеннен ой-өрісі мен түсінігі де шектеулі, өз пікірі жоқ адам болып өседі. Ал бұл болашақта білімсіз діни фанаттардың, діни ағымдағы түрлі топтардың жаңа буыны өсіп шығады деген сөз. Сондықтан барлық бала мектеп қабырғасында қалыптасқан ортақ тәртіпке бағынып, ортақ қабылданған мектеп формасын киюі керек. Ал кәмелетке толған соң, қандай ұстанымды, қай бағытты таң­дайтынын өзі шешеді. Бірақ әсіре дін­шілдікті насихаттайтын топтарға қар­сы күресті қолға алмасақ, болашақ бұлың­ғыр.