Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Баланың психологиясына оның ойнайтын ойындары көп әсер етеді, қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарады. Ата-ана осыған мән бергені абзал, дейді мамандар. Әлбетте, түрлі ойын бағдарламаларын жасап шығаратын компаниялар ақша табуды бірінші орынға қояды. Сондықтан олар ойындарының балаларға қауіп төндіретінін жоққа шығармайды. Көп ойында қолданба арқылы сатып алу сияқты микротранзакциялар бар. Бұл – кішкентай балаларды тұтынушы ету арқылы тәуелділікке ұрындыратын тәсіл. Мәселен, АҚШ-тағы Федералдық сауда комиссиясы ойын кезінде ұтып алуға болатын «сыйлықтар» функциясына ерекше назар аударып отыр. Мамандардың айтуынша, оңай олжа баланы құмар ойынға әуес қылады. 2010 жылы «Team Fortress 2», содан кейін «Overwatch» және «Call Of Duty: WW2» сияқты танымал ойындарға ойын ішінде төлем жасау мүмкіндіктері алғаш рет енгізілген. Содан кейін ол үрдіске айналды. «Candy Crush», «Diablo», «Final Fantasy» сияқты танымал франчайзингтер табыс табу мақсатында микротранзакциялар мен «сыйлыққа» тәуелді ететін ойындарды көптеп шығара бастады.
Аустралияның құмар ойынға тәуелділікті зерттеу (Gambling Research Australia) орталығы ұсынған деректерге сәйкес, бейнеойын индустриясы 2018 жылы ойынның ішінде сатылған «сыйлық» қораптарынан 30 млрд долларға дейін пайда тапқан. «Ubisoft» және «Take-Two Interactive» секілді ірі ойын студиялары бұл тәсілді өздерінің кірісін көбейту үшін пайдаланады. Ал осындай ойындарға ақша жұмсайтын балалар бірте-бірте ірі ұтыс ойындарына ойыса бастайды. Ойын барысында «сыйлық» қораптарын сатып алуға ынталандыратын мотивтер құмар ойынға қызықтыратын себептермен бірдей. Яғни құнды нәрсесін айырбастау арқылы қомақты қаржы ұтуды ойлайды.
Құмар ойынға итермелейтін ойындардан казино элементтерін байқауға болады. Ойын нәтижесі кездейсоқтыққа негізделеді. Ойыншыны білімі мен кейбір дағдылары жақсы нәтижеге жеткізуі мүмкін, бірақ үнемі тәуекелге баруына тура келеді. Сондай-ақ телефон ойындарында виртуалды монеталар болады. Балаларға арналған ойындарда (мысалы, «Pokemon» франчайзингтік ойындарында) осындай тәсілдердің бар екенін ескере отырып, ата-аналар бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек және ойындардағы шығынды қадағалап отыруға тиіс. Ең дұрысы ата-аналар балаларына құмар ойынның салдары қандай болатынын айтып, қауіптен сақтандыруы қажет.
Оңтүстік Аустралияда кәмелетке толмағандарға бинго, лотерея, ұтыс ойындарын және сол сарындас телефон ойындарын ойнауға тыйым салатын заңнама бар. Ал Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» заңның 6-бабы, 2-тармағына сәйкес, электронды казино және интернет-казино қызметіне тыйым салынған әрі 15-бабта құмар ойындар ойнауға немесе бәс тігуге 21 жасқа дейінгі жас шектеуі бар екені жазылған. Бірақ дәл осы интернет-казино ойнау жасөспірімдердің арасында белең алған. Зерттеуге сүйенсек, мұның барлығы балалардың үнемі ойнап жүрген ойындарының салдарынан болады. Өйткені бала ойыннан жалыққаннан кейін, оңай жолмен шынайы ақша ұтуды қалайды. Содан соң виртуалды кезеңнен өтіп, казиноға құмарта бастайды.
Кез келген ойынды ойнай беру баланың мінезін бұзады екен. Ал баланың қалыптасуы оның ойнайтын ойындарына тікелей байланысты. Мағжан Жұмабаев бала үшін ойынның маңызы мен тәрбиешінің міндеті жөнінде «Педагогика» кітабында егжей-тегжейлі жазып көрсеткен. «Тіпті жас бала жалқы ойынды – жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуы мүмкін. Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойынын тәрбиеші бақылауға міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу былай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойынға деген ынтасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жетілген адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын», деп жазады ол.
Біз баланың теріс қылығына қоғам болып таңданып жатамыз. Басынан бақылап, бағыт бермегеннен кейін «қалай ондай болды» деу оңай. Мәселен, мектептегі аяусыз жағдайлардың өзіне де қатыгездікке бой үйрететін ойындар мен фильмдердің әсері жоқ емес. Мағжан Жұмабаев айтпақшы, баланың қолына берген ойыншық, ойнатқан ойын, «баламен бала болып ойнау» – тәрбиенің іргетасы.