Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2023

Көсегенің Көкжоны

207 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазыналы қарт Қаратаудың бойында керіле созылып Көсегенің Көкжоны жатыр. Ол Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң, майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір.

Көсегенің Көкжоны

Үлкен Қаратау мен Кіші Қа­ра­т­ау жоталарының арасы­на орналасқан, ені 20-30, ұзын­дығы 110-120 шақырым келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егіс­тіктері мол, сандаған мөлдір, таза бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты бай аймақ. Оның алқаптары мен жерасты байлықтарын Жам­был облысының Сарысу жә­не Түркістан облысының Бәй­ді­бек, Созақ аудандары бөлі­сіп, тел еміп, тіршіліктің көрі­гін қыз­дырып отыр. Оның қыр­ты­сы қалың, қатпар-қатпар жер қой­науында қанша қазба байлық­тар жатыр десеңізші.

Көсегенің Көкжоны туралы деректер сонау ықылым заманнан белгілі. Тіпті аңызға бергісіз қызықты мәліметтер көп.

Желмаяға отырып, қара қо­бы­зын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық із­деп, төрт­күл дүниені кезген Асан қайғы баба Қаратаудың қыр­қасындағы көрікті Көсегенің Көк­жонына қызыға қарап:

«Басқаның бәрін қисаң да,

Көкжонды, шіркін қимайсың.

Өңгеріп алып кетер ем,

Ат сауырына сыймайсың»,  деген екен.

Көктем айларында бүкіл қы­рат­тар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. «Қызыл кітапқа» енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа дәрілік өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, са­ры жауқазын гүлдер, тау қыз­ғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізілген. Олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, сұрыптау арқылы қызғалдақтың ондаған (кей мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсірген. Содан Грейг және Кауфман гүлдерінің арқа­сында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.

Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір «Көсегенің Көк­жоны» аталатын жерұйық өңір жайлы талай қазақ жазушылары мен ақындары (Майкөт, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, Дүкенбай Досжанов, Несіпбек Айтов, Пернебай Дүйсенбин, Дулат Шалқарбаев, Өтеш Қыр­ғызбаев және т.б.) қалам тербеп, сыр тартып, жырлары­на қосқан. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов 1954 жы­лы Көк­жонда жаңадан ұйым­дасты­рылып жатқан «Түркістан» тың совхозының тыныс-тірші­лігімен танысуға арнайы келіп, 2-3 күн ел-жұртпен әңгімелесе келе «Түр­­кістан солай туған» атты көр­кем очерк жазғаны белгілі. Очерктегі кейіпкерлердің ұрпағы әлі де осы өңірде өсіп-өніп отыр. Оны жергілікті тұрғындар әр­кез мақтаныш көреді. Қазақ әде­биетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» атты романында да Көсегенің Көкжоны туралы біраз мәлімет келті­рілген.

Қаратау – тұнып тұрған тарих. 2018 жылдың 1 маусымы күні жолым түсіп, Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен басқармасының бастығы Мұ­ратқали Сәрсеновтің кабинетінде болдым. Кабинетте Қаратау өңі­рінің сан түрлі тас­та­рының жиынтығы бар екен. Соларды қызыға қарап тұрға­ным­да қасы­ма келген Мұратқали:

– Мына тасқа зер салыңызшы, Сәке, – деп менің назарымды қолындағы шағын көкшіл тасқа аударды. Тастың бетінде әлде кө­белек немесе өрмекші жабы­сып тасқа айналып, таспен бі­ті­сіп кеткенін байқадым. – Қо­нақ­қа келген академик Ғаппар Ерғалиевке көрсеткенімде, ол таңғалғанын жасырмай: «Жер шарының пайда болғанына 4,5 миллиард жыл болды деп жүр қазіргі ғалымдар. Мүмкін онысы рас болар. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді? Таудың тастарына көз салып көріңіздер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгі­ме қозғамай-ақ қоялық, кешегі Жоңғар шапқыншылығы кезін­де осы жерлерде қиян-кескі со­ғыс­тар болған. «Қаратаудың ба­сы­нан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аш­тықта да бұл мекен қазақ халқы­ның зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді», деген еді ғалым. Зерттелмей жатқан жұмбақ дү­ние­лер әлі қаншама? Мына тас Қа­ра­тау өңірінің біз білетін тарихын одан әрі кеңейте түсті. Бұл мың­даған ғасырлық тіршіліктің куәсі ғой. Қаратаудың қойнауы та­­рих көмбесі, зерттей түсу керек, зерделей түсу керек, – деп еді.

Иә, бұл өңірде кімнің ізі қал­маған? Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған отты жылдары қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы Оңтүстіктегі Темір­ланнан арбаға отырып, Шаян, Шолаққорған, Қаратау бойындағы, Көжондағы ауылдарды аралап, өнер көрсетіпті. Одан жинаған қаржыны мемлекетке өткізіп, әскери ұшақ жасатып, майданға жіберіпті.

1948 жылы Құмкентке ар­хео­логия­лық экспедицияны бас­қарып келген ғалым-акаде­мик Әлкей Марғұлан Сау­да­кент пен Үшбаста болып, ескі қала­шықтардың үйінділерін көріп, «Шіркін-ай, өмір жеткізсе, арнайы келіп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізем...» деп армандап кетіпті. Әрине, бұл – осы жұмбаққа толы өңірдің біз білетін бір ғана шағын эпизодтары.

Үшбас ауылы төңірегіндегі Қорған­төбе, Қамыр әулие, Қа­рауылтөбе, Ақжар – Х-ХІ ғасыр­лардан қалған қорған-қамалдар, ежелден келе жатқан тарихи орындар. Қорғантөбе қамалы – ежелгі заманның естелігі. Жан-жағына терең ор қазылған көлемі 200х200 метрдей ескі қорған. Ортасындағы биіктеу дөңдегі қираған қызыл кірпіштерді көріп, мұнда ғимарат болғанына көз жеткізесіз. Қорған ішіне арық кіргізілген. Көнекөз қариялардың айтуынша, өткен жүзжылдықтың 50-ші жылдарына дейін қамал ортасында шыңырау құдық болған, кейін уақыт келе ол жабылып қалған. Әрине, уақыт, шіркін, мына жалпақ дүниені көндіріп, тарихты көмескілентіп барады. Жыл өткен сайын көз алдымызда қорған-қамал тапталып, шөгіп барады...

Ал Бастөбенің ең биік жерін­де 20х25 метрдей тегіс алаң бар. Жан-жағында ежелгі күйген кірпіштер сынығы шашылып жатыр. Ертедегі жау­гер­шілік заманда бұл жерде қарауыл ғимараты болған дей­ді айтушылар. Ақжарда да жауын-ша­шын ескі дәуірдің куәсі – күй­ген кірпіштер мен сын­ған құ­­мыралардың қалдығын «жа­лаңаш­­тап» барады. Қаншама көне қалашық топырақ басып, құм ас­тында жатыр?

Қамыр әулие мазар-кесене­сі Үшбас ауылынан 1,5-2 шақы­рымдай жердегі ескі бейіттер ортасында дара тұр (Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданында ислам діні негізіндегі шығыстың бүкіл білімімен өз бойын дамытқан көрнекті тұлға Марал ишан Қамыр ана жанында жерленген. Қамыр ана туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ел сөзіне құлақ салсақ, Қамыр ана­ның баласы мен күйеуі жау қолынан өліп, өзі жалғыз қалған­да Алладан жәрдем тілеп, зар жылап, «Өлетін жерімді әулие қыл, басыма халық зияраттап келсін. Болмаса, қасыма әулие кісі жатсын, дұғасыз қалмайын», деп күндіз-түні жылап, дұға ете берген. Марал ишанға Қамыр ананың қасына жерленуі жайын­да берілген аянның бір сыры да, Жылауық ана деп те аталатыны содан. Көкжондағы Қамыр әулие екеуі арасында еш байланыс жоқ деп топшылаймыз). Сырт көрінісінде ерекше сәулет жоқтың қасы. Қабырғалары күй­дірілген қызыл кірпіштерден төрт құлақты етіп қаланған. Бұны ХІІ ға­сырдың туындысы деседі. Кезінде төбесі күм­безделген кө­рікті кесене болыпты, уа­қыт келе жауын-шашыннан, зілза­ладан бір­неше рет бұзылып, жер­гі­лік­ті азаматтардың қолы­­мен қа­рапайым түрде қал­пына келтірілген екен. Оның төңі­регін­де топырақ басқан сан­даған кір­піштер үйіндісі көзге ілінеді. Ешкім оның алғаш­қы көрінісі қандай бол­ғанын кесіп айта алмайды, алғашқы суреті еш жерде сақта­л­маған. Қазіргі кесене қабырға­ларының қалыңдығы 60 см, күй­дірілген, салмағы жеп-жеңіл екі қатар қызыл кірпіштен қалан­ған, төбесі ашық. Ені, көлде­неңі – 4,6, ұзындығы – 6 метр­ге жуық, биіктігі – 2,2 метрден асады. Кесене ортасында қы­зыл кірпіш­пен қаланған бейіт бар.

Ертеректе бейіт басында бе­тін­де араб­ша жазуы бар ақ мрамордан белгі болған екен. Оны бір зерттеушілер «орта­лыққа апарып, не жазылғанын зерт­теп, қайтарамыз» деп алып кетіп, содан кері қайтармапты. Оны кімнің алып кет­кені, онда не жазылғаны еш пендеге белгі­сіз. Ерте кезден Қамыр әулие басына бала көтермей жүрген әйелдер, басына қиын­дық түскен жандар, денсаулығы сызат берген сырқаттар зиярат етіп, дұға оқып, садақа беріп, әулие басындағы бұлақ­тан су ішіп, қорым басына түнейтін бол­ған. Қазір де сол дәстүр жалғасып келеді. Тарихшылардың оны зерттеу­ге құл­қы жоқ, тарихқа деген енжарлық па, білместік пе, әйтеуір себебі аз емес. Содан «жабулы қазан, жабулы» күйінде қалып келеді.

Қамыр әулие кесенесі осы күнге дейін Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекеттік тізімге енбегені қызық. Өлкетанушылар арасында да ол туралы еш мәлімет жоқ. Көне тарихтың куәгері болып, Көкжон өңірінде жаз бен көктемнің жауын-шашынына, қыс пен күздің боран-қарына дес бермей, бар сырын ішіне бүгіп, бедірейіп, желдің өтінде, елдің шетінде Қамыр әулие кесенесі тұр. Ол киелі мекен өз зерттеушілерін күтіп жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Баба жайлы бар мұраның аңыз бен ақиқатын ажыратып, тұтас елге ғылыми тұрғыдан таныту – кезек күттірмейтін жұмыс.

Иә, біз әңгіме етіп отырған Қамыр әулие – осы Көкжон айма­ғында аңызға айналған тарихтың бір үз­ігі. Сол қасиетті орынды қас­терлеп, жаңғырту – біздің, қазіргі ұрпақтың міндеті.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы аясында «Қазақстан­ның киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша өңірлік қа­сиетті нысандар тізіміне сұ­ра­нып тұрған орынның бірі – Қамыр әулие кесенесі. Қамыр әулиені көпшілік болып қол­ға алып, жергілікті атқару орган­дарының көмегімен оған рес­таврациялық жұмыс жүргізіп, сәулетшілердің ұсынысына сай ежелгі қалпына келтірсек, артық болмас еді. Киелі орындармен танысу – елдік бей­неміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Сарысу ауданының көлеміндегі Қамыр әулие, Шоқай датқа және де басқа қа­сиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, басқа жұртқа да әйгі­леуді назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Біз азды-көпті шолу жасап, жұрт назарын аударған Көсегенің Көкжонындағы ескі қорғандар, көміліп қалған қамал-қалашықтар, қасиетті орындар өз зерт­теушілерін күтіп жа­тыр. Өлке­тану­шы­лыр мен та­рих­шылыр да игілікті істен шет қалмай, өз үлестерін қосса дей­­міз. Қарт Қаратаудың жері талай қасі­ретті, зобалаң­ды бастан өтке­ріп, шын­­­дығы ашыл­ма­ған қан­шама құпияны қой­­науына бұғып жатыр.

Қорыта айтқанда, Жамбыл облысы­ның Туризм басқармасы, Сарысу ауданының басшылары біз көтеріп отырған мәселеге бейжай қарамай, назарларында ұстап, туристерді тартатын ішкі туризм бағдарламасына қасиетті Қаратау бойындағы шұрайлы аймақ, тарихы терең – Көкжон өңірін енгізгені абзал. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден бас­талады. Тарихты ояту – халықты ояту.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы,

Үшбас ауылы