Елорда • 08 Қыркүйек, 2023

Астанада үшауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр?

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен елорданың білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада үшауысымды мектептердің мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Брифингке Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы қатысты.

Есет Берікұлының айтуынша, Астанада жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 27 мың бала барған. Қаладағы балалардың жалпы саны - 259 мың. 169 мектеп білім береді, оның ішінде 101 - мемлекеттік, 61 - жекеменшік, 7 - республикалық мектеп. Айта кетсек, былтырғы жылмен салыстырғанда бала саны 22 мыңға артқан.

«Бүгінде елордада 169 мектеп жұмыс істейді (оның ішінде 101 мемлекеттік, 61 жекеменшік, 7 республикалық мектеп). Қала тұрғындарының жыл сайын өсуі оқушы санының өсуіне де әкеледі. Осы орайда әлеуметтік нысандардың да құрылысы басты назарда. Қазіргі уақытта қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде 11 мектеп осы оқу жылында пайдалануға беріледі.

Оқу жылының басында 4 мектеп (1 мектеп, 1 мектептің жанынан салынған жаңа корпус, 2 жекеменшік мектеп) пайдалануға берілді», деді спикер.

Биыл екі ауысымда 2400 оқушы орнына арналған №96 мектеп-гимназиясының пайдалануға берілуі №85 мектеп-лицейінің үшауысымдық мәселесін шешті.

Мектеп құрылысына жеке инвестиция да тартылып жатыр. Атап айтқанда, «Spectrum» және «Riviera International» халықаралық мектебі жаңа оқу жылында пайдалануға берілген.

«Қаладағы үшауысымдық мектеп мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (2 ауысымда) 24 мектептің құрылысы аяқталғаннан кейін шешіледі», деді қала әкімінің орынбасары.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары туралы айта кетсек, қазіргі уақытта Астана қаласында 67 642 баланы қамтитын 505 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. (100 мемлекеттік, 402 жекеменшік, 3 ведомстволық).

«Ағымдағы кезеңде INDIGO электронды порталында мектепке дейінгі жастағы 60 971 бала тіркелген, оның ішінде 2 мен 6 жас аралығындағы 41 818 бала. Биыл балабақшаларда жалпы саны 10 317 орынға қосымша мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Оның 9157–і қаңтар-сәуір айында орналастырылды, қалған 1360 орын осы қыркүйек айында орналастырылып, құжаттар қабылданып жатыр. Барлығы INDIGO сайты арқылы жүзеге асырылатынын жақсы білесіздер», деді Есет Байкен.

Оның айтуынша, жаңа балабақшаларды ашу мәселесі бойынша үстіміздегі жылы мектепке дейінгі ұйымдар жанынан 500 орынға тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан қосымша ғимараттарды ашу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында осал топтағы отбасылардың балаларын балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі қайта қаралып, қыркүйектен бастап Астана қаласы әкімдігі «Қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің жекелеген санаттарын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру туралы» қаулысын қабылдаған. Демек, аталған қаулыға сәйкес халықтың әлеуметтік осал тобындағы балалар  балабақшаға тегін барады. Яғни осы уақытқа дейін ата-ана балабақшаға тек тамақтану ақысын төлеп келсе, енді ол мемлекет есебінен жүргізілетін болады. Ата-ана тек баласы қосымша үйірмелерге баратын болса ғана келісім-шарт негізінде ақы төлейді.

Бүгінгі таңда елордада 32 колледж бар. (9 - мемлекеттік, 23 - жекеменшік). Кадрларды даярлау 75 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.

Бүгінде барлық колледждерде кабинеттерге, шеберханалар мен жатақханаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, білім беру бағдарламалары өзектендірілген, педагогикалық штат жасақталған. Бүгінгі таңда 18 жатақханаға 2696 студент орналастырылды.

«Биыл  «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасы шеңберінде 8500 грант орналастырылды. Өткен жылмен салыстырғанда 1200 орынға көбейді», деді спикер. 

Осы оқу жылында алғаш рет пилоттық жоба шеңберінде қаланың 170, 10-11 сынып оқушыларына арналған эксперименттік білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау жүзеге асырылды. Аталған эксперимент бойынша оқушылар 1,5 жылдан кейін білім туралы аттестаты мен жұмысшы мамандығы бойынша дипломды қоса алып шығады.

Сондай-ақ онлайн-брифингте қойылған сұрақтарға қала әкімінің орынбасары мен білім беру басқармасының басшысы тұшымды жауаптарын берді.

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше