Әлгі дәруіш өлген құстың ырымын жорырда жалаң аяқ отты басып барғаны неткен үрейлі. Осы сұмдықтардың арасында есте ерекше қалғаны, аттар қайтып келе жатқанда, қолында мылтық, қамыс ішінде ән салып жүретін қу бар еді ғой. Қарақшы ма, бір пәле! Құлагерді ататын құдайсыз неме, қамыс ішінде тұрып алып: «Көп жылқының ішінде ала құнан, жел қағады сұлудың балағынан. Суға түскен шолпандай шолпылдатып, қалқаның сүйер ме еді тамағынан?! І-ім», деп құшырланып тұрып ауаны сүйіп алатыны бар емес пе? Қарақшының бұл қылығы жағымды көрінбейді. Тасада мылтық құшақтап арам ойда отырса, әрине жағымсыз шығады. Дегенмен жұрт көңілін аулауға, айтқан сөздің ләміне туындының осындай бір тұсы да жеткілікті.
Қазақ ән салғанда не істемеген? Жалпы, қазақ ән салғанда... деген бітпейтін шексіз тақырып. Күлген, сұқтаған, жылаған, сықтаған, тағысын тағы... Бір қасиеті, осының бәрін әдемі, жарасымды орындаған. Мәселен, дейсіз бе? Мәселен, Қайрат Байбосынов халық әні «Ағаш аяқты» құйқылжыта шарықтатып әкеліп, соң жағына келгенде еңіреп тұрып, солқылдап жылайтыны бар ғой. Кәдімгідей жылап тұр екен деп ойлап қаласыз. Сөйтіп, жылап-сықтап көрерменнің көңілін босатады да, ақырында байқатпай айқайға басып қалмай ма? «Қара жол ма дегені шұбырынды із болған, ала жаздай үй көрмей, іздегені қыз болған» жігіттің «зары» көңілді көтереді-ақ. Әнші бұл әнді шетелде шырқағанда, тыңдарманды жылатып, сықтатып қана қоймай, біреуін жалпасынан түсіргені туралы аңыз да бар ел аузында. Әлгіндей жыламсыратып, егілдіре түсіп, соңынан айқай салғанда, балконда сүйеніп тұрған тыңдарман төменге құлап кетті дейтін.
«Ағаш аяқ» әніндегі жылау кәдімгі емес, елді күлдіру мақсатымен қойылған қуақы ойын, күлдіргі жылау. Соңында айқайға басып жібергенде, жүрегіңіз жарылып кете жаздайды. Керісінше көңіліңіз көтеріліп қалады. Халықтың көңілін аулап, бір сәт демалыс сыйлау үшін сал-серілер өнердің неше түрлі сатысына көтерілгенін көрмейсіз бе? Демек дала даңғайырлары ізденіс пен эксперименттің неше атасын жасаған. Иә, солай...
Бұл жыламсырата, көңілін босатып әкеліп күлдіру болса, ән ішінде кәдімгідей сақылдап күліп ала жөнелгенді де сіздер білетін шығарсыздар? Төтесіне көшсек, ән ішіндегі нағыз, сақ-сақ күлкі – ақын Тайжан Қалмағанбетұлының «Сақ-сақ» әні. Бұл енді қапысыз, еш боямасыз күлкі. Қыз-қырқын, ойын-сауықтың ортасында шалқып жүрген серілік дәуреннің дауысы десе болады. Және «Сақ-сақтың» бірінші, екінші түрі бар. Бірінен бірі өткен құбылыс. Екінші түрі бастан-аяқ қыран-топан күлкі. Бірінші түріне қарағанда аса күрделі, оның үстіне Тайжан бұл шығармаларды сырнаймен салғанын ескеріп қойыңыз. Балқып-шалқып, ырғап-жырғап отырып, сырнайын олай бір, бұлай бір лақтырардай болып, қайта құшып, кеудесін кере сақылдап күледі-ай келіп. Бұл – қазақтың сал-серілік дәуренінің бір көрінісі, әсірелеп айтқанда, ел қыдырған есер шақтың жығылмаған жалауы.
Бертініректе Тайжан ақын әндерін жинап, таспаға түсіріп, насихаттап жүрген әнші Ғалым Мұхамедин «Сақ-сақтың» бірінші түрін келісті орындайды. Бәлкім, бұл кісіден естіп үйренді, бәлкім өзгеден, әйтеуір басқа әншілер бір рет күлсе, Ғалым Мұхамедин екі сақылдайды. Алғашқысы екінші, негізгі күлкінің алдындағы дайындық іспетті. Бастапқыда бір сақ ете қалады да, екіншіде ұзағынан жібереді. «Тайжан Қалмағанбет. «Сақ-сақ» деп терсеңіз, интернеттен бірнеше әншінің орындауында шығады. Ғалым Мұхамедин «Сақ-сақты» Тайжанның қарындасы – ақынның ағасы я інісінің қызынан барып тыңдап, жазып алғанын айтады. Оған дейін Тайжан ақынның бірер әні ғана жүрсе керек ел ішінде. Бұл кісі 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен соң, ел қорқып айтпай қойған деседі.
Өнертанушылардың көбі соқпай кетпейтін үш күлкі болса, бірі – осы Тайжанның сақылдаған күлкісі. 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігінде елдің есінде қалған күлкінің бірі де осы ақын Тайжан шырқап салған «Сақ-сағынан» естіліпті. Тағы біреуісі – «Қыз Жібек» операсындағы Бекежанды ойнаған Құрманбектікі. «Тақиялы періштедегі» Әмина Өмірзақованың күлкісін қайда қоясыз? Құрманбек күлкісінің жөні бөлек. Бұл туралы көп айтылып, жазылды. Ал мына «Сақ-сақтың» сақылы – көп танылмаған сирек құбылыс. Екі әншінің бірі батылы жетіп бара бермейтін тосын ерлік. Жаныңыздан сөз бен саз суырып, оны ел алдында орындағанда күлмек тұрмақ, сөз арасында сақылдап жіберуге дәтіңіз жетпеуі мүмкін. Тіпті салған күнде жасанды көрініп қалуы да кәдік. Ал ән ішіндегі ерлік емей не? Түйсіну үшін «Сақ-сақты» тыңдап көріңіз.