Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аузы дуалы, сөзі уәлі ағаларыма ортақ тағы бір қасиет – ортадағы ойдан ешқашан ауытқымай өмір сүретіндігі. Әрине, әділетті болу – айтуға оңай. Өйткені ондай деңгейге жету үшін адам ең алдымен мейірімді болуы керек. Алайда мейірімді адамға – біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы. Дәл осы көңілшектік қасиет көп адамды сара жолынан тайдыратынын талай көрдім. Ал олар тұла бойы тұнған мейірімділік бола тұра, әңгіме әділеттілікке келіп тірелсе, туғанына да тура қарап құдайшылық сөзін айта алатынының куәсі болып жүрмін. Айтары жоқ, мейірім мен әділеттіліктің адам бойына қатар қонатыны – қандай керемет үйлесім!
Олар құламайтын үштаған ошақ секілді. Құдай біледі, мұның өзі, мүмкін, асыл ағаларымның алдымда ұзақ жүргенін тілегенімнен шығар. Жалпы, қазір адамзаттың жасарып келе жатқанын ескерсек, олардың олжа жасы ұзағырақ болатынына көбірек иек артамын. Неге дейсіздер ме? Негесі сол, үшеуі де творчестволық белсенділігі мен ой еңбегін тоқтатқан емес. Үшеуі де сексеннен асты. Ал бүгінгі әңгіме тоқсанның есігін бірінші болып қаққан Әкім Тарази туралы.
* * *
Әкім ағаның шаңырағына алғаш рет барғанымда тосын жағдайға тап болғаным бар. Роза жеңгей екеуі ханталапай ойнап отыр. Таңсық тартыс. Керемет көрініс. Ұмытылмас ұйысу. Жер ортасынан ауғанда асық ойнау ақ жүректі адамдардың қолынан келеді. Жан тазалығы адам күлген кезде көзінен байқалатынын осы кісілерден көрдім. Мәңгілік заңы осындай ешкімнің басына келмейтін іс-қимылдан бастау алатыны тағы рас. Ақықтықтың иісі аңқып тұратын мұндай жандардың гравитациялық күші өзіне тартпай қоймайтыны – тәтті құбылыс. Елжіреген кезде жүрегің атша тулап, аузыңнан шығып кете жаздайды. Мұндайда жанның мәңгілік материалдан жаратылғанына сөзсіз сене бастайсың. Тәттілігі неде? Тылсымдығында дер едім. Жұмбақ сезімнің түбіне жете алмайсың. Бұл құбылыстың мәңгілік болатыны содан.
Мақаланы осылай бастауымның мәні бар. Менің түсінігімде, жаны таза адамнан ғана гуманист жазушы шығады. Маған кейде, кейде емес-ау, үнемі деп айтайыншы, Әкім ағаның жүрегі өмірдің барлық қалтарысын қапысыз қағып тұрған күміс қоңыраудай, тіршіліктің бүлкіл қаққан бүкіл тынысын бағып тұрған сергек шырақшыдай елестейді. Көздеп айтпағым, мұндай жүректі Алла Тағала тек сүйген құлына сыйласа керек. Ал енді осындай жүректің нариман табиғатын толыққанды бояуымен жазып шығу – қиынның қиыны. Десе де, тоқсанның тұғырына аптықпай, бабымен қонған бекзат болмысты дегдар туралы көңіл түкпіріндегі көркем сөзімізді айтпай қалу – арымызға сын. Қолға қалам алғанымыздың сыры осында.
Құбылыс құлпы кім көрінгеннің кілтімен ашыла берсе, несі құбылыс? Жан баласы жатырқамайтын Әкім Таразидің құдіреті неде екенін көпке дейін түсінбей келгенімді жасырғым келмейді. Мұның сырын бертін келе ұқтым: оның шығармашылығынан салған бетте көзге көрінбейтін күрделілікті іздеп, күйбеңге түсіппін. Шынында да, мұхит түбінде жататын жауһар кім көрінгеннің көзіне ілінуші ме еді? Дау жоқ, тереңіне сүңгімей жатып жазушыдан күрделі нәрсе іздеуге асығудың қажеті бар ма? Осы риторикалық сұрақтан кейін оның шығармашылығының құтты қазығы қарапайымдылықпен қағылғанын жазбай таныдым. Сондықтан да салиқалы суреткер Әкім Таразиді мен кейде Бернард Шоуға ұқсатамын. Әкім аға да Шекспирден кейінгі ұлы драматург сияқты қарапайым құндылықтар мен қағидаларға сүйеніп отырып-ақ шығармашылықтың алтын кілтін таба білген бақытты жазушы екенін түпкілікті түсіндім.
Оның әдебиетімізге қосқан ұшы-қиыры жоқ үлесін ақыр-тақырына дейін айтып шыға алмайтынымды білемін, бірақ осы бір оймақтай ойымды түсіндіре кетсем деймін. Шынында да, Тарази қарапайымдылығының құлпын қалай ашуға болады? Оның шығармалары несімен алға озып тұр? Біріншіден, жазушының ешқашан апофеозға берілмейтіндігі қуантады. Ол қаншалықты күрделі тақырыпты көтеріп отырса да, кейіпкерін де, оқиғаны да, ең аяғы құбылысты да заңғар тұғырға көтеріп, идол жасамайды. Екіншіден, Әкім Тарази – тілі тәтті болғанымен, діні қатты, эмоцияға бой ұрмайтын қаламгер. Әрине, сөздің жақсы мағынасында. Осы тұрғыдан алғанда ол – нағыз покерфейс. Үшіншіден, етінен ет кесіп алсаң да, фанаберияға бармайтыны да – Әкім ағаның қарапайымдылық қағидаттарына барынша бағынатынының айқын дәлелі. Кейіпкерін өзін-өзі ақтамайтын жалған намысқа, әсіреқызыл тыраштануға қимайтыны да сондықтан болса керек. Осы киелі қасиеттерді құрап тұрған үшбұрыш – қалай қойып ұрсаң да сындыруға келмейтін сиқырлы фигура. Көрдіңіз бе, Әкім Тарази дарынының өміршеңдігі осында жатыр.
Сөзіміз жалаң болып қалмасын. Бір ғана мысал. Әкім Таразидің «Қорқау жұлдыз» романының бас кейіпкері Сәлиманың аузымен айтылатын сөз бар: «Әділдік неге әлсіз болуы керек? Қиянат неге құдіретті болу керек?». Осы ой жазушының көптеген шығармаларының тезисі екені даусыз. Бұл екі сұрақтың астарында жазушы өмір сүрген қоғамның ащы шындығы жатыр. Жазушының соны кестелі көркем шындыққа айналдыра білгені – ең басты шығармашылық жетістігі. Жазушының өмірлік ұстанымы да осы тұста айқын аңғарылады. Социалистік қоғамның іштен шіріп жатқан идеяларына деген жазушы қарсылығы қарапайым жолмен жүзеге асады.
Неге олай деп отырмын? Шығарманың нүктесін қоятын Сәлиманың соңғы әрекетінен жазушының социалистік қоғамға деген бунтарлығын рухани көкірегі көксау адамның өзі байқайды. Цивилизациялық деңгейге ұмтылу ниеті жоқ қоғамда жазушы күрделі күрестің еш нәтиже бермейтініне бек сенімді болған. Сондықтан тағы да қарапайым жолды таңдайды. Өркениетті бунтарлықтан саналы түрде бас тартады. Әлеуметтік афонияға тап болған қоғамның стреске толы көңіл күйін барынша зергерлік дәлдікпен салқынқанды көрсетудің басқа жолы ол кезде ешкімге бұйырмағанын еске алсақ, мұны жазушының қарапайымдылық бунты деп түсінген абзал. Аталмыш бунттың басты артықшылығы жазушының қысқа да нұсқа, анық та қанық лапидарлық стилінде жатыр. Жазушы осы түйін арқылы кейіпкер мен қоғам визавиінің бүкіл қарама-қайшылығын оқырманға батыл жайып салуымен төрге шығып тұр.
Социализм қоғамында қатып қалған заңдылықтарды жеңудің басқа жолын табудың мүмкін еместігіне әбден көзі жеткен Сәлима сот ғимаратына өзін-өзі өртеп, кіріп баруы – қарапайымдылық бунтының символикалық көрінісі. Онсыз да шығарманың саспенсін сарыла күтіп отыратын оқырманын одан зорғы оқиғаның куәгері ету арқылы оны телегей талдауға мәжбүрлейтіні – жазушының тағы бір тапқырлығы. Қаламгер өзінің ең басты прерогативасын дәл осы жерде молынан қолданады. Оның үстіне, аталмыш процесс барысында нәзік детальдарды шебер пайдалана білетін жазушы өзінің филиграндық шеберлігіне ерекше жүгінуімен де оқырманын тәнті етеді.
Әкім Таразидің суреткерлік позициясынан өз шығармаларында өмірдің мәнін таба алмаған Джон Апдайк кейіпкерлерінің шарасыздығы қылаң бергендей болады. Олай дейтінім, Әкім Таразидің көп шығармаларына тән көзге ұрып тұратын құбылыс тағы алдыңнан шығады. Әділеттілік бұл жолы да жеңіліс табады. Шығарма хеппи-ендпен аяқталмайды. Дей тұра, Әкім Таразидің ең басты қаламгерлік принципі осы жерден қылаң береді. Әр шығармасын саналы түрде бақытты сәтпен аяқтамайтын жазушы социалистік құрылысқа қарсылығын кейіпкерін құрбандыққа шалу арқылы сездіріп отырады.
Иә, оның кейіпкерлері жеңіліс табуы мүмкін, бірақ жазушының жеңіске жеткенін бірден білесіз. Социалистік жүйеге қылыш алып жүгірудің басқа қандай жолы болуы мүмкін? Жазушы үшін. Сөз жоқ, Әкім Тарази өз кейіпкерінің құрбандығы арқылы өзін титықтатып біткен жүйенің күндердің күнінде тып-типыл болатынын меңзеуден шаршамайды. Осы позициясы өз жемісін беретінін жазушы күнілгері білгеніне қайран қаласыз. Коммунистік қоғамның күйіп тұрған кезінде ақиқаттан айнымай, аберрацияға бой бермеген шыншыл қаламгерге қол шапалақтағың келіп тұрады.
Жазушы үшін көркем шығарма жазғаннан асқан ләззат жоқ. Дегенмен осы процесс барысында белгілі бір қатып қалған, қасаң ережелерге байландым дегенше, бұл ләззаттан қағылдым дей бер. «Шығармашылық азабы» деген түсінікті қалыптастырған «тәртіпті», «ұқыпты» жазушылар болар деп ойлаймын. Әкім Тарази – қазіргі заманда жазушыға тек эмоционалдық коэффицент пен эпатиясының мықты болуы аздық ететінін әдебиет пен драматургияда шымыр шығармаларымен дәлелдеген тұлға. Ғажап туындыны өмірге алып келу үшін интеллектуалдық коэффицент пен логиканың да ауадай қажет екенін тап басқан ол бүгінгі күні «айхай-ойхой» тәрізді «ән-күйдің» бәрі оқырманға өтпейтінін о басынан білгендігімен құнды көрінеді.
Көпке дейін кино өнерінің сценарий саласында тер төгіп, түрлі басшылық қызметте болған Әкім Тарази өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі шығармашылығында адамгершілік ізгі қасиеттерден қол үзе бастау, психологиялық төмен ахуал және басқа да толып жатқан келеңсіздіктерді терең философиялық тұрғыда ашуға біржолата ден қоя бастады. Көркем әдебиетте қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынас түзу сызықпен дамымайтынын әлімсақтан білетін ол конфликт барысында жағымды деп отырған кейіпкердің өзі қателіктерге ұрынатынын «Тасжарған» романындағы Омар образымен келістіре көрсетіп берді. Ал «Аяз бен Бибі», «Қос шынар» повестерінде кәнігі кәсіби қаламгер өз шығармашылығының мәні ретінде ар-ұждан деңгейін алдыңғы планға шығара білді. Кейіпкерлердің адами бейнесі арқылы автор ең алдымен қоғамдық шындықты ашуды көздеді. Достық пен арамзалық, өрлік пен бейшаралық, адалдық пен қараулық сияқты антагонистік қасиеттерді өзінің эстетикалық талғам биігінен характерлердің қарекеті арқылы талқыға салды.
Осы ұмтылыстардың бәрі оны модернистік шығармалар жазуға алып келді. Солардың қатарында «Тасжарған» мен «Жаза» романын айтуға болады. Қоғамдағы тоғышарлық элементтердің түрлі көрінісі – Әкім Тарази прозасындағы ірі тақырыптың бірі. Жазушының адамгершілік-гуманистік ізденістері көркем әдебиеттегі замандас проблемасына тереңдеп барудан, қоғамның азып-тозып бара жатқан келбетін қаузап ашудан анық байқалды. Шығармашылығының дәл осы кезеңінде дүниеқоңыздық пен мещандық сияқты өмірдің келеңсіз тұстарын барынша көрсетуге бет бұрған жазушы «Кеңістік – Уақыт – Адам» философиялық қарым-қатынасындағы трагедиялық пафостың спецификасын ашуға күш жұмсады. Дәл осы талпынысы арқылы жазушы образдардың пессимизмге ұрынуынан бұрын жамандық атаулыны шыншылдықпен көрсете отырып, оның түпкі себептерін іздегенін байқайсыз.
Білімдарлық пен ойлылық сияқты дара қасиеттері логикалық жолымен сындарлыққа алып келген реформатор-жазушының заманауи әдебиеттегі жаңалығы не? Мен айтар едім, Әкім Тарази «Жаза» романында модернизмнің бір тармағы болып табылатын экзистенциалистік дәстүрді қазақ прозасына әкелді. Осы ағымның адам мәселесін шешудегі рөліне ерекше көңіл бөлген жазушының интеллектуалдық өрісі әлемдік әдеби процеске сүбелі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Олай дейтінім, Әкім Тарази образ сомдауда болсын, характерді ашуда болсын, кез келген оқиғаның шешімін табуда болсын, ең аяғы өзінің басты идеясын апогейіне жеткізуде болсын, оның қаламгерлік қарымы адамзаттың бүгінгі даму үрдісімен үндесіп жатады. Осының өзінен жазушының рухани кемелдігі мен салыстырмалы түрдегі еркіндігі бой көрсетеді.
Адам болмысын дербес шынайы ақиқат деп түсінетін тарлан туындыгердің кейіпкерлері жеке мақсатына ұмтылу барысында өз табиғатына үңіліп, өзін-өзі тануға ұмтылатындығы әлгі айтып отырған экзистенциализм бағытының негізгі тенденциялары екені дау тудырмайды. Қаламгер «Тасжарған» мен «Жаза» романдарының бас кейіпкерлері Омар мен Абоның образдарын ашуда осы ағымды барынша қолдана білген. Білімнің көзі адам тұлғасының нақты болмысын талдаудан басталатынын бес саусағындай білетін жазушының кейіпкерлері адам болмысын ғана шынайы ақиқат деп түсінеді. Олар жеке мақсатына ұмтылу арқылы өзін-өзі тануға жол ашады. Алайда қоғамға ортақ идеологиядан алшақтаған кезде ғана абсурдтық өмірден өзін-өзі құтқарып алатынына сенгенімен де, адам бәрібір күнделікті өмірде өзінің қайталанбайтын тұлға екенін сезіне алмайды. Басты кейіпкерлердің барлық трагедиясы осында жатқанын екі кесек туындыны санасына салып оқыған адам байқамай қалмайды.
Дей тұрғанмен, экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбитінін жадымыздан шығармаған жөн. Олай болса, бұл адам мен ортаның байланысы жоқ деген томаға-тұйық идея дегенді білдірмесе керек. Мұнда басты мәселе жасырынып жатыр: экзистенциалистік тұжырымдамаға біржолата сүйенген жазушы қоғамдық қатынастарды абстракция, негізгі шындықты субъективтілік деп қарастыруының арқасында қоғамда қордаланып қалған мәселелерді барынша батылырақ көтеру үшін өзіне-өзі сүрлеу салып алған. Осы сара жолды тап басқан ол өз туындыларының структурасына су тигізбей, абыроймен алға қойған мақсатына ылғи да жетіп отыратыны – шеберліктің шыңы.
Омардың бойынан байқалатын жалғыздық қасіреті мен өзі өмір сүріп отырған ортамен үйлесім таба алмауы экзистенциализмнің күрделі концепцияларының кесек турайтын тармағы болып табылатын «жатсыну» сияқты ұғымға жататыны дәлелдеуді қажет етпейді. Жалпы, дүниетанымдық мәселеге тек материалистік тұрғыдан келу үстемдік құрған кеңестік дәуірдің кезінде осы концепцияға батыл бара білген Әкім Таразидің жазушылық даналығы мен көрегендігі дәл осы тұста жарқырай көрінеді.
Бұл тұрғыда Әкім ағаның туындылары әлемдік әдебиеттегі Жан Поль Сартр, Джон Апдайк, Кобо Абэ секілді жазушылардың шығармаларымен идеялық жағынан тамырлас болғанымен, позициялық тұрғыдан алғанда айырмашылық жер мен көктей. Айталық, Жан Поль Сартр жалғыздықтан жалығып кеткен қаһарманының бас бостандығының проблемаларын қозғаса, Джон Апдайк адам басқалардан қашқанымен, өзінен қаша алмайтынын зерттейді. Ал Кобо Абэ адамның қоғамнан тыс өмір сүре алмайтынын дәлелдесе, Әкім Тарази өз кейіпкерінің оқшаулану процесі арқылы қоғамдық құрылысқа деген авторлық ашу-ызасын білдіреді.
Адамның өзін-өзі танып-білуі мен өмір сүруінің мәнін философиялық тұрғыдан қарастыратын Әкім Тарази кейіпкерлерінің оқшаулану процесі өзіне назар аудартпай қоймайды. Әсіресе «Тасжарған» романында адамның онтологиялық жалғыздығы ең басты фокуста көрінеді. Мұнда адамның өз-өзінен жатсынуын да, қоғамнан жатсынуын да сезесіз. Бұл жерде философияның болмыс бөлімін терең меңгерген Әкім Тарази қоғам мен жеке адамның бір-бірінен алшақтауына ерекше екпін береді. Осылайша, жаңашылдыққа жаны құмар жазушы адамзаттың қазіргі дамуында жатсынудың абстрактілі теориялық негізі бар проблема екенін біздің әдебиетімізге батыл енгізгенімен есте қалды.
Әкім Таразидің «Андрей» деген туындысы бар. Сексен жасында жазған дүниесі. Автобиографиялық әңгіме сияқты көрінеді. Бірақ олай емес. Шағын шығармада қазақтың тағдыры мен трагедиясы қан құсып жатыр. Бұл – қазақтың қара сөзбен жазылған реквиемі. Десе де, жоғарыда айтқанымдай, жазушы бұл әңгімесінде де қара аспанды қапылтып отырып, қалам тербемейді. Аһыламайды, уһілемейді. Болған оқиғаны эмоцияға берілмей баяндайтын оның ақпаратты тамаша жеткізудің сторителлинг әдісін шебер меңгергеніне риза боласыз. Соның нақ дәлелі, өз позициясына әманда берік сындарлы суреткер қарапайым қалыппен отырып-ақ сені қадау-қадау ойларға жетелейді.
Ең таңғаларлығы, елу жылдан бері көкірегін шерменде қылып келген оқиғаны асқан сабырлықпен сенің жүрегіңе қалтқысыз қондыра салатынын қайтерсіз? Сенің жадыңды әлі толық жаулап алмаған ұлттық қасіретті шертпе күйдің орындаушысындай жымын білдірмей, тігісін жатқызып, миыңның мың қатпарына құйып тастайды. Содан кейін ойланбай көр. Содан кейін қаның қайнамай көрсін. Содан кейін ата-бабаңның көрген қиянат-қорлығын бар жаныңмен сезінбей көр. Осының бәрінен кейін ақылы мен болмысы алпыс атанға жүк болғанымен, жүрегі жалғандыққа үзіліп кеткелі тұрған жазушыны тірі классик деп айтуға да құлағың қызара қоймайды. Бір анық: оқырман алдындағы өз миссиясын дәл осылай ғажап орындайтын жазушы аз.
«Андрейден» бір үзінді келтірмеске болмады: «Содан кейін Манана маған сұқтана қарап тағы біраз отырды да, күтпеген жерден, оқыс: – Аким өте сымбатты бала екен. Маған ұнады, сенен гөрі ақылды сияқты, – деді Андрейге бұрылып. – Сен шалапайсың, Андрей, мынау алысқа баратын бала. Көзін көрдің бе, қандай! Көзі ойлы. Сәл ғана бірдеңені ұнатпай қалса, көзінен от шашады. Бұл даланың адамы ғой. Бұлардың арғы тегі – қыран. Мен білем қазақтарды, – деді».
Мананамен келіспей көр. Мен де келісемін. Қазақтарды жаппай қыруға саусағының ұшын тигізген армян әйелі сол кездегі 27 жастағы Әкімнің отты көзінен үрейленіп айтқан сөзінде қазақтың қырық бір киелі қасиеті жатыр. Шынында да, Манана әулие екен дерсіз, көзі бар келіншек қазіргі заманғы қыран қазақ Әкім Таразиді жазбай танығанын айтсайшы! Ол қазір – даланың адамы ғана емес, сол кең-байтақ кеңістіктің үстінен ұшқан дарабоз дауылпаз. Қазақ елінің боямасыз шежіресін жасаған жампоз жазушы. Туған халқының палитрасыз портретін жазған сұңғыла суреткер.
* * *
Екі-үш ай бұрын ағамыздың он екі томдық шығармалар жинағының тұсаукесерінде болғаным бар. Сол жерде Нұрғиса Дәуешов пен Арман Жүдебаевтың қосыла тартқан күйін беріле тыңдап отырған Әкім ағаның әлгі Манана айтқан от шашқан көздеріне үңіле түстім. Бұл жолы ол бірдеңені ұнатпағаннан емес, өз елінің күндердің күнінде ғажап ел болып кететінін көріп отырған дана көздің отшашуындай елестеді. Тума талантымен тасжарған Таразидің отқарағына жаным жадырап, ұзақ қарап тұрдым.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ