Спорт • 05 Қыркүйек, 2023

Параакадемиялық есу шеберлері әлем чемпионатына қатысып жатыр

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сербияда академиялық және параакадемиялық есуден әлем чемпионаты басталды. Оған ұлттық құрама сапындағы Түркістан облысының параакадемиялық есу шеберлері Темірхан Дайырбек пен Ақберен Балабек қатысып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Параакадемиялық есу шеберлері әлем чемпионатына қатысып жатыр

Фото: Түркістан облысы әкімдігі. Телеграм

Айта кетерлігі, аталған екі спортшы Қазақстанның параакадемиялық есу спорты тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысушылар ретінде спорт жылнамасына еніп отыр. Егер жоғары нәтижеге қол жеткізетін болса, Париж паралимпиадасына жолдамаға ие болады.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының төрағасы, Су спорты түрлерінен Түркістан облыстық спорт мектебінің директоры Денис Жарменов Халықаралық академиялық ескек есу федерациясының (FISA) басшысы Жан-Кристоф Ролланмен, сондай-ақ Халықаралық академиялық ескек есу федерациясының (FISA) Бас хатшысы Винсент Гейллардпен кездесті. Жүздесуде Түркістан өңірінде академиялық ескек есу спортының даму қарқыны туралы баяндалып, Қазақстанда академиялық ескек есу спортын дамыту бойынша бірлесе жұмыс атқару бастамалары талқыланды. Жан-Кристоф Ролланға Қазақстанға, оның ішінде Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келу жөнінде ұсыныс айтылды.

Айта кетелік, параакадемиялық спортты дамыту Қазақстан бойынша тұңғыш рет Түркістан облысында қолға алынып, даму үстінде. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта аймақ спортшылары Паралимпиада ойындарына, әлемдік додаларға көптеп қатысады деген жоспар бар.