«Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес», деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда айтқымыз келгені саналы, жігерлі, бастамашыл, тәуекелшіл, жан-жақты азамат өзінен-өзі пайда болмайды. Бұл қасиет ана сүтімен, отбасы тәрбиесімен, мектептегі тәліммен бірге қалыптасады. Сондықтан да адам капиталы, жеке тұлға баланың анасы мен әкесінен алған үлгі-өнегесіне байланысты. Отбасы институты мықты болса, елде демография дамиды. Сол көпбалалы отбасылардың ішінен кейін талай дарынды азаматтар шығады. Сонымен бірге қоғамда небір жаман оқиғалар, істер азаяды. Өйткені қоғам адамнан құралады десек, әр адам өзінің үйінде жақсы тәрбие көрсе, елде игі жақсылар көбейіп, олар тұтаса келе жақсы қоғам құрады. Кейін сондай азаматтардың ішінен небір ғалымдар, оқымыстылар, мамандар пайда болып, елге шын жаны ашитын азаматтар ел тізгінін ұстап, барлығы тұтаса келе Президентпен бірге бүкіл халық аңсағандай Әділетті Қазақстанды қалыптастырады.
Ал отбасы құндылығын сақтап тұру үшін де көп жұмыс қажет. Сол жұмыстың бірі – идеология. Идеологияны жүргізу – өздігінен болатын іс емес, оған да әжептәуір қаржы керек. Батыс өзінің салт-сана ұстанымын насихаттау жолында қырғын ақша жұмсайды, қаржыны аямайды. Сол секілді біздің ел де идеологиялық экспанцияға қарсы тұру үшін өзіміздің ұлттық салт-дәстүр ұстанымымызды насихаттап, әрбір қазақ шаңырағының бойтұмарына айналдыруымыз – парыз. Алайда ол қаражатты талап етеді. Сондықтан да бір жағынан экономикалық өсімге ерекше басымдықтың берілуі, біріншіден, әлеуметтік мәселені түбегейлі шешу болса, екіншіден, халықтың мәдениеті мен ұлттық руханиятын сақтаудағы әрекеттерге үлкен қолдау білдіру.
Осы ретте елімізде отбасының өзара ішкі татулығын сақтауға, беріктігін қамтамасыз етуге бағытталған әдемі бастама біраз жылдан бері қолға алынып келеді. Бұл – Үкіметтің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы шынымен де елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейді. Ұлттық байқаудың мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңызын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау.
Байқаудың шарты бойынша Шымкент қаласындағы әр аудан әкімдігінен, яғни Абай, әл-Фараби, Еңбекші мен Тұран аудандарының тұрғындарынан конкурсқа қатысуға өтініш келіп түскен. Биыл олардың саны – 178. Былтыр 128 болған. Көріп отырғандарыңыздай, байқауда бағын сынауға ниетті отбасылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл отбасылық құндылықты насихаттауға дәріптеуге арналған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі мен шынайы жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Сонымен байқау кезеңінде барлық ауданда комиссия отырыстары тікелей эфирде жүргізіліп, іріктеу кезеңінің қорытындысында әр ауданнан 4 үміткерден анықталды. Шымкент қаласы бойынша Бейісбеков отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, Астана қаласында өтетін Республикалық байқауға жолдама алды. Конкурсқа қатысқан барлық 20 отбасы да қала әкімінің атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Мегаполистің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұрат Шотановтың айтуынша, отбасы – қай заманда болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту арқылы келешекті жарқын ете аламыз.
Өз кезегінде біз байқау жеңімпазы Бейісбеков отбасының отағасы Болатбек Бейісбековтен байқау жөнінде, бала тәрбиесі турасында пікірін сұрап білген едік. Бүгінгі таңда жеңімпаз әулет республикалық конкурсқа қатысу үшін Астана қаласында жүр екен. Бейісбековтер қолөнерімен есімі елге тараған атақты әулет екені белгілі.
«Мен – негізінен теміржолшылар әулетінен шыққан адаммын. Бірақ суретшілік өнерді таңдағанда әкем байғұс қатты қуанды. Өйткені бабам Бейісбек өңірдегі мықты қолөнершінің бірі болған екен. Қыз жасауын, адамның бас киімінен бастап аяқ киіміне дейін жасайтын болған. Пойызда келе жатып кішкентай немерелеріме, балаларыма әкем кезінде «өнеріңмен халқыңа қызмет ет деген еді» дегенді айттым. Қарасам, шынымен де әкенің балаға берген осындай бірауыз өсиеті де тәрбие екен ғой. Қазақтың қолөнері біздің отбасын биікке көтерді. Кезінде қолөнер тұрмыс үшін қажет еді. Қазір оған таңғалып қарайтын жағдайға жеттік. Бес қыз, бір балам бар. Үлкен екі қызым ата-әжесінің тәрбиесінде болғандықтан, басқа саланы таңдады. Қалған бала-шағамыз өзіміздің қолымызда өскендіктен біздің жолды қуды. Бірақ біз оларға қолөнерші бол деп талап қойған емеспіз. Өздерінің қалауы. Қызым Венера айтпақшы, «қылқалам мен майлы бояудың арасында өскендіктен басқа мамандық таңдау ойымызға келмепті» дегені бар еді. 1980 жылдың басында Шымкенттегі Ә.Қастеев училищесін келіншегім Күләш Айдарбекова екеуміз бітіріп, 1989 жылға дейін Арыс стансасында суретші болып қызмет еттік те, кейін жеке өз арбамызды сүйреп кеттік. Содан бері жеке шығармашылықпен айналысып келеміз. Қолымыздан шыққан небір қазақтың қолөнер бұйымдары мен қылқалам туындыларын 3 қабатты өзіміздің галереямызға қойғанбыз. Шетелден келген туристер оларды көргенде таңғалып, қызығып кетеді. Осындай өнер туындыларын жасау үшін де бала-шағамызбен көп еңбектенеміз. Сонда байқағаным, қазақтың өнері де балаға берілетін тәрбие көзі екен ғой. Қазақтың дәстүрлі тұрмыстық заттарын жасағанда өзің де қазақы мінезді, сол ұлттың бар игі қасиетін бойыңа жинақтағың келеді. Сенің бойыңдағы сол жақсылықтарды көрген бала да сендей болуға тырысады. Меніңше, дәстүр, діннен ажырамасақ, отбасыдағы нағыз тәрбие сол-ау деймін. Сондықтан тәрбиені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бала үлкеннен көргенін қайталайды. Үйде жаман қылық байқаса, дереу бойына сіңіреді. Сол себепті әуелі ата-ана өзін дұрыстауы қажет. Анауың не, мынауың не деп ұрса бергеннен өзің амал-әрекетпен көрсеткенің әлдеқайда өтімді. Қазір туған немерелерім де ата жолын жалғап қолөнерші болғысы келеді. Алды Ә.Қастеев колледжінде оқып жатыр. Біздің отбасы көптеген көрмеде болды, шетелде қазақ өнерін таныстырдық. Сонда ұлттық қолөнерімізге қызықпаған жан болмайды. Сол мені ерекше қуантты әрі шабыт сыйлайды. Елге келіп одан да керемет дүниелер жасағым келеді. Жалпы мақсатым – ата-баба өнерін биік деңгейде шығару», деді өнер майталманы Б.Бейісбеков.
ШЫМКЕНТ