Күйші Айтбай ағамыз халық батырына арнап жазған туындысын өткен ғасырдағы 60-жылдардың басында шығарса керек. Сол кезде Амангелді Имановтың 90 жылдығы аталып өтіпті.
Міне, содан бері де алпыс жыл уақыт өтті. Тыңдарманға жол тартқан бейнебаянда «Амангелді дүбірін» дарынды күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Астана қаласы әкімдігі Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрімен бірге орындайды. Оркестр дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.
– Айтбай ағаның көзі тірісінде осы шығармаға бейнебаян түсіруді көптен бері ойлап жүрдім. Соның сәті батыр бабамыздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында іске асқанына қуаныштымын. Бейнебаян Қорғалжын ауданында түсірілді. Сондай-ақ біз «Бас сардар» атты деректі фильм жасадық. Сондағы кейбір сюжеттерді осыған пайдаландық. Бейнебаянның бір ерекшелігі, мұнда күй желісімен оқиға өрбіп, актерлер ойыны көрсетіледі. Бейнебаянда батырдың анасы Қалампыр Қақуқызы, Әбдіғапар Жанбосынұлы, Міржақып Дулатұлының бейнелері бар, – деді осы игі іс-шараны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен «Амангелді Иман» қорының басшысы, батырдың ұрпағы Толқын Сұлтан.