Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2023

Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбиеде

406 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Отан – отбасынан басталады». Қо­ғам­ның тірегі де – отбасы. «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бала тәрбиесінде отбасының рөлі үлкен. Жас ұрпақ тәрбиесінде мектепте көп нәрсе береді. Бірақ бәрібір орны бөлек. Сондықтан мемлекеттік саясат отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. Қазақстанның ең үлкен байлығы – адам капиталы. Әрбір азамат – жеке тұлға. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай қасиетке адам отбасылық тәрбие арқылы да ие болады. Биыл Жол­дауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативті индус­трия, креативті ойлай білетін адамдардың бастамаларын қолдау туралы айтты.

Отбасы құндылығы – ұлттық тәрбиеде

«Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін ке­ңі­нен пайдаланған жөн. Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отан­дас­тарымыз аз емес», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда айтқымыз келгені саналы, жігерлі, бастамашыл, тәуекелшіл, жан-жақты азамат өзінен-өзі пайда болмайды. Бұл қасиет ана сүтімен, отбасы тәрбиесімен, мектептегі тәліммен бірге қалыптасады. Сондықтан да адам капиталы, жеке тұлға баланың анасы мен әкесінен алған үлгі-өнегесіне байланыс­ты. Отбасы институты мықты болса, елде демография дамиды. Сол көпбалалы отбасылардың ішінен кейін талай дарынды азаматтар шығады. Сонымен бірге қоғамда небір жаман оқиғалар, істер азая­ды. Өйткені қоғам адамнан құралады десек, әр адам өзінің үйінде жақсы тәрбие көрсе, елде игі жақсылар көбейіп, олар тұтаса келе жақсы қоғам құрады. Кейін сондай азаматтардың ішінен небір ғалымдар, оқымыстылар, мамандар пайда болып, елге шын жаны ашитын азаматтар ел тізгінін ұстап, барлығы тұтаса келе Президентпен бірге бүкіл халық аңсағандай Әділетті Қазақстанды қалыптастырады.

Ал отбасы құндылығын сақтап тұру үшін де көп жұмыс қажет. Сол жұмыстың бірі – идеология. Идеологияны жүргізу – өздігінен болатын іс емес, оған да әжептәуір қаржы керек. Батыс өзінің салт-сана ұстанымын насихаттау жолында қырғын ақша жұмсайды, қаржыны аямайды. Сол секілді біздің ел де идео­ло­гиялық экспанцияға қарсы тұру үшін өзіміздің ұлттық салт-дәстүр ұс­та­­­ны­мы­мызды насихаттап, әрбір қазақ ша­ңы­рағының бойтұмарына айналдыруымыз – парыз. Алайда ол қара­жат­ты талап етеді. Сондықтан да бір жа­ғынан экономикалық өсімге ерекше басымдықтың берілуі, біріншіден, әлеу­меттік мәселені түбегейлі шешу болса, екіншіден, халықтың мәдениеті мен ұлт­тық руханиятын сақтаудағы әре­кет­терге үлкен қолдау білдіру.

Осы ретте елімізде отбасының өзара ішкі татулығын сақтауға, беріктігін қам­тамасыз етуге бағытталған әдемі бас­тама біраз жылдан бері қолға алынып келеді. Бұл – Үкіметтің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. Жыл сайын өткізу игі дәс­түр­ге айналған үлгілі отбасылар бай­қауы шынымен де елімізде жанұя құн­ды­лықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейді. Ұлттық байқаудың мақсаты – бір шаңы­рақ астында бере­келі өмір сүрудің ма­ңызын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау.

Байқаудың шарты бойынша Шым­кент қаласындағы әр аудан әкім­дігі­нен, яғни Абай, әл-Фараби, Еңбекші мен Тұран аудандарының тұр­ғындарынан конкурсқа қатысуға өтініш келіп түскен. Биыл олардың саны – 178. Былтыр 128 болған. Көріп отырғандарыңыздай, байқауда бағын сынауға ниетті отбасылар қатары жылдан-жылға артып ке­леді. Бұл отбасылық құндылықты на­си­хаттауға дәріптеуге арналған мем­ле­кеттік саясаттың нақты нәтижесі мен шынайы жүзеге асып жатқанын көр­се­теді.

Сонымен байқау кезеңінде барлық ауданда комиссия отырыстары тікелей эфирде жүргізіліп, іріктеу кезеңінің қо­ры­­тындысында әр ауданнан 4 үміт­кер­ден анықталды. Шымкент қаласы бо­йынша Бейісбеков отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, Астана қаласында өтетін Республикалық байқауға жолдама алды. Конкурсқа қа­тыс­қан барлық 20 отбасы да қала әкі­мі­нің атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Мегаполистің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұрат Шотановтың айтуынша, отбасы – қай заманда болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін нығайту арқылы келешекті жар­қын ете аламыз.

Өз кезегінде біз байқау жеңімпазы Бейісбеков отбасының отағасы Болат­бек Бейісбековтен байқау жөнінде, бала тәрбиесі турасында пікірін сұрап білген едік. Бүгінгі таңда жеңімпаз әулет республикалық конкурсқа қатысу үшін Астана қаласында жүр екен. Бейіс­бековтер қолөнерімен есімі елге тараған атақты әулет екені белгілі.

«Мен – негізінен теміржолшылар әулетінен шыққан адаммын. Бірақ сурет­шілік өнерді таңдағанда әкем бай­ғұс қатты қуанды. Өйткені бабам Бейісбек өңірдегі мықты қолөнершінің бірі болған екен. Қыз жасауын, адамның бас киімінен бастап аяқ киіміне дейін жасайтын болған. Пойызда келе жатып кішкентай немерелеріме, балаларыма әкем кезінде «өнеріңмен халқыңа қызмет ет деген еді» дегенді айттым. Қарасам, шынымен де әкенің балаға берген осындай бірауыз өсиеті де тәрбие екен ғой. Қазақтың қолөнері біздің отбасын биікке көтерді. Кезінде қолөнер тұрмыс үшін қажет еді. Қазір оған таңғалып қарайтын жағдайға жеттік. Бес қыз, бір балам бар. Үлкен екі қызым ата-әжесінің тәрбиесінде болғандықтан, басқа саланы таңдады. Қалған бала-шағамыз өзіміздің қолымызда өскендіктен біздің жолды қуды. Бірақ біз оларға қолөнерші бол деп талап қойған емеспіз. Өздерінің қалауы. Қызым Венера айтпақшы, «қылқалам мен майлы бояудың арасында өскендіктен басқа мамандық таңдау ойымызға келмепті» дегені бар еді. 1980 жылдың басында Шымкенттегі Ә.Қастеев училищесін келіншегім Күләш Айдарбекова екеуміз бітіріп, 1989 жылға дейін Арыс стансасында суретші болып қызмет еттік те, кейін жеке өз арбамызды сүйреп кеттік. Содан бері жеке шығармашылықпен айналысып келеміз. Қолымыздан шыққан небір қазақтың қолөнер бұйымдары мен қылқалам туындыларын 3 қабатты өзіміздің галереямызға қойғанбыз. Ше­телден келген туристер оларды көр­генде таңғалып, қызығып кетеді. Осын­дай өнер туындыларын жасау үшін де бала-шағамызбен көп еңбектенеміз. Сонда байқағаным, қазақтың өнері де балаға берілетін тәрбие көзі екен ғой. Қазақтың дәстүрлі тұрмыстық заттарын жасағанда өзің де қазақы мінезді, сол ұлттың бар игі қасиетін бойыңа жинақтағың келеді. Сенің бойыңдағы сол жақсылықтарды көрген бала да сендей болуға тырысады. Меніңше, дәстүр, діннен ажырамасақ, отбасыдағы нағыз тәрбие сол-ау деймін. Сондықтан тәрбиені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бала үлкеннен көргенін қайталайды. Үйде жаман қылық байқаса, дереу бойына сіңіреді. Сол себепті әуелі ата-ана өзін дұрыстауы қажет. Анауың не, мынауың не деп ұрса бергеннен өзің амал-әрекетпен көрсеткенің әлдеқайда өтімді. Қазір туған немерелерім де ата жолын жалғап қолөнерші болғысы келеді. Алды Ә.Қастеев колледжінде оқып жатыр. Біздің отбасы көптеген көрмеде болды, шетелде қазақ өнерін таныстырдық. Сонда ұлттық қолөнерімізге қызықпаған жан болмайды. Сол мені ерекше қуантты әрі шабыт сыйлайды. Елге келіп одан да керемет дүниелер жасағым келеді. Жалпы мақсатым – ата-баба өнерін биік деңгейде шығару», деді өнер майталманы Б.Бейісбеков.

 

ШЫМКЕНТ