Алғашқы кезеңде жерлестеріміз Мысыр құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалединова жеңіске жетсе, Ксения Балабаева мен Алуа Нұрманова тең ұпайға қол жеткізді. Екінші айналымда Үндістанның шахматшыларымен шеберлік байқасты. «Ойлылар ойынын» ойлап тапқан мемлекет өкілдеріне қарсы бәсекеде бұрымдыларымыз шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Алғашқы үш кездесу тең аяқталды. Ендігі үміт төртінші тақтада ойнаған Әмина Қайырбековада еді. Қазақтың қаршадай қызы ел сенімін ақтады. Ол Шри Савитудан айласын асырып, Қазақстанға жеңіс сыйлады – 2,5:1,5.
Франция құрамасына қарсы өткен үшінші кезеңде команданың лидері Асубаева қарсыласымен ұпай бөліскенімен, Камалединова мен Қайырбекова бәсекелестерінен басым түсті. Ал Әсел Серікбай жеңіліс тапты. Қорытынды есеп – 2,5:1,5. Одан кейін отандастарымыз дәл осындай есеппен Украинаны қапы қалдырды. Бұл жолы Бибісара мен Алуа жеңіс тойын тойласа, Меруерт Наталья Буксамен тең ойнады. Топтық турнирдің соңғы турында Қазақстан мен Грузия тең түсті.
Сөйтіп, қатарынан төрт кездесуде жеңіске жетіп, тағы бір бәсекеде тең ойнаған отандастарымыз қорытынды есепте 9 ұпай жинап, өз тобында бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Грузия еншіледі. Қап тауынан келген қыздардың қоржынында 7 ұпай бар. Үшінші және төртінші орындарды Франция мен Украина өзара бөлісті – 5 ұпайдан. Үндістан төрт ұпайға қол жеткізсе, Мысырға соқыр ұпай да бұйырмады. Келесі топта АҚШ пен Польша мәреге бірдей жетті. Бұл командалар 7 ұпайға иелік етті. Басты қарсыластарынан бір ұпай кем жинаған Қытай үшінші орынды иеленді. Төрт ұпайы бар Германия төртінші сатыға тұрақтады.
Ширек финалда біздің бұрымдылар Германияға қарсы ойнады. Неміс шахматшылары қанша тырысқанымен, қазақ қыздарының қарқынына шыдамады. Бибісара, Алуа және Әмина қарсыластарын қапы қалдырса, Меруерт жеңіліс тапты. Нәтижесінде 3:1 есебімен басымдық танытқан Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде жерлестеріміз Франциямен шеберлік байқасады.