Пікір • 10 Қыркүйек, 2023

Құндылықтарды дәріптейік

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған маңызды стратегиялық міндеттер мен терең мағыналы құндылықтар қатарына көптеген өзекті және маңызды мәселе енді.

Құндылықтарды дәріптейік

Дәстүрлі Жолдаудың биылғы басымдылығы экономикалық мәселелер екені кездейсоқ емес. Өйткені еліміздің материалдық негіздері пәрменді даму жолына түсе алмай келеді және оның әлеуметтік-экономика­лық құрылымы әлі күнге дейін толықтай жаңғыра алған жоқ. Жылу стансаларындағы жарылыс­тар, тозығы жеткен тех­никаның жаңаланбауы, бюд­жет­тің тиім­сіз пайдалануы сияқ­ты деректер Жолдауда заманауи кезеңнің ащы шындығы ретін­де жарияланды. Бұл жердегі сыни талдаудың түпкі астары біздің қоғамды өркениетті елдердің қатарына қосу идея­сы жа­тыр. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы бұрынғы жыл­дары үстірт қана аталып өте­тін су проб­­лемасына жаңаша көз­қарас­­ты қалыптастырып, су сая­са­тын жүргізуді ұсынды. Бола­шақ­­та елдер арасында су мә­селесі мем­ле­кет­аралық қаты­нас­тардың маңыз­ды қырына айна­латын­дығы биылдың өзінде ерекше сезіле бас­тады.

Президент «Әділетті Қазақ­стан» мен «Адал азамат» сияқты ұғым­дардың қоғамымызда ба­сым­дық танытуға тиіс екенін айта келіп, жастар арасындағы креативтілік, мобильділік, ашық сұх­батқа дайындық сияқты қа­сиет­тердің кеңінен таралуына назар аударды. Қазіргі кезеңде әлде де шешімін таппай отырған проблемалардың қатарына кәсі­би білімнің өндіріске пайда­­сын тигізе алмай келе жатқанын жат­қызуға болады. Жоғары оқу орындары мен өндіріс орын­дары арасында өзара серіктестік­ке негіздел­ген шынайы, адал және әділ қаты­настар орнамаса, қоғамдағы, экономикадағы пәрменді дамуға, жаңғыру мен жаңаруларға қол жеткізе алмаймыз. Осы сипаттағы сапалық және сандық көрсеткіш оқу орнының маңыздылығы мен қаржыландыруын анық­тау­ға тиіс. Түрлі деңгейдегі бас­шы маман­дардың жеке жауап­кер­шіліктерін арттырмай, айтқан сөзі сол айтылған жерде қалуы да мүмкін.

Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іске асыруымыз керек» дегенді бұрын да айтты. Бұл қағиданы Президенттің өзі ғана жүзеге асырмайды. Сондықтан аймақтық деңгейдегі осы тетіктің жұмыс істеу қабілеті мен нәтижелері үнемі бақыланып, есеп беріліп отырылуға тиіс. Демократияның айқын көрінісі айшықтала түсуі қазіргі кезеңде өте маңызды. Себебі, біз «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» ұғымдарын ерекше құндылықтар ретінде дәріптеу арқылы ғана өркениетті елдің қатарына қосыла аламыз.

 

Серік НҰРМҰРАТОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институты философия орталығының директоры