Шахмат • 11 Қыркүйек, 2023

Жерлестеріміз – жартылай финалда

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның әйелдер құрамасы шахматтың рапид түрінен Польшаның Быдгощ қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында табысты өнер көрсетуде. Аталған жарыста 12 команда бақ сынауда. Олар алты-алтыдан екі топқа бөлінген. Әр топтан озық шыққан екі команда жүлделі орындарды өзара сарапқа салады.

Жерлестеріміз – жартылай финалда

Алғашқы кезеңде жерлес­теріміз Мысыр құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде Би­бі­сара Асаубаева мен Меруерт Ка­ма­лединова жеңіске жетсе, Ксе­ния Балабаева мен Алуа Нұр­манова тең ұпайға қол жеткізді. Екін­ші айналымда Үн­дістанның шахматшыла­рымен шеберлік байқасты. «Ой­лылар ойынын» ойлап тап­қан мемлекет өкілдеріне қарсы бәсе­кеде бұ­рымдыларымыз ше­бер­­лік­тің шынайы үлгісін көр­сетті. Алғашқы үш кездесу тең аяқ­талды. Ендігі үміт төр­тінші тақ­тада ойнаған Әмина Қайыр­бековада еді. Қазақтың қаршадай қызы ел сенімін ақтады. Ол Шри Савитудан айласын асырып, Қазақ­станға жеңіс сыйлады – 2,5:1,5.

Франция құрамасына қар­сы өткен үшінші кезеңде ко­манданың лидері Асубаева қар­сыласымен ұпай бөліскенімен, Камалединова мен Қайырбекова бәсекелестерінен басым түсті. Ал Әсел Серікбай жеңіліс тапты. Қорытынды есеп – 2,5:1,5. Одан кейін отандастарымыз дәл осындай есеппен Украинаны қапы қалдырды. Бұл жолы Бибісара мен Алуа жеңіс тойын тойласа, Меруерт Наталья Буксамен тең ойнады. Топтық турнирдің соңғы турында Қазақстан мен Грузия тең түсті.

Сөйтіп, қатарынан төрт кездесуде жеңіске жетіп, тағы бір бәсекеде тең ой­наған отандастарымыз қоры­тынды есепте 9 ұпай жинап, өз тобында бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Грузия еншіледі. Қап тауынан келген қыздардың қоржынында 7 ұпай бар. Үшінші және төртінші орындарды Фра­н­ция мен Украина өз­ара бө­лісті – 5 ұпайдан. Үндістан төрт ұпайға қол жеткізсе, Мысырға соқыр ұпай да бұйырмады. Ке­лесі топта АҚШ пен Польша мә­реге бірдей жетті. Бұл командалар 7 ұпайға иелік етті. Басты қар­сыластарынан бір ұпай кем жи­наған Қытай үшінші орынды ие­ленді. Төрт ұпайы бар Германия төртінші сатыға тұрақтады.

Ширек финалда біздің бұ­рымдылар Германияға қарсы ойнады. Неміс шахматшылары қанша тырысқанымен, қазақ қыздарының қарқынына шыда­мады. Бибісара, Алуа және Әмина қарсыластарын қапы қал­дырса, Меруерт жеңіліс тапты. Нәтижесінде 3:1 есебімен ба­сымдық танытқан Қазақстан құра­масы жартылай финалға жол­дама алды. Бұл межеде жер­лестеріміз Франциямен шебер­лік байқасады.