Екіжақты ынтымақтастықтың өрлеуі мамыр айындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға барған ресми сапарынан кейін жандана түсті. Қытай делегациясын Астанада Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қабылдап, орталық Қытайда үзіліссіз жауған жауынның кесірінен болған апатта опат болғандарға көңіл айтты және екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дами түсуіне үміт білдірді.
Қазір Қытай Қазақстанға мол инвестиция құюшы бес елдің қатарында. Кейінгі 15 жылда Қытайдың Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 23,5 млрд долларға жеткен. «Провинцияның астанасы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының салынуы Орталық Азия, Еуропа, Түркия мен Иранға контейнерлік пойыздардың жөнелтілуіне негізгі тірек болады», деді Серік Жұманғарин өз сөзінде.
Міне, соның алғашқысы болып Тайынша ауданындағы Аймақ ауылына орналасқан көлік-логистикалық «Мемолюкс» астық базасынан қазақстандық контейнерлік пойыз аттанды. Ол 1 600 тонна «Айдзю-Қызылжар» брендімен жіберілген алғашқы партия астықты тасымалдайды. Бұл оқиға «Чаньань» қытай-еуропалық теміржол экспресінің ашылғанына 10 жыл толуына арналды.
Айтулы іс-шарадан кейін қытайлық делегация «Тайынша-Май» ЖШС кеңсесінде Солтүстік Қазақстан облысы делегациясымен сауда-экономикалық келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында «ҚазақИнвест» ҰК және Айдзюй, сондай-ақ «ҚазНұрХолдинг компаниясы мен «Хиан Ониз Трейд Гоу» компаниялары арасында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды.
Келіссөзден кейін делегация мүшелері Петропавл қаласы кәсіпорындарының өнімдері көрмесімен танысты.
Солтүстік Қазақстан облысы