
Суреттер автордың жеке қорынан алынды
«Жиырма парақтан тұратын жоғарыдағы кітапта «Озеро Кургалчин», «Казачья орда» дейтін шағын деректер бар. Мұнда, байырғы керуен жолының бойында орналасқан ескі қамал-қорғандардың орны, Есіл өзені аңғарындағы көне қоныстар жайында біршама мәліметтер келтірген» деп жазыпты солтүстік өңір тарихына қанық һәм керемет өлкетанушы, марқұм Баянбай Хұсайынұлы 2010 жылы Астана қаласында жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты кітабында.
Жуықта ағамыз айтқан туындыны интернеттен тауып алып танысып көрдік. Әсіресе мына бір «Есіл өзені» атты сызба (1-сурет) және «Қазақ ордасы» картасы (2-сурет) көңіл аударарлық. Мұндағы өте өшкін таңбаланған «Сауда жолы» (қазақша «Керуен жолы») туралы өлкетанушы Баянбай Хұсайынұлы көп айтатын. Ол кісінің пайымдауынша, қазіргі Астана қаласы қоныстанған Қараөткел – Есіл өңірі Солтүстік пен Оңтүстікті һәм Батыс пен Шығысты жалғап жатқан «Хан жолының» күре тамыры болған. Бұл туралы XVII-XVIII ғ. тән патшалық Ресей жазбаларында дерек көп. Әсіресе жоғарыда атап өткен «Книга большого чертежа» атты көне кітаптағы дерек көздері 1595 жылы Ұлытау арқылы өтіп, Сыр бойындағы Тәуекел ханның ордасына барған орыс елшісі Вельямин Степановтың жолжазбасынан алынған болуы мүмкін.
Екінші бір дерек 1690 жылы жазылған. Оны хатқа түсірген адамдар патшалық Ресейдің Орта Азия жөніндегі елші-өкілдері Федор Скибин мен Матвей Трошкин дегендер. Бұлар Тобылдан шығып Қазақ ордасының ханы Тәукеге елшілікке барған. Сапар барысында жүріп өткен жер аттарын, оның географиялық ерекшеліктерін жазып-сызып хатқа түсірген.
Сол сияқты Қараөткел – Есіл өңіріндегі хан жолдары жайлы алғашқы болып зерттеген ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов. Ғалымның 1856 жылы өз қолымен толтырған «ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ даласының картасы» дейтін еңбегі бар. Бұл еңбек ғалымның 1961 жылы жарық көрген көп томдығының 5-томына енген. Осында жоғарыдағы Абылай мекен еткен аймақтарды басып өтетін керуен жолдарының сызбасы көрсетілген. Сызбада Атбасар және Қорғалжын өңірі толық қамтылған.
Келесі бір назарда болатын дүние – 1815 жылы Қоқанға кетіп бара жатқан орыс елшісі Филипп Назаров өз естелігінде: «Қараөткелді басып өтіп, Ұлытауға қарай кеттім» дейді. Қараөткелді мекендеп отырған Құдайменде сұлтанның өте жақсы қарсы алғанын айтады. Сұлтанның 16 жастағы ұлы Қоңырқұлжа мен інісі Бұлқайыр сұлтандар елшілерді құрметпен шығарып салғанын ризашылықпен атап өткен екен.
Жалпылай айтқанда, «Хан жолы» тақырыбы әлі толық зерттелген жоқ. Осы орайда «Хан жолы» дегеніміз байырғы «Жібек жолының» бір тармағы ма, әлде бертінде пайда болған жаңа сүрлеу ме деген сауал туындайды. Бұл сауалға өлкетанушы һәм Есіл өңірінің тарихын зерттеуші Баянбай Хұсайынұлы 2010 жылы Астанада жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты еңбегінде жауап беруге тырысқан. Өлкетанушының жазбасында: «Қазақстан жері Ресейге толық бодан болғанға дейін солтүстік өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған. Соның бірі – Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп Бұхара, Ташкентке жетіп жығылған. Осы керуен жолын ертеде «Хан жолы» деп атаған. Кейбір деректерде «Абылай жолы» деп те айтылады. Бұны көне «Жібек жолының» бір сүрлеуі деп айтуға да болады. Бірақ тарихи стратегиялық маңызы жағынан Қазақ хандығы құрылғаннан кейін өркендеп, Абылай дәуірі мен Ресей патшалығының тұсында ең негізгі стратегиялық күре жолға айналған. Мысалы, Қорғалжын ауданы жеріндегі «Асау балық» көліне бара жатқан жолда «Абылай өткелі» («Абылай алқымы») дейтін жер бар. Бұл атаудың мәні Абылай әрі-бері өтіп жүргендіктен пайда болғаны мәлім. 1993 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Абылай хан» атты шағын кітапшада: «Көкше өңіріне Абылайдың ақордасы қоныс тепкен жылдардан бастап «Абылай алаңы», «Хан асуы», «Хан көлі», «Ханның қызыл ағашы», т.б. жер атаулары пайда болды. Солтүстіктегі Қызылжар мен оңтүстіктегі Түркістанды жалғастырған «Абылайдың қара жолы» дейтін қатынас желісі орнады» делінген.
Сонымен қатар өлкетанушы: «Жоғарыдағы жолмен орыстың елшілері, әскери керуен-шерулері (экспедиция) жүретін болғандықтан, халық «Шаштының жіңішке жолы» деп атап кеткен. Тегі басына шаш өсірген орыс ағайындар көшпелі елдің көзіне ұсқынсыз көрінгендіктен осылай атаған болуы мүмкін», деп жазыпты. Бұл жерде ағамыз аңғармай қалған сияқты. Ол заманда қазақтар «Шаштының жолы» деп солтүстіктен Ташкентке баратын күре жолды осылай атаған. Өйткені көне деректерде қазақтар Ташкент қаласын «Шаш шаһары» деп айтатын болған.
Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» атты шығармасында жас кезінде Қарсақпайдан әдейі атпен шығып, Шаштының жіңішке жолы арқылы туған елі Қызылжарға барғаны туралы жазғаны бар.
Келесі кезекте айтпағымыз: жаңадан шығып жатқан «Қазақстан тарихы» атты көп томды еңбектің 1-томында «Хан жолы» туралы жақсы мәлімет бар. «Тағы бір «Хан жолы» деп аталады. Бұл жолды қазақтар жаңа заманға дейін пайдаланып келді. Тараздан Таластың бойымен төмен қарай Мойынқұм мен Бетпақдала арқылы Атасу жағалауына қарай кетеді» деп жазылған (Қазақстан тарихы. 1-том. Алматы «Атамұра» 2010 жыл. 499-бет). Одан кейін этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» кітабында біршама дерек айтылады.
«Ал менің пайымдауым бойынша, – деп жазады Баянбай Хұсайынұлы, – Түркістан өлкесінен шыққан керуен жолы Ұлытауға келіп түйіскеннен кейін бірнеше тармаққа бөлініп, тарайтын болған. Соның бірі Қараөткел арқылы өткен. Қараөткел өңірі «Хан жолының» күре тамыры болған».
Осы орайда мына бір дерекке назар аударған жөн сияқты. Орта жүз қазақтарының Қытай елімен қарым-қатынасын зерттеген орыс тыңшысы Ф.Гордеевтің 1761 жылы Троицк бекінісінің коменданты П.Роденге жазған құпия мәлімдемесінде «Абылай сұлтан Жыланды тауларының маңайында Атбасар өзені бойындағы Колутан деген жерді жайлап отыр» депті. Колутан ауылы Астана қаласынан 160 шақырым жер. Әрине, Абылайдың оңтүстік өңірлерге сапары жоғарыдағы өткел арқылы іске асып отырғаны анық.