Медицина • 04 Қыркүйек, 2023

Рустам АЛБАЕВ: Президенттік аурухана тәжірибесін өңірлерге тарату маңызды

371 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздегі медициналық қызмет сапасын көтеруге елеулі үлес қосып келе жатқан Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы мамандары өңірдегі әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, игі істерге бастамашы болып жүргенінен хабардармыз. Аталған орталықтың дәрігерлері биыл алты өңірде 83 операция жасап, 428 дәрігерлік кеңес беріп, 57 дәріс оқыды. Осы орайда аурухананың директоры, кардиохирург дәрігер Рустам Албаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Рустам АЛБАЕВ: Президенттік аурухана тәжірибесін өңірлерге тарату маңызды

– Рустам Қуанышбекұлы, қара­пайым халық президенттік аурухана деп атайтын мекемеде тек мем­лекеттік қызметкерлерге қызмет көр­­сетіледі деп ойлайды. Дегенмен сіз­д­ерге басқа азаматтарымыз да қа­ра­ла ала ма?

– Әрине, біз тіркелген контингентпен жұмыс істейміз, олардың саны бү­гінде 25 мың адамды құрайды. Бұған қоса Қазақстанның кез келген азаматы біздің ауруханадан квота бойынша тегін ем ала алады. Сондай-ақ шетел азаматтарына да ақылы ем-шаралар қызметі қарастырылған.

– Президент Іс басқармасының Медициналық орталығында еліміздің үздік дәрігерлері жұмыс істейтінін білеміз. Ауруханаға жаңадан маман қабылдарда қандай критерийлерге сүйенесіздер?

– Әрине, іріктеу критерийлері бар. Әдетте біз жоғары санаттағы ең тәжірибелі дәрігерлерді шақырамыз. Бірақ қазір жас дәрігерлерді жұмыс­қа алып, оларға өзіміз үйрету үрдісін жолға қойып келеміз. Біздің ауруханада тәжірибелі және білікті медициналық қызметкерлер, оның ішінде бас аритмолог, бас пульмонолог және бас он­ко­лог мамандары жұмыс істейді. Со­нымен қатар бізде 13 медицина ғы­лым­­­­­дарының докторы жұмыс істейді, оның ішінде 6 профессор, 30 медицина ғы­лымдарының кандидаты, 20 MBA, 7 PHD дәрежесіндегі маман бар. Біздің мекеме – Қазақстандағы ғылыми мәр­те­бесі бар жалғыз аурухана.

– Аурухана медициналық ұйым­дармен, соның ішінде медициналық университеттермен меморандум жасайды. Бұл әріптестік байланыстың қандай оң ықпалы бар?

– Әрине, мұндай меморандумдар бар. Біз Астана, Семей және Қара­ғанды мемлекеттік медициналық уни­верситеттерімен меморандумға қол қой­дық. Бұл меморандумдардың мақ­саты – базамыздағы түрлі аспектіде кли­никалық зерттеулер, ғылыми жұмыс­тарды дамыту. Мысалы, біз МОА-да осы университеттердің клиникалық кафедраларының филиалдарын аштық. Университетті бітірген соң ең үздік тү­лектерді ауруханаға жұмысқа қал­ды­рамыз.

Елімізде дәрігер тапшылығы мә­се­лесі өзекті болып тұр. Әсіресе реанимация, гинекология сияқты бейіндік мамандардың жетіспеушілігі қатты се­зіледі. Бірақ біздің жағдайда бар­лық жұмыс орны бос емес, мамандарды тар­туда ешқандай қиындық жоқ екенін айтқым келеді.

– Осы орайда өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Неліктен кардиохирургия саласына ауысуға шешім қа­былдадыңыз?

– Бала кезімде атақты кардиохирург В.Бураковскийдің «Алғашқы қадамдар: кардиохирург жазбалары» атты кітабы қолыма түсті. Бұл кітап маған қатты әсер етті және менің мамандық таңдауыма себеп болған шығар. Сондай-ақ менің үлкен әпкем дәрігер болып жұмыс істейді. Ол да мен үшін үлгі болды. Астана қаласының медицина институтына түсу кезінде «Кардиохирургия» мамандығы болған жоқ, оқуымды жалпы хирург ретінде бітірдім. Ұзақ уақыт аудандық емханаларда жұмыс істедім. Жалпы, университетте оқып жүргенде еңбек жолымды санитар, мейіргер болып бастадым, бірақ кардиохирург болу деген бала арманым менен ұзап кетпеді. Бір күні клиникадағы кезекшіліктен шыққаннан кейін Мәскеудегі А.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирур­гиясының Ұлттық медициналық зерттеу орталығына байланысқа шықтым. Демалысымда Мәскеудегі осы орталыққа емтихан тапсырып, оқуға түстім. Әйгілі клиниканың аспирантурасында 3 жыл оқыдым және кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Бұл жетістікке «Болашақ» бағдарламасы арқылы қол жеткіздім.

– «Болашақпен» Еуропада да, Америкада да оқуға болады. Сіз неге Ресейді таңдадыңыз?

– Біріншіден, сол кезде елдердің таң­дауы шектеулі еді және бұл нұсқа мен үшін жақсырақ болды. Менің міндетім – кандидаттық диссертацияны қорғау және ғылыми дәреже алу. Ал Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирур­гиясының Ұлттық медициналық зерттеу орталығы ТМД-дағы ең қуатты ме­дициналық мекемелердің бірі болатын. Шын мәнінде, Қазақстандағы жетекші кардиохирургтің көбі Бакулев институтынан шыққан.

Қазір біздің ауруханада «Болашақ­тың» 12 түлегі бар. Олар әртүрлі елде оқыды. Менің ойымша, бұл стипендия көптеген азаматқа өз саласының үздік маманы болуға мүмкіндік беріп келеді.

– Қазіргі уақытта ауруханада жа­уапты қызметтесіз. Бірақ науқас­тар­ға операция жасауға мүмкіндігіңіз бола ма?

– Өкінішке қарай, операцияға уақыт мүлде жетіспейді. Дегенмен аптасы­на 1-2 рет уақыт табуға тырысамын. Сондықтан Кардиохирургия бө­­лім­шесінің меңгерушісімен сенбі күн­­дері операция жасай алатындай келі­сім бар. Жұмыс күндері аурухана тіз­гінінде сақадай сай тұруым керек, яғни жұмысымның әкімшілік бөлігімен айна­лысамын. Операция жасау менің көңі­лімнің жұбанышы деп айтсам болады.

– Жыл басынан бері «ҚР ПІБ МО күндері» жобасы аясында аурухана дәрігерлері облыстарды аралап, өңір тұрғындарына көмек көрсетті. Бұл жобаның маңызы қандай?

– ҚР ПІБ МО басшысы Алексей Цойдың идеясымен жүзеге асқан бұл жоба ауруларды алдын алу, диагнос­тикалау, емдеу және сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, заманауи әдістермен бөлісу, сондай-ақ меди­циналық мекемелермен ғылыми-кли­н­икалық ынтымақтастықты кеңейту сияқ­ты мақсатты көздейді. Аурухана дәрі­герлері жергілікті өңірдің мамандарына күрделі операция жасаудың қыр-сырын үйретіп, тұрғындарға сапалы дәрігерлік кеңес беріп келеді. Бүгінге дейін біздің аурухана дәрігерлері Шымкент қаласында, Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Атырау, Қостанай облыстарында 83 операция жасап, 428 дәрігерлік кеңес өткізіп, 57 дәріс оқыды. Бұл іс мұнымен түгесілмей, білікті дәрігерлер құрамымен барлық облысты шарлау жобасы әлі де жалғасын табады.

– Ауруханада Ядролық медицина орталығы, Геномдық зертхана және басқа да жоғары инновациялық орта­лықтар жұмыс істейді. Бұлар ауруха­наға қандай артықшылықтар береді?

– Біздің аурухананың ерекшелігі – көпсалалығында. Біз әртүрлі бағыт бойын­ша жұмыс істейміз. Мысалы, озық жо­баларымыздың бірі ретінде танылған Ядролық медицина орталығының өз базасында радиофармпрепараттарды синтездеуді бастадық. Сонымен қатар аурухана тыныс алу органдарының патологиясын емдеу саласында Қазақстанда баламасы жоқ Респираторлық медицина орталығын ашты. Ең бастысы, біз ауыр науқастарға практикалық көмек көрсетіп қана қоймай, әдіснамалық көмек көрсетеміз. Ауруларды емдеу хаттамалары әзірленуде және одан әрі емдеу технологияларын өңірлерге беру жүзеге асырылып жатыр. Бұл – отандық медицинаны дамытудың тамаша мүмкіндігі. Бір мысал келтірейін, бізде Диабеттік аяқ орталығы жұмыс істейді. Қант диабетінің ауыр асқынуы кезінде қан тамырларының ангиопа­тиясы жиі дамиды. Соның ішінде соң­ғы гангренаның дамуымен аяқтар зардап шегеді. Өңірлерде мұндай жағдайда­ғы пациенттердің аяғы түрлі деңгейде кесіледі. Осы операциялардан кейін адамның өмір сүру деңгейі төмендейді. Біздің міндетіміз – заманауи әдістерді қолдана отырып, аяқтардың тірек қызметін мүмкіндігінше ұзақ уақытқа сақтау. Қарапайым тілмен айтқанда, аяғыңызды сақтаймыз. Сондай-ақ Спорттық медицина орталығы, Гепа­тология және гастроэнтерология ор­талығы, Аутоиммундық аурулар орта­лығының жұмысына да көңіл бөлініп келеді. Жақында Қазақстан спортшылар одағымен меморандумға қол қойдық. Енді еліміздің спортшылары өз денсаулығын біздің білікті дәрігерлерге тікелей сеніммен табыстай алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024