ЖОЛДАУ • 05 Қыркүйек, 2023

Суды үнемдеу апаттан сақтайды

896 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ең көп маңыз берілген су мәселесі болды. Мемлекет басшысы еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатқанын, су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұрғанын және аталған олқылықтың орнын толтыру үшін шұғыл шаралар қажет екенін айтты. Осыған орай, су мәселесін безбендеп көрген едік.

Суды үнемдеу апаттан сақтайды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүрдек пойызбен Астанаға жол тартып барамын. Қуарған жазық дала. Айнала сондай сұрықсыз. Текке отырмай, кітап оқиын дедім. Алыс сапарға Сет М.Сигелдің «Су болсын» кітабын ала шыққанмын. Кітап мұқабасындағы «Израильдің сусаған әлемге берген амалы» деген жазуға бірден көзім түсті. Ойлап көріңізші, күн сайын су тапшылығы туралы түрлі жаңалық естиміз. Сөйте тұра себебіне үңілмейміз. «Судың да сұрауы бардың» мәнін «Су болсыннан» тапқан секілдімін.

Су тапшылығының алдын алмасақ, таяу арада әлем халқының 20%-ы, яғни шамамен 1,5 млрд адам су дағдарысының алғашқы құрбаны болмақ. Қазірдің өзінде 600 млн адам су тапшылығының зардабын көріп отыр. Суға мұқтаждықтан азық-түліктің қымбаттауы, қуат көзінің азаюы, жанар-жағармай бағасының шарықтауы, халықтың негізгі қажетіне қол жеткізе алмауы әлеуметтік толқуға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Мұны былай қойғанда, ішерге су таппай қалуымыз ықтимал. Осы орайда аумағы тұтастай шөл даланы алып жатқан Израильдің сулы мемлекетке айналуы бәрінің таңданысын тудырады. Шын мәнінде, суға қатысты мәселеден ада, алаңсыз өмір сүру үшін Израильдің су шаруашылығындағы озық технология­сын меңгеру маңызды. Мәселенің байыбы­на бара бермейтін де шығармыз. Халық саны күн сайын артады, суға қажеттілік те ұлғая түседі. Бұл – табиғи заңдылық. Ал су ресурсының көлемі кемімесе, артпайтыны түсінікті.

«Су болсынды» оқып отырып, су көзінің азаюына әсер ететін негізгі фак­тор­ларды атап көрсеткім келеді. Әлем­де туу көрсеткіші кемігенімен, өткен он­жылдыққа қарағанда, өмір сүру ұзақтығы едәуір артқан. Халық саны көбейіп қана қоймай, әл-ауқаты да өсіп келеді. Мысалы, кітаптағы мына бір деректерге сүйенсек, 2000 жылы әлемде 1,4 млрд орта тап өкілі болса, 2009 жылы 1,8 млрд-тан асты. 2020 жылға қарай әлем­дегі орта тап өкілі 3,25 млрд-қа жетеді деп болжанған еді. Демек, суға деген сұ­раныс одан са­йын артады. Ауқатты жандардың күнде суға шомылуы, хауызға су толты­рып, бау-бақшасын суаруы, кө­лік, кон­диционер, өзге де тұрмыстық құ­рал-жабықтарды пайдалануы секілді күн­делікті әрекеттері де су мөлшерінің азаюына едәуір әсерін тигізеді. Жарты кг жү­гері өсіруге қарағанда жарты кг сиыр етін алуға 17 есе көп су кетеді екен.

Ау­қат­­ты жандардың дәнді-дақылдар мен ақ­уыз­ға бай тағамдарды жиі тұтынуы – түсінікті жайт. Осының бәрін есептесек, орта таптың суды көп пайдалануы су дағдарысын ушықтыра түседі.

Тұщы су қорының азаюына тағы бір себеп – судың ластануы. Халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін мол дайындау үшін егістікке түрлі тыңайтқыштар мен пестицидтер көптеп себіледі. Егістікті жайып суарудың кесірінен химикаттың көбі өзен-көлге ағып кетеді немесе жаң­быр жауғанда жерасты су қабатына сіңіп, ауыз суды ластайды. Қазба байлығын өндіруде жер қыртысын сумен бұрғылау әдісі кеңінен қолданылады, бұған да көп мөлшерде су қажет. Сондай-ақ жер қыр­­тысын бұрғылауда химиялық реагент­терді шамадан тыс қолдану су көздерін лас­тап жатыр. Су көзі қалай ластанса да, оны қайтадан қалпына келтіруге көлемді қаражат керек. Кей жағдайда суды тазарту мүмкін болмай қалады.

Күн сайын әлемнің әр қаласындағы тесілген құбырлардан ұқыпсыздық пен бейғамдық кесірінен талай су ысырап болады. Елімізде су шаруашылығы кешені мен объектілерді күтіп ұстамаудан судың 50%-ы кәдеге жарамай, текке ағады. Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің қарамағындағы Су ресурс­­тары комитетінің мәлімдеуінше, еліміз­дің су шаруашылығы кешеніне 473 бөген, 87,8 текше шақырымды құрайтын 331 су қоймасы, 125 су торабы, 3 392 канал және басқа да 1 667 құрылысжайлар кіреді. Комитет мамандарының айтуынша, оның көпшілігі 30-50 жылдан аса уақыттан бері еш күрделі жөндеу көрмеген. Жалпы, су шаруашылығы нысандарының 60%-дан астамы әбден тозған. Тозығы жеткен каналдардан егіс­тік алқаптарына су жетем дегенше, жартысынан көбі құмға сіңіп кетеді. Жауапсыздық жалғаса беретін болса, апатты жағдайдағы су қоймалары ел экономикасы мен халық жағдайына ірі шығын әкелуі бек мүмкін.

Айтқандай, шетелде жаңбыр суын да заңдастырып қойғанын білемісіз? Мысалы, Израильде үйіңіздің шатырына шелек қойып, жаңбыр суын жинап алсаңыз, Үкімет меншігіне қол сұққанмен бірдей. Жаңбыр тамшысы жерге түскен сәттен бастап қоғам меншігіне өтеді. Демек, сіз «Су туралы» заңды бұзып отыр­сыз. Израильде суды қастерлеп үнем­деуді әркім өз парыз-міндеті деп санайды. Бала тәрбиесінде де суды қадір­леу мә­дениетінің орны маңызды. Тіпті мектепте де оқушыларға суды қа­лай пайдалану, қалай жуыну керегі үй­ретіледі. Осындайда Израильдегі бір тұрғынның естелігі еске түсіп отыр. Ол бала күніндегі ваннада шомылған сәтін әлі күнге дейін айтып жүреді. Ана­сы жуындырып, денесін сүлгімен сүр­тіп, таза киімін кигізген соң, пластик шелегін алып, ваннадағы сабынды сумен ауладағы гүлдерін суаратын. Сөй­тіп, анасына қарап, әр тамшы судың сұрауы барын санасына сіңіріп өсті. Суды қас­тер­леу үшін біз де этнопедагогиканы жаң­ғыртып, тәрбие мәселесіне көңіл аудар­ғанымыз жөн.

Мәселені шешуде су қадірін білу мен тиімді пайдалану жеткіліксіз. Үйге таза су жеткізіп тұратын инфрақұрылым, су ша­­руашылығы қондырғылары тегін са­лын­байды. Әрі аталған нысандарды күтіп ұстау, жөндеу жұмыстарына да қа­­ра­­жат қажет. Израиль су басқармасы суды пайдалану деңгейін азайту үшін су бағасын көтеру тетігін әдейі қолданған. 2008 жылы елдегі әр адам тұтынған суы­ның нақты құнын төлеуі керек деген заң күшіне енді. Яғни ешқандай қоғамдық ұйым­дарға су тегін берілмейді. Баға тетігінің нәтижесінде күнделікті тұр­мыста тұтынылатын су мөлшері 16%-ға төмендеген. Өз елімізде де су құнын реттеп, арнайы дербес есептегіш құралдарды пайдаланар болсақ, суды бейберекет қолдануды азайтар едік.

Израильдің инновациялық жетіс­­тігінің бірі – су есептегіштегі көр­сеткішті қа­шықтан тексеру технологиясы. Аталған есептегіш құралға қосылған планшет немесе басқа да электронды құрылғылар ар­қы­лы үйдегі пайдаланылған су мөл­шерін әр төрт сағат сайын біліп отыруға болады. Қандай да бір үйде, мемлекеттік мекемеде су қалыптан тыс мөлшерден асып кетсе, құбыр тесілген болуы мүмкін деп болжам жасалып, арнайы мамандар жағдайды дер кезінде реттейді. Аталған жобаларды іске асырып, түбегейлі өзгеріс жасау үшін елімізде арнайы су шаруашылығы мәселесін қарастыратын мемлекеттік құзырлы органның құрылғаны өте дұрыс шешім болды.

Израильдік су маманы Симха Бласс жас кезінде фермалардың бірінде қазылып жатқан су ұңғымасын тексеруге барғанда ағаштардың бірі өзгелерінен әлдеқайда биік екенін байқайды. Ағаштың бәрі бір уақытта, бір топыраққа егілгенін, күн сәу­­­лесі мен жауын-шашынның да бірдей түсіп, ауа райы да бірдей әсер ететіні анық. Жас ғалым айналаға қарап жүріп, металл су құбырынан ағаш түбіне су тамшылап тұрғанын көреді. Алайда «Басқа жұмысым да көп еді» деген оймен аса бір мән бермейді. Дегенмен де, өзгелерден биік өскен ағаш Симха Бластың есінен шықпай, әрдайым толғандыратын. Жасы 59-ға келгенде Бласс осы ағашқа қайта қы­зығып, зерттеу жұмысы нәтижесінде егін суару жүйесіне жарқын жаңалық әкеледі. Бұл кезде шаруалардың көбі егіс­тікті тек жайып суаратын. Жайып суару әдісі өркениет пайда болғалы қолданылып келе жатқанымен, әдістің тиімсіз тұсы көп. Су өз бастауынан егістікке жеткенше біраз бөлігі буланып, қалғаны құмға сіңіп кетеді, яғни судың тең жартысы рәсуа болады. Өсімдік тамырына судың толық сіңуі үшін де көп мөлшерде су қажет. Өкінішке қарай, су тапшылығы байқалатын өңірлерде әлі күнге дейін осы әдіс қолданылып келеді. Жайып суаруға балама саналатын жаңбырлатып суару әдісін пайдалансақ, судың үштен бір бөлігі ысырап болады екен. Желдің әсерінен бүріккіштің теріс бағытқа жылжып кетуінен өсімдікке біркелкі су бармай қалады. Әрі күн ыстықта судың біразы жерге тамбай жатып, буланып кетеді. Тамшылатып суару әдісіне көшсек, су аз буланып әрі өсімдік тамырына тіке барады. Су үнемделеді, өнім көлемі мен сапасы артады, тыңайтқыштар тікелей өсімдік тамырына барады. Тамшылатып суару топырақ, ауа, су құрамының лас­тануын азайтып, экологияға қауіпті бал­дырлардан қорғайды. Жайып суару әдісі толассыз жаңбыр жауып, артынан ұзақ уақыт құрғақшылыққа ұласатын табиғи құбылысқа ұқсайды. Сол себепті тамшылатып суару егін шаруашылығы үшін таптырмас технологияға айналып отыр. Әрине, тамшылатып суаруға ар­налғ­ан қондырғыларды орнату қомақты қара­жатты талап етеді. Дегенмен сол қара­жаттың кейін еселеп қайтатыны анық.

Біздегі жағдайға тоқталсақ, бүгінге дейін трансшекаралық өзендердің мәсе­лесін шеше алмай жатқанымыз бел­гілі. Су таласы бүгін шешілмейді. Террито­рия­­мыздан орташа есеппен жыл сайын 100 млрд текше метр су өтсе, соның жартысы шағын өзендердің үлесіне тиеді. Демек, ішкі су жүйесінің де қуаты мол. Алай­да шағын өзендер шаруашылықтың салдарынан құрып барады. Мұны 1981-1990 жылдары Су шаруашылығы және мелиорация министрі болған белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаев та растап отыр.

– Шағын өзендер адамдардың іс-әре­кетіне өте жеңіл тиеді, кез келген жер­ден бөгет сала салады, кез келген жерден құрта салады. Алматының маңын­да қаншама шағын өзен болды. Сол қап­таған өзеннен Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай мен Есентай ғана қалды. Алматының үстінен өтетін 20 шақты өзеннен бүгінде үшеуі ғана бар. Өйткені арнасын бекітіп, топырақпен үстін жа­уы­п тастады, бәрін құртып, кафе, кеңсе салды. Үкімет шағын өзенге көңіл бөлуі керек. Көлдердің де жағдайы өте нашар. Көкше өңірінде Ақан сері әнге қосатын Сырымбет деген көл бар. Дөп-дөңгелек, айнадай тап-таза. Сол көлге таудың қары еріп, жылғалап құйылады. Бұл көлді адам­дар не істеді? Жылғалардың үстіне апарып үй салды, жол салды, бәрін бітеп тастады. Содан кейін «Саумалкөл құрып, Сырымбеттің суы төмендеп жатыр» деп ойбайлайды. Нұра өзені де – ішкі өзен. Қарағанды, Темір­тау, Абай, Саран қалаларының қалдық суларынан басқа Нұрада су жоқ. Таза суы Самарқан су қой­­масына кетеді, ол суды Қарағанды металлургия комбинаты пайдаланып отыр. Өзеннің суын қойма ұстап қалады, бо­­саған арнаға қалдық су құйы­лып жа­тыр. Оның жағасына барсаң, өзен емес, қал­дық лас су ғана бар. Нұрамен тағ­­дырлас өзендер өте көп, – дейді Н.Қып­шақ­баев.

Шетелдік су тазарту технологиясына қайран қаласың. Израильде теңіз суын тұщы суға айналдыру техно­логия­сы дамыған. Ал мұнда диқандар тұщы сумен қатар қалдық суды да алтындай көреді. Қалдық суды тазарту үдерісінен энергия өндіру де қарастырылып жатыр. Станоктағы қалдық судың бетінде жиналатын майдың өзі өнеркәсіпте қайта пайдаға жарайды. Қалдық су құ­рамындағы целлюлоз талшықтарын әжет­хана қағазын жасауға қолданады. Екі түймелі унитаз орнату да – Израиль инно­вациясының жетістігі. Мұндай әжет­хананы пайдалану арқылы күнделікті тұр­мыстағы су шығынын 20%-ға азайтуға болады. Шетел тәжірибесіне үдере көш­песек те, мәселені сатылап реттеуге, озық технологияны ел шаруашылығында сынап көруге болады. Әлемде су жоқ емес, су бар. Тек тиімді пайдалансақ екен.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Egemennіń» штаттан

тыс тілшісі