Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жетіжылдық мерзімге сайланғаннан кейін алғашқы Жарлығын ауыл шаруашылығын дамытуға арнағаны мәлім. Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында да осы салаға ерекше назар аударды.
«Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.
Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деді Президент. Мемлекет басшысы өндірілген өнімді өңдеуге ынталандыру мақсатында Үкіметке салық саясатын қайта қарауды тапсырды.
Сондай-ақ осы салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болатынын, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұру үшін сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажеттігін айтты.
Бұл ретте «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы көрсетілген 100 млрд теңге мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бүгінде 100-ден аса ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі етіп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде де солтүстікқазақстандықтардың тәжірибесін басшылыққа алуды тапсырды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, ауыл шаруашылығының білікті маманы Айдарбек Сапаровтың Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуы осы салада соны серпіліс жасау үшін қажетті де қисынды шешім болды деп санаймыз.
Ойлап қарасақ, Мемлекет басшысының еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ірі кәсіпорындарға арқа сүйеу туралы пайымы тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан өмір шындығын ескеруден және халықаралық тәжірибені талдаудан туындаған тәрізді. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кеңшарларды жаппай жекешелендірудің салдарынан ауыл шаруашылығы құлдырап, алтын бесік – ауылдарымыздың көпшілігінің тоз-тозы шыққаны белгілі. Ал ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын сақтап қалған Беларусь Республикасы азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеуде елеулі жетістікке жетіп, қазір Еуразиялық экономикалық одақ нарығына бәсекеге қабілетті тауарлар шығарып отыр.
Мемлекет басшысының: «Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», деген ұстанымы да қазіргі заман шындығына ден қойған әрі дер кезінде қабылданған шешім деп білеміз. Ол экономиканың барлық саласының, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған ауқымды міндеттерді табысты іске асыруға оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Осы орайда Үкімет қазірдің өзінде отандық бизнесті қорғау шараларын қолға алып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдың сәуір айында контрабандамен күресу үшін Ресей бидайын автокөлікпен жеткізуге жартыжылдық тыйым салды. Кейін бұл тыйым 2024 жылдың сәуіріне дейін ұзартылды. Сондай-ақ 2023 жылғы 11 қазаннан бастап аталған көрші елдің бидайын теміржолмен әкелуге де шектеу енгізіліп, тек ұн тартатын кәсіпорындарға, құс фабрикаларына және лицензияланған элеваторларға рұқсат берілді.
Мемлекет басшысы ауылды көркейту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың да өте маңызды екенін айта келіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің өзара бірігуі үшін қажетті жағдай жасауды ұсынды.
«Бұл – құптарлық ұсыныс. Осыдан бес-алты жыл бұрын теріскейдегі танымал серіктестіктердің бірі ауылына 174 млн теңгеге спорт кешенін салып берді. Бәріміз жарыса жаздық, мақтадық. Кейін әлгі шаруашылық бір жылда мемлекеттен 2 млрд теңгедей субсидия алғанын білдім. Бидайын, еті мен сүтін сатқаннан түсетін пайдадан бөлек, яғни қайтарымсыз келген ақшаның 10 пайыздайын ғана жұмсаған. Оған да шүкір. Ал қалтасына басып алып жатқандары қаншама?!
Президент айтқандай, машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Сонау кеңес заманында шығарылған ескі тракторларды жамап-жасқап жүріп жатқандар – шағын шаруашылықтар. Сондықтан субсидияны бірінші кезекте соларға беру керек», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Ербақыт Амантай.
Ауылды өркендету үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына субсидия беруде тәртіп орнатумен қатар, бүгінде өздерін баяғының помещигіндей сезінетін көптеген шаруашылық басшысының қарамағындағы жұмыскерлерге лайықты жалақы төлемейтінін де естен шығармаған жөн. Соның салдарынан қазір ең төменгі орташа жалақы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болып отыр. Сол себепті шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің басшыларын түскен табысты әділ бөлуге міндеттейтін заңнамалық шешімдер қабылдау қажет деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығын дамытуға дербес Су ресурстары және ирригация, Көлік министрліктері құрылғанының да оң әсері тиюге тиіс. Мемлекет басшысы судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғанын айта келіп, Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдарды пайдалану бойынша көршілес әрі достас елдермен әрдайым өзара келісімге келу керектігіне, ал шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар қажеттігіне, сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды екеніне баса назар аударды. Бұл ретте биылғы шілде айында Жамбыл облысында ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан жергілікті шаруалар шығынға батқандығына байланысты алты ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға тура келгені ойға оралады. Су мәселесі өзге өңірлерде де өзекті.
«Су шаруашылығы және ирригация министрлігіне үлкен үміт артамыз. Мысалы, Ертіс өзенінің суын ұтымсыз пайдалану Павлодар облысының жайылымдық жерлерінде шөптің құрып кетуіне әкелді. Бұдан өңір тұрғындары зардап шегіп отыр. Стратегиялық нысан дәрежесіне ие – Сәтбаев каналының жағдайы да қыл үстінде. Су шаруашылығы нысандарының құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатыр», дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов.
Көлік министрлігін қайта құру қажеттігі туралы айта келіп, Мемлекет басшысы: «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады», деп қатаң ескертті. Шынында да, жұртшылық өңірлерде салынып жатқан автокөлік жолдарының сапасыздығы туралы жиі дабыл қағып жүр. Мәселен, жақында Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Саумалкөл-Светлое бағытындағы жолға жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының сын көтермейтіні жайлы шағымға байланысты хабарласқанымызда өңір басшылығы мердігер ұйымның атқарған сапасыз жұмысы қабылданбайтынын мәлімдеді. Бұл жолдың енді қашан жөнделіп бітетіні белгісіз. Көлік министрлігі осындай берекесіздік пен былық-шылықтың алдын алу шараларын қолданса, құба-құп.
Түйіндей келе, Мемлекет басшысының Жолдауы ел экономикасында соны серпіліс жасауға мүмкіндік беретін нақты бағдарларды айқындап берді. Демек ауылдың еңсесі көтерілетін кез де келді.