Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жиынды ұйымдастырған Қазақстан баспасөз клубының бір күн бұрын таратқан ақпаратында шаруашылықтардың ішінара шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жылдан-жылға өсіп келе жатқаны, осы жылы егін шаруашылығы бағытына 10,3 млрд теңге бөлінгені, республикалық бюджеттен қосымша тағы 2,2 млрд теңге қаражат қарастырылғаны айтылған. Бірақ фермерлер Жетісу мен Жамбыл облыстарында орналасқан төрт қант өндіретін зауытқа билік тарапынан ешқандай қолдау болмай отырғанын ашына жеткізді.
Алматы қаласында өткен баспасөз жиынында қант зауыттары монополияланғандықтан, жергілікті фермерлердің жағдайы тығырыққа тіреліп отырғаны сөз болды. Фермерлердің айтуынша, Үкіметтегі кейбір жауапты тұлғалар зауыттың монополистердің қолына өтіп кеткендігін ашып айта алмай отырған көрінеді.
Бәрін басынан бастасақ
«Көксу» қант зауыты қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алып, нарыққа қымбат бағамен шығарады. Жақында Үкіметте өткен жиында қанттың көтерме бағасының ең төменгі деңгейін енгізу жоспарының бар екені айтылды, мұның себебі қанттың қымбаттап жатқанымен түсіндірілді. Бұдан бұрын депутат Серік Егізбаев қант өндірушілерге мемлекеттік қолдау артқанымен, өндіріс көлемі, керісінше, азайып кеткенін жеткізген еді. Оның айтуынша, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныс – 9 пайызға, 2021 жылы – 7 пайызға, 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеп кеткен. Нарық заңы бойынша қант қымбаттаса, фермерлердің де табысы өсуі керек. Ал біздегі жағдай керісінше болып отыр. Мұның бәрі фермерлердің қант қызылшасын өсіремін деген ықыласына кері әсер ететін көрінеді. Қант мәселесіне келгенде «шикізат тапшылығы» деген сақалды сылтаудың себебі де осында.
Жетісу облысы бойынша «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» кеңесінің мүшесі Александр Квитко 22 жыл бойы қант қызылшасымен айналысып жүргенін, 2017 жылға дейін мен ешбір қарыз немесе несиесіз өз техникамды жаңалап тұруға мүмкіндігі болғанын айтады. Ал кейінгі бес жылда техниканы жаңғыртпақ түгілі жұмысшылардың айлығын әрең төлейтін жағдайға жеткен. Фермердің сөзінше, шаруалардың табысын зауыт жеп жатыр. «2004 жылдары біз зауытпен келісімшартқа отырғанда, өңделген қанттың 70 пайызын өзіміз, 30 пайызын зауыт алатын. Соған қарамастан зауыт 400 млн теңге салық төлеп отырды. Ол кезде мазут та қымбат болған. 2 жылдан бері зауыт модернизацияланып, газға көшті. Газ мазуттан 3-4 есе арзан. Бірақ бағаларға ол ешқандай әсер етпеді», дейді ол.
Александр Квитко сөз арасында 2015 жылы бір тонна қант қызылшасына 12 мың төлеп келгенін, 2022 жылдан бастап 15 мыңнан төлей бастағанын да айтып өтті. «Қазір қант қымбат, бірақ соған қарамастан зауыт бізден шикізатты өте төмен бағамен сатып алады. Қазіргі табыс бөлінісі бойынша қант зауыты өңделген өнімнің 70 пайызын алады да, қалған 30 пайызын ғана шаруаларға береді», дейді ол.
Зауыт қойған бұл баға фермерлер үшін тиімсіз екенін жиынға қатысып, сөз алған фермерлердің бәрі айтып отыр. Олардың айтуынша, мұндай үрдіспен 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін емес. Квитконың айтуынша, бұрын ескі зауытта 1 тонна қызылшаның 12 пайызынан ғана қант дайындалған. Ал қазір сапалы, еуропалық тұқымдар егіледі. Зауыттың жабдықтары да замануи. Бірақ мемлекет жаңғыртылған зауыт сапалы еуропалық тұқымнан да небәрі 12 пайыз өнім алып отыр. Егер салыстыратын болсақ, көрші ел Ресейдің осындай деңгейде жаңғыртылған зауыттары әрбір тоннадан 17 пайыз өнім шығарады екен.
Субсидия шетелдік фермерлерді қаржыландыра ма?
Отандық фермерлердің Бразилиядан келетін қымбат шикі қантты мемлекеттің не себепті субсидиялайтыны осыған дейін сөз болып келген. Осы жиынға қатысқан фермерлер осы жағдайды ашып айтты, ашынып айтты. Жыл басында осы жылы Үкіметтің қант зауыттарына шикізат сатып алуға 25 млрд теңге пайызсыз несие бөлгені айтылған. Бірақ бұл қаржы шаруалардан 2015 жылғы нарық бағасымен шикізат сатып алумен қатар, Бразилиядан келетін шикі қантты одан үш есе көп бағада сатып алуға жұмсалған.
Бразилиялық фермерлерге бізге қарағанда 3 есе, ал қырғыз фермерлеріне қарағанда 2 есе аз қаражат төленеді. Шикі қантты Нью-Йорк биржасынан емес, офшорлық компаниялардан сатып алу себебін біз түсінбейміз», дейді шаруалар.
Жиынға қатысқан фермерлердің айтқанынан түсінгеніміз, зауыттың құрылтайшылары отандық шаруалардың қант қызылшасын өткізетін басқа жері жоқ екенін білген соң, монополиялық баға ұсынып отыр.
Осы жиынға қатысқан ғалым Асқар Шәріповтің айтуынша, зауыттың артында кімдердің тұрғаны фермерге белгісіз. Тіпті монополияға қарсы агенттіктің оларды қадағалауға құзыретінің шектеліп отырғаны көп көңіліндегі күмәннің бояуын қалыңдата түседі. Себебі осыған дейін шаруалар бұл ведомствоға жүгінгенде «қант зауыттары монополистер тізімінде тұрмағанын, сол себепті тексеруге құзыреті жоқ» деген жауап алған. Демек зауыттың 8 жыл бұрынғы нарық бағасымен отандық шаруалардан шикізат сатып алып, оны қазіргі нарық бағасымен зауыттан шығарып отыр. Демек бұл тұста барлық кілтипан зауыттың ар жағында тұрған тұлғалардың монополиялық агенттіктің де аяқ-қолын матап тастағанын байқатып тұр. Демек монополия, олигополия, картельдердің ықпалы әлі де «бабында» болғаны да...
Сіз кімсіз, мистер Х?
2005 жылдарға дейін қант нарығын Рахат Әлиев монополиялап алады. Ол сотталғаннан кейін заң бойынша мемлекет меншігіне өтуі керек болған. Бірақ қант зауыттары «Орталық Азия қант Корпорациясы» ЖШС-ға беріледі. Одан кейін еліміздегі барлық маңызды қант активі біріктіріліп, «Кант» АҚ, «Алматы Қант» АҚ, «Алматы Қанты» АҚ, «Азия Қант» АҚ және «Көксу-Шекер» АҚ барлығы осы ЖШС-ға өтіп, оны бақылау Ахметжан Есімовтің күйеубаласы Ғалымжан Есенов басқарған Delta Bank-ке беріледі. Ал 2017 жылдан бастап қант зауыттары Нұрлан Төлебаевқа беріліп, мемлекеттік субсидиялар есебінен Жетісу облысының қант саласын қайта жандандыруға мүмкіндік туған. Бірақ Нұрлан Төлебаев айыпталып, 2019 жылы сотталады да, зауыт белгісіз адамдардың қолына өтіп кеткен. Қазір шаруалар қант зауыттарына кімнің иелік ететінін білмей дал. Қант зауыты мен фермерлер арасындағы кез келген мәміле Үкімет құрамында осы салаға қарайтын министрліктің дәнекерлігімен өтіп келген.
Шаруалар айтып өткендей, бұл мәселе бірнеше рет әртүрлі деңгейде көтерілді. Одан кейін қант тапшылығы пайда болды және қант бағасының бақылаусыз өсуі байқалды. Баға өсті, қант зауыттарының табысы да артты.
Қант зауыттары монополиялық жағдайға ие бола отырып, қант қызылшасын сатып алуға біржақты шарттар жасап келген.
Асқар Шәріповтің пікірінше, шаруалар зауыттың қожайынымен кездесуге талай рет өтініш білдірген. Бұл мәселені жеке отырып талқылағысы келген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. «Egov.kz порталындағы анықтамалықта оның құрылтайшысы жоқ. Құжатта заңды тұлғаның уәкілетті органымен тағайындалған басшысы Алтынбек Абатов деп тұр», дейді академик.
Осындай жағдайдың кесірінен Қазақстанның төрт ірі қант зауытынан, атап айтқанда Алакөл, Бұрындай, Қарабұлақ және Шу зауыттарынан айырылып қалдық. 2007 жылға дейін тәулігіне 900 тоннаға дейін қант өндіріп, республика қажеттілігінің 70 пайызын жауып отырған Қарабұлақ қант зауытының бүгінде ізі де қалмаған.
Ғалым А.Шәріповтің айтуынша, 2005 жылға дейін бұл зауыттар акционерлік қоғам болған. Ол кезде субсидия да, дотация да жоқ. Бірақ соған қарамастан 2005-2006 жылдары қантты артық өндіріп, Ресей мен Украинаға экспорттайтын деңгейге жеткен.
«Ал қазір бюджеттен миллиардтаған қаражат жұмсалып жатса да, нәтиже жоқ. Қырғызстанда да 80-жылдары зауыттары жабылып қалады. Ал 2000 жылдан бастап зауыттарды қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып, 3 зауытты қайта жандандырды. Өзбекстан мен Түрікменстанның да зауыттары дамып жатыр. Ал бізде жұмыс істеп тұрған 8 зауыттың 4-еуі темір-терсекке айналып, шетел асып кетті. Бұл зауыттардың іргетасы 1932-1934 жылдары қаланған еді», дейді ғалым.
«Рахимов» шаруа қожалығының басшысы Рахым Кәрімовтің айтуынша, жаңа зауыт салуға 350 млн еуро қаражат керек. Ондай қаржы салатын инвесторлар табу өте қиын. «Сол себепті біздің мақсат еліміздегі зауыттарды жаппай, қант қызылшасы шаруашылықтарын сақтап қалғымыз келеді», дейді Р. Кәрімов.
Сонымен сала мамандары қант зауыттарын мемлекет меншігіне алып, оны акционерлендіру, яғни елдің қант зауыттарына бұрынғы мәртебесін қайтаруды сұрап отыр. Рахат Әлиев саланы монополияландырғанға дейін бұл зауыттар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жарғылық қорындағы меншік үлесі бар «акционерлік қоғам» болып келіпті.
Монополистер тізіліміне қант зауыттарын енгізу және Қазақстан заңдарына сәйкес 2023 жылы 18 наурызда қол қойылған келіспеушіліктер хаттамасын ескере отырып, сатып алу шарттарын қайта жасасу керектігі де ашық айтыла бастады. Фермерлер «Қант зауыттары» басшылығының қабілетсіздігі мен пайдаға деген құштарлығы қант қызылшасы егістігінің көлемін азайтуға алып келгенін де еш бүкпесіз айтып отыр. «Қызылша қант саласын жандандыруға бағытталған барлық жұмысқа қарамастан, саланы қолдау мәселелері өте баяу алға жылжуда, бұл оның одан әрі өмір сүруіне қауіп төндіреді. Сондықтан жоғарыда айтылғандардың негізінде, қант саласын сақтау және әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында Жетісу облысының ауыл фермерлері сізге осындай ұсыныспен жүгінді», делінген шаруалардың Президентке жолданған ашық хатында.
АЛМАТЫ