Мектептің бұрынғы ғимараты 1970 жылы салынған екен. Енді шағын ауылдың балалары су жаңа білім ордасында оқиды. Оқу ғимараты заманауи техникалармен жабдықталған. Мұнда 14 оқу кабинеті, «Балдәурен» шағын орталығы, ұл-қыздарға арналған шеберханалар, жуынатын бөлек орындар, технология және физика-математика, биология-химия кабинеттері бар. Сондай-ақ зертханалық аудиториялар да жасақталған. Биыл Жалын мектебінің 1-сыныбына 9 оқушы қабылданды. Ал даярлық сыныбында 5, шағын орталықта 15 бала тәрбиеленіп жатыр. 2023-2024 оқу жылында жаңа мектепте 47 оқушы білім алса, оларға 21 мұғалім қызмет етеді.
Батыс Қазақстан облысының бір ерекшелігі – шағын елді мекендер саны өте көп. Мысалы, облыс аумағында екі қаладан бөлек, 416 ауыл бар. Бұлар – кезіндегі кеңшар орталықтары мен олардың бөлімшелері. Осы ауылдардың 371-інде мектеп бар. Оның 217-сі – шағын жинақты мектеп. Бұл – өңірдегі барлық мектептің 58,4 пайызы. Шағын жинақты мектепте бала саны аз болатыны түсінікті. Бірақ әр балаға сапалы білім беру үшін мектептің педагогикалық ұжымы толық әрі жоғары санатты болуы керек. Бірақ ол көбіне мүмкін емес. Ал ірі елді мекендерде интернат салып, оқушыларды бір жерге жинақтау ісі білім сапасын арттыруға ықпал еткенімен, шағын ауылдардың болашағына балта шабады. Мектеп жабылған соң ауыл да тарайды. Өйткені ауылды сақтап тұрған мектеп екені түсінікті.
– Батыс Қазақстан облысының географиялық, тарихи, шаруашылық дамуы секілді факторлар себебінен осындай жағдайдамыз. Яғни өңірдің экономикалық дамуында ауыл шаруашылығы саласының рөлі басым болғандығынан шағын елді мекендер көп. Сондықтан болар облысымызда әлі күнге дейін саманнан, ағаштан салынған 48 мектеп бар. Ал облыс орталығы – Орал қаласында үш ауысымды мектеп саны көбейіп барады. Бұл жағдайды шұғыл шешу үшін барынша жоспарлы түрде әрекет етіп жатырмыз, дейді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Оның айтуынша, 2023 жылдың басынан бері облыстың 7 ауданында 16 шағын жинақты мектеп құрылысы басталған. Мұндағы 8 мектеп – 60 орындық болса, қалған 8-і – 108 орындық. Бұл мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы былтыр әзірленген. Білім күні ашылған Жалын мектебі – осы мектептердің алғашқысы. 15 мектептің құрылысына қаржыны «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында бөлсе, Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы мектепке қаражат жергілікті төтенше жағдайларға арналған резерв бюджетінен қарастырылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 18 мектеп салынады. Оның 9-ы – Орал қаласында, қалған 9-ы аудандарда бой көтереді. 18 жайлы мектеп екі ауысымда 32 400 баланы қабылдайды деп күтіліп отыр. Оралдағы 8 мектеп сәйкесінше Зачаганск пен солтүстік-шығыс бағытта салынады. Біреуі мектеп қала орталығындағы апатты мектептің орнына бой көтереді, – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек облыс аумағында республикалық бюджет қаржысына тағы да бірнеше мектеп салынып жатыр. Оның біреуі Қазталов ауданы Жұлдыз ауылында Білім күні қарсаңында пайдалануға берілді. Қазталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева мектебі биыл қараша айында ашылмақ. Жақын арада Орал қаласындағы №31 мектептің қаржыландыру мәселесі де оң шешілмек. «2025 жылдың соңына дейін Батыс Қазақстан облысында 36 мектеп бой көтереді. Биыл 23 мектеп салынып жатыр. Бұл тәуелсіздік тарихында біздің өңірдің рекордтық көрсеткіші, бұрын бір жылда мұншама мектеп салынбаған екен», деді Б.Нарымбетов.
Батыс Қазақстан облысы