Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2023

Бағыты айқын қор

135 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев Солтүстік Қазақстан облысында болып, қордың қамқорлығын көріп отырған бірнеше ұйымның жұмысымен танысты. Соның ішінде құлағы естімейтін балалардың арнаулы мектеп-интернатына да ат басын бұрды.

Бағыты айқын қор

Қазір еліміздің атын әлемге танытып жүрген құлағы кем өнерпаздардан тұратын Sensitive би ансамблі шыққан бұл ұжымның аты елге таныс. Мек­теп-интернаттың директоры Жеңіс Әбілмә­жінов мәртебелі қонаққа қордың қам­қорлығы үшін алғысын жеткізіп, қазір форте-кластағы арнаулы жабдықпен құлағы естімейтін балалар есту қабілетін арттыратынын айтты.

«Осындай балаларға арналған ағаш шебері мен слесарлыққа баулитын шеберхананың да пайдасы зор болып тұр. Бұрын алынған шеберханамыз әбден тозған және жабдықтары ескірген еді», деді Ж.Әбілмәжінов.

Б.Жәмішев қордың көмегі нақ осындай мұқтаждарға жетіп жатқанын айтты.

«Жалпы, еліміз бойынша осындай 98 ұжымға көмек көрсетіп жатырмыз. Соның 30-ына көмек былтыр жеткізілді. Қалғандары осы жылдың аяғына дейін арнаулы жабдықтармен қамтамасыз етіледі», деді ол.

Сол күні Б.Жәмішев облыстың қоғамдық белсенділерімен, жергілікті билік және БАҚ өкілдерімен кең залда кездесу өткізіп, қордың атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Өзінің сөзінде қор төрағасы барлық әлеуметтік салаға, соның ішінде, әсіресе білім мен халықтың денсаулығын сақтау саласына үлкен көмек көрсетіліп жатқа­нын жеткізді. Ел ішінде ем жасауға мүмкіндік болмаған 20 баланың шетелде ауыр операцияларға барғанын, аз қамтылған отбасылардың 128 баласына елімізде қымбат препарат қолдануды қажет еткен емдер жасалғанын айтты.

Оның сөзінен қордан 25 млрд теңге қаражат бөлініп, 324 адамға өте қымбат шетелдік дәрі-дәрмектер алынғаны да белгілі болды. Сонымен бірге ол ауыр науқас бізде емделгісі келмей, бірден шетелдік ауруханаларға жатқысы келетін болса, ондайларға қаражат бөлінбейтінін айтты.

Б.Жәмішев азаматтардың қордан тек көмек сұрауға қайырылмай, халқы­мыздың әл-ауқатын, денсаулығын, білім алуын жақсарту, спортта жетістікке жету бағытында нақты жоспарлар ұсын­ға­нын қалайтынын да айтты.

«Сондықтан біз еліміздің түкпір-түк­пірінен осындай идеясы бар әріптестер іздейміз. Ондай азаматтардың пайдалы жобаларын қолдауға әзірміз. Біз былтыр да Петропавл қаласында болып, дөңгелек үстел» өткізген едік. Сондай-ақ басқа өңірлерде де 1 200 адам қатысқан 20 кездесу өткіздік. Осы кездесулердің нәтижесінде бізге 592 ұсыныс түсті. Біз қазір олардың біразын қолдадық, қалғанының тиімділігін қазір зерттеп жа­тырмыз. Осы ұсыныстар мен пікір­лер­ді сараптау бойынша өзіміздің бағ­дарламалық құжаттарымызды қабылдадық», деді.

Кездесуді жүргізген Солтүстік Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Рүс­тем Құрманов «Қазақстан халқына» қо­рының облыстың денсаулық сақтау, әлеу­меттік қолдау, білім беру, спорт, төтен­ше жағдай салаларындағы көмегі көп болғанын атап өтті.

«Біздің өңір дотациядағы облыс екені белгілі. Өзіміздің табысымыз бюджеттің 20 пайызын ғана жабады. 2022 жылдан бері қор біздің облысқа 1 млрд теңгенің көлемінде көмек берді. Бұл қаражатқа негізінен дәрі-дәрмектер мен түрлі жабдық сатып алынды. Болашақта қормен арадағы ынтымақтастығымыз арта түседі. Біз жаңа жобаларға 4,5 млрд теңге сұрап отырмыз», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы