Әдебиет • 10 Қыркүйек, 2023

Құрманғазы мен Дина

546 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Махмұд Қашқариға жүгінсек, күй сөзінің төркіні «көк» деген түркі сөзінен тараған. Көкті шалған ұшқыр қиял, батпан-батпан текті сарын, тегеурінді мың сан толғақ күйден табылары хақ. Жүрек-қолқаны қозғаған қастерлі өнер иелерінің есім-сойы бүгінге аңыз. Сол аңыздың бірі Құрманғазы мен Динаның кездесуі туралы өрбиді.

Құрманғазы мен Дина

«Үн төгілді түрленіп,

Көк гауһардан кетті аумай.

Жарқындығы – күлкідей,

Мұңдылығы – жоқтаудай,

Ащылығы – шындықтай,

Тәттілігі – шабыттай,

Жеңілдігі – көбіктей,

Ауырлығы – табыттай...»

Жұмекен Нәжімеденовтің осы өлеңі жоға­ры­дағы біз айтқан сан-салалы күй болмысын ашып тұр­­ғандай. Иә, күй тілін қағазға түсіру қиын­ның қиыны. Ол санадан жоғары тұратын құдірет іспетті.

Әлқисса, Ахмет Жұбановтың дерегіне сүйен­­сек, күйші Құрманғазы мен Динаның әкесі Кенже Шалұлы аралас-құралас адам бол­ған деседі. «1870 жылы Құрманғазы он жасар керемет домбырашы бар дегенді естиді де, Кенженің үйіне келеді. Кішкене қыздың дом­бырасын тыңдап, халық исскуствосын дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шек­сіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты дом­бырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Өзінің айтуы бойынша Дина тоғыз жыл бойы, яғни он сегізге толғанға дейін Құрманғазымен жиі кез­десіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашымен кездеседі», – дейді Ахмет Жұбанов.

Күй атасының қасында жүріп, болашақ дәулес­кер күйші талай сырға қанық болады. Дина Нұрпейісова естеліктерінің бірінде Құрманғазы ұстазының саясында өткен самалалы шақтар хақында: «Бұл менің өмірімдегі ең бақытты, музыкалық уақиғаларға, қуанышқа толы, санамда аса терең жарқын арна қалдырған кезеңім еді» деп еске алады. «Күй атасымен» шәкіртінің таныстығы, ажырамас достығы осылай басталады. Әкесі Динаны он тоғыз жасқа жеткенде Нұрпейістің баласы Нұралы дегенге ұзатады. Сан тарау отбасылық кезеңде де күйші қыз адал серігі қара домбырасын тастамай, керісінше киелі өнерді тереңдетіп дамыта түседі. Батыс Қазақ­стан облысы, Жаңақала мекенінің 85 жас­тағы ақсақалы  Мырзағали Кәшеновтің Құрманғазы туралы естелігінде қос күйшінің арасындағы ақжарма ықылас анық аңғарылады. «Мен Құрманғазы Сағырбаевты Динаның әкесі Кенже деген қарттың үйінде көрдім. Ол кезде мен жаңа атқа шабатын 8-9 жасар бала едім. Құрманғазы толық денелі, сақалды, едәуір жасқа келіп қалған, басында қара елтіріден тігілген дөңгелек бөркі бар адам екен. Бірақ үстіндегі киімі жұпыны. Сондықтан болса керек, байлар оған «Көктулақ» деген қосалқы ат қойыпты. Құрманғазы Кенженің үйінде отырып, жан сезімін оятқандай әсерлі күйлерін тартты және осы сапарында Динаға домбырасын беріп кетіпті» дейді. Мырзағали қарттың естелігінен қос өнерпаздың арасындағы құрмет пен сыйластық жібінің едәуір берік болғанына тағы бір көз жет­кіземіз. Дарынды дарын терең түсініп, сергек сезінері екі бастан анық.

«Мұңдасы, көшкен елдің қиялдасы,

Ал, тебірен, ақ сақалды күй атасы,

Келеді сені тыңдап баяғыдан

Өлкеңнің өзен, тауы, қия тасы.

Білмеймін, қанша жанға күйің дарып,

Ашулы, ащы өзегін өтті жарып...

Білмеймін,

«Сарыарқаңмен» қош айтысып,

Қанша жан қабіріне кірді барып».

Бұл Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» атты өлеңінен үзінді. Жырда қазақтың салқар дала­сының мұңдасы болған күйшінің бейнесі сомдалады. Гейзер суындай жеті қат жан түбінен құмығып шығатын күйші болмысында, расында, шытырман дария жасырынған. Оны ердің ері ғана ашуға талпына алар болар.

Бізге жеткен деректерде, кезекті бір жүздесуін­де күй атасы біршама домбырасын қағып отырып, Дина әжеміздің сол қолын, өзінің оң қолын ұстап: «Егер осы екі қол бір адамға біткен болса, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді», – деген екен. Бұл да аңыз адамдардың бір-біріне деген ыждаһаты, сенімі, ілтипаты. Аласапыран уақыт көшінде ұлт зарын толғаған күйшілер бейнесі ел мен жер даңқымен бірге айбынданып, зорая бермек. Себебі «ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, ерлерді ұмытса да ел ұмытпас».