Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұзақылар көпшілік орындарды таңдайды
Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, мәселен әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады. ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті 1-басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, тәртіп сақшыларының осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Ал ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығын келеді. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 млн теңгеге дейінгі соманы құрады.
Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер, т.б. Сондықтан болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады.
Жалпы айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ, яғни өтірік болып шықты. Алайда «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады». Әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексерілуі керек. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр.
Себепте шек жоқ...
Жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермеуі мүмкін, білсе де оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір-бірін итеріп, тапап мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, кішкентай балалар да болуы мүмкін. Бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар жасайтын көрінеді. Мысалы, бұған дейінгі жағдайларға қарасақ, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбінесе достарының алдында өзінің батыр екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін «жалған қоңырау» шалады екен. Ал террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді. Мысалы, нақты деректерге сүйенсек, кейінгі 5 жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл қылықты мас күйінде жасаған.
«Жалған террористің» әлеуметтік портретіне келетін болсақ, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасаған. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шықты. Сондай-ақ олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар», дейді полиция полковнигі Алмас Талқанбаев.
Бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламалар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында.
Тағы бір айта кетер мәселе, көбіне мұндай «қоңыраулар» жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар. Мысалы, биыл мамыр айында Балқаш қаласының полициясына белгісіз бір адам хабарласып, мектептердің бірінде террористердің жүргені туралы айтқан. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, хабарламаның жалған екенін анықтады. Кейін 8-сынып оқушысының әзілдеп қоңырау шалғаны анықталып, оның ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды.
Қандай жаза қарастырылған?
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталған. Қоңырау шалған адам даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатуы айқын дәлел.
Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Сондықтан болар, статистикаға жүгінсек, кейінгі 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың едәуір азайғанын байқауға болады. Мысалы, 2011 жылы елімізде 123 факт тіркелсе, 2022 жылы небәрі 50 адам «әзілдеп» қоңырау шалған. Ал биыл 8 айдың ішінде 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданып үлгерген.
«Қазіргі уақытта 16 адамға қатысты үкім шығарылды, оның ішінде 5-еуі бас бостандығынан айыру жазасына сотталса, 8 адамның бас бостандығына шектеу қойылды. Екі азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды. 1 кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды. Жалпы айта кету керек, елімізде террористік акті туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 млн теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да білуге тиіс. Сонымен қатар сот шешімімен осы істің кесірінен келтірілген барлық шығын өтеледі. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі», дейді Алмас Талқанбаев.
ІІМ өкілі «бәленше жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес, ол қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ақымақ әрекет екенін еске салып өтті. «Жалған хабарлама жасалды ма, болды, бұл аяқталған қылмыс деп саналады. Жасарын жасап алып, кейін қанша өкінсе де, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Жастар жағы мұндай жауапсыз әрекеттердің өз өмірін бүлдіріп қана қоймай, оның отбасына, ата-анасының абыройына нұқсан келтіретінін есте сақтауға тиіс. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың», дейді полиция полковнигі.