Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған рухани іс-шарада алғашқы болып сөз алған академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Есім ұлт ұстазы туралы парасатты ой өрбітті.
«Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлғалар ғасырларда сирек туады. Біз сондай кемеңгері бар бақытты халықпыз. Оның елімізге сіңірген қызметі ұшан-теңіз. Сондықтан да Ақаңды «Ұлттың рухани көсемі» деп айтамыз. Қазақ жұрты барда қазақ тілі де жасай береді. Ал тілді сақтау – әрбір қазақтың азаматтық борышы», деді ол.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы да жиналғандарды Тілдер мерекесімен құттықтап, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы салмақты сөз қозғады.
Сонымен қатар іс-шара барысында Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері «Алаш жолы» қойылымынан үзінді көрсетіп, жас ақындар Ақаңа арналған өлеңдерін оқыды.