Қоғам • 06 Қыркүйек, 2023

Ең төменгі жалақы әлеуметтің көңіл-күйіне қалай әсер етеді?

351 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны негізгі нәпақасы – еңбекақының артуынан байқалады. Бұл ретте ең аз жалақы алатын азаматтардың табысын көбейтудің маңызы зор. Осыны назарында ұстайтын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін біртіндеп арттыруды тапсырып келеді. Былтырғы тапсырма бойынша ЕТЖ мөлшері биыл 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерілсе, ал ендігісін 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылды.

Ең төменгі жалақы әлеуметтің көңіл-күйіне қалай әсер етеді?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жаңа жарияланған Жолдау жүктеген міндет бойынша ең төменгі жалақы мөл­шері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге көтерілетін болды. Осылайша, еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбеймек. Президенттің айтуынша, бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Осынау қадамнан атап көрсетілгендей 1,8 миллион адамның ғана жағдайы жақ­са­рып қоймай, басқа да жағынан оң әсер­ле­рі байқалмақ. Сондықтан ЕТЖ мөл­ше­рін ұдайы арттырып отыру және бұл көрсеткіштің нақты мәнін айқындаудың жаңа тәсілін енгізу назарға алынады. Қазір осы әдістемені әзірлеу бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда сарапшылардың пікіріне де құлақ түрген едік.

Ғылым және жоғары білім министр­лі­гінің Ғылым комитеті Экономика инс­титутының Заманауи зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова ЕТЖ деңгейінің артуымен экономикада шамалы болсын сұраныс көлемі ұлғайып, тұтынушылық деңгей көтерілетінін алға тартты. Сондай-ақ ол ЕТЖ-мен қатар ең төменгі күнкөріс көрсеткішін де қайта қарауды ұсынып отыр.

«Ең төменгі жалақы алатындарға сол от­басының жан басына шаққан­дағы табысы есептеледі де, соған қарай түрлі әлеуметтік төлемдер тағайын­да­лады. Атаулы әлеуметтік төлем, асы­рау­­шысынан айырылуына байланысты, бала санына қарай және т.б. көп­теген көмек түрі берілерде осы ЕТЖ ала­тын­дардың үлесі ескеріледі. Енді ЕТЖ мөлшерін анықтаудың жаңа әдіс­на­­масы қарастырылып жатыр, бірақ әлі қабылданған жоқ. Алайда жаңа әдіс­наманы әзірлеуде медианалық жала­қы­ның көлемі және әр саладағы еңбек өнімділігі ескеріліп жатыр. Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) мүше елдерде, әсіресе дамыған елдерде ЕТЖ мөлшері медианалық жалақының 50 пайыздан аса көлемінде тағайындалады. Мысалы, Қазақстанда қазір медианалық жалақы 225 мыңдай болса, ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Алайда бізде бұлай емес, әр саладағы еңбек өнімділігі есепке алынып, әр салада әртүрлі жалақы тағайындалады. Бір жағынан бұлай жасау әділетті, ал екінші жағынан әр сағат­қа төленетін халықаралық стандарт бар. Мысалы, ХЕҰ ұстанымына сәйкес еңбектің әр сағатына кем дегенде 3 доллардан ақы есептеледі. Ал енді осыны біздің жағдайымызда есептеп қарасақ, Қазақстанда күніне 8 сағат жұмыс болса, аптасына 40 сағат, айына 160 сағат болады да, оны 3 долларға көбейтсек, айына 480 доллар жалақы шығуы керек. Мұны қазіргі доллар бағамымен теңгеге шаққанда 220 мың теңгеден асады. Яғни біздегі ЕТЖ мөлшері халық­аралық стандарттан үш еседей аз», деді А.Молдабекова.

Бұл ретте сарапшы ЕТЖ-ны есептеу­дің жаңа әдіснамасын әзірлеуді құп­тай­ты­нын және жағдайды неғұрлым шынайы бағамдауға басымдық беру керек екенін алға тартты.

«Медианалық жалақы мен еңбек өнім­ді­лігін сәйкестендірсе, әртүрлі сандар шығады. Себебі бізде еңбек өнім­ділігі әр салада әртүрлі. Жаңа әдіс­на­ма­ны енгізуді қолдаймын. Бірақ еңбек өнімділігін есептеуді әлі де қарау керек. Жалпы, елімізде ең төменгі жалақы көлемін қайта қарау уақыт талабы деп ойлаймын. Өйткені бұрын ең төменгі жалақы күнкөріс минимумынан кем болмауы керек деп соған байлап қойған болатын. Ал күнкөріс минимумы – 40 мың теңге, бұл шынайы жағдайдан әлдеқайда алыс. Мұның көлемінде жалақы тағайындау тіптен қисынға келмейді. Сондықтан мен ең төменгі күнкөріс деңгейін де қайта қарауды ұсынар едім. Ең төменгі жалақыны қайта қарау арқылы, біріншіден, осындай жалақы алатындардың сатып алу қабілеті артады. Бұл экономикада сұраныстың көлемін ұлғайтып, тұтынушылық деңгейді кө­те­реді. Яғни бизнеске де пайдалы. Екіншіден, адамдардың өмір сүру сапасы жақсарады. Бірақ бұл қымбатшылық тудырады дегенді білдірмейді», деді әлеуметтанушы.

Сонымен қатар Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков те пікір білдіріп, ең тө­мен­гі жалақы мөлшері тұтыну себетін толы­ғы­мен өтеуге жетуі керек екенін атап өтті.

«Бұл қадам әлеуметтік жағынан аз қамтылған осал топтардың жағдайын көтеруге мүмкіндік береді. Екіншіден, жалпы экономикада жалақының үлес салмағын ұлғайту тұрғысынан қомақты көмек болар еді. Сондықтан бұл байлар мен кедейлердің арасын 10 пайызға болсын қысқартуға арналған қадам деп ойлаймын. Ең төменгі жалақы көлемін анықтау мәселесінде мынаны айтар едім. Бізде тұтыну себеті деген ұғым бар. Осыдан 3-4 жыл бұрын тұтынуға қажетті небәрі 43 тауар және қызмет түрі болды. Яғни тұтыну себеті дегеніміз – бір адамның бір айда өмір сүруі үшін қажетті нәрселер. Мысалы, тамақ, киім, интернет, жолақы шығындары. Бірақ кейінгі жылдары тұтыну себетінде тауар саны 43-тен 66-ға дейін көтеріліпті. Бұл ретте ЕТЖ мөлшері осы тұтыну себетін толығымен өтеуге жететін болуы керек. Демек тұтыну себеті толыққанды болса, ең төменгі жалақы халықтың мүддесіне сәйкес келеді. Енді бұл өзгерістің бәлендей теріс салдары болады деп ойламаймын. Аздаған инфляция болуы мүмкін, бірақ Үкімет пен Ұлттық банк жауапты шешім қабылдаса, ықтимал инфляцияның алдын алуға болады», деді Қ.Арыстанбеков.

Ал енді ЕТЖ-ны айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеу барысы қалай болып жатқанына тоқталып өткеніміз жөн болар. Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп дайын­даған ең төменгі жалақы мөлшерін ай­қындау әдістемесінің жобасын және Еңбек кодексіне түзетулерді заңнамалық бекіту үшін қажетті әдістемелерді келісті. Әдіс­темеге сәйкес ЕТЖ мөлшері медиа­на­лық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.

Тарқатып айтсақ, Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасын орындау мақ­сатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп, халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді. Осы талдау ЕТЖ-ны белгілеу бойынша неғұрлым кең таралған үш тәсілдің бар екенін көр­сетті. Бұлар – бірыңғай ұлттық ЕТЖ (Франция, Германия, Испания), өңір­лер, салалар және кәсіпорындар бойын­ша ЕТЖ-ның сараланған мөлшері (Фин­лян­дия, Жапония, Бельгия), әртүрлі санат­та­ғы қызметкерлерге арналған ЕТЖ (Ұлы­бри­та­ния, Дания).

Бүгінгі таңда ЕТЖ Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдердің 90%-дан астамында бар. Мұның барабарлығын бағалау үшін Кейц индексін, яғни заңмен белгіленген ЕТЖ-ның медианалық жа­лақыға қатынасын пайдалануды ұсы­на­ды. ХЕҰ ұсыныстарына сәйкес Кейц индексі 50% деңгейінде болуы керек. Бұл ретте әлемнің дамыған елде­рінде бұл шамамен 55%-ды, ал даму­шы елдерде шамамен 67%-ды құрайды.

Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеу­мет­т­ік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төмен­гі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдем­ақы­ларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және бас­қа ынталандырушы төлемдерді қам­ты­майды. 2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең тө­мен­гі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшері 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттырылды. Ал биыл ЕТЖ 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте жоға­рыда көрсетілген ЕТЖ-ны арттыру медианалық жалақының шамасын есепке алмай жүргізілді.

Аталған министрлікке қарасты Еңбек және әлеуметтік әріптестік департа­мен­ті­нің директоры Данат Набиевтің айтуын­ша, медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің арақатынасын ес­ке­ретін ЕТЖ-ны анықтау әдістемесінің жобасы әзірленді. Бұл жұмыскерлердің табыстары мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін ХЕҰ ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді.

ЕТЖ мөлшерін анықтау үшін медиа­налық жалақы мен еңбек өнім­ділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабі­ле­ті негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеткіліктілік – бұл қызметкерлерді олардың еңбегі үшін әділ және барабар табыспен қам­та­масыз ету. Төлем қабілеті – жұмыс берушілердің өз еңбек шығындарын кәсіпорынның қызметкерлерін жалдауы мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі.

«Еңбек өнімділігі өспесе, жайдан-жай жалақыны да өсіре алмаймыз. Сон­дықтан біз әдіснамамызда ЕТЖ-ны өсіру­ді екіжақты қарастырдық. Бірін­шісі медианалық көрсеткішке байланысты болса, екіншісі өндіріс бойынша көрсеткішке қатысты болып отыр. Өндіріс көрсеткіші дегеніміз – өн­ді­ріл­ген өнімдердің саны. Бұл әдіспен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Барлығы бірдей келіседі деп айта алмаймыз. Егер ЕТЖ-ны тек медианалық көрсеткішке байлап қойсақ, қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Өйткені шығарылатын өнімнің пайдасын да ескеру маңызды. Қалай дегенмен ЕТЖ-ның көтерілуі біраз жұрт­тың жағдайының оңалуына әсер ете­ді. Мысалы, Еңбек инспекторының зерттеуі бойынша қайбір жылы ЕТЖ мөлшерін 42 500 теңгеден 70 мың теңгеге арттырғанда шамамен 2 млн адамның жалақысы өскен. Ал қазір елімізде 1 млн-нан аса жұмыскер ең төменгі жалақы алады деуге болады. Бірақ мұнда жұмыс уақытын толық атқармайтын қызметкерлердің де бар екенін ұмытпау керек. Еңбек кодексі бойынша «икемді жұмыс уақыты», «дипломдық жұмыс уақыты» деген бар. Мысалы, жұмыскер өзінің отбасылық немесе тағы да басқа жағдайына қарай толық емес жұмыс уақытына ауысып, күніне 2-3 сағат жұмыс істесе, еңбекақысы да солай аз төленеді. Себебі 8 сағат жұмыс істеген адам мен 2 сағат жұмыс істеген адамның айлығы бірдей болуы мүмкін емес», деді Д.Набиев.

ЕТЖ деңгейін айқындайтын жаңа әдіснама құрамына Үкіметтің, рес­пуб­ли­калық кәсіподақтар бірлес­тік­терінің, жұмыс берушілердің рес­пуб­­ликалық бірлестіктерінің (қа­уым­дастықтарының, одақтарының) және сарап­тамалық қо­ғам­дастықтың өкілетті өкілдері кіретін әлеуметтік әріп­тестік және әлеуметтік және ең­бек қатынастарын реттеу жө­нін­дегі рес­публикалық үшжақты комис­сияның қарауына енгізіледі.

Сонымен Президент пәрменімен жыл сайын артып келе жатқан ең тө­менгі жалақы мөлшері келесі жылы 85 мың теңгені құрайды. Ал жаңадан әзірленіп жатқан ЕТЖ-ны айқындаудың әдіснамасы қолданысқа енгізілетін болса, бұл көрсеткіш одан сайын артуы мүмкін. Өйткені жаңа әдіснама негіз­делуі мүмкін медианалық жалақы деңгейі де өсіп келеді. Айталық, биыл екінші тоқсандағы бағалау бойынша жалақының медианалық мәні 240 779 теңгені құрады. Ал оның жартысы 120 мыңнан асатынын ескерсек, ЕТЖ мөлшерінің алдағы уақытта әлі де көтерілу ықтималдылығы зор.