Мәселен, жуырда мамандар «Kovrolux Shymkent» орталығының иесі, жас кәсіпкер Дәурен Қажымұқанның жұмыс орнында болып, өзімен тілдесіп қайтты. Ол – мемлекеттік салада бірнеше жыл жұмыс істеген жан. Бірақ өзінің айтуынша, балалық арманы бизнесмен болу болған. Мемлекеттік мекемедегі қызметін тастап, ақыры діттеген мақсатына жетті. Бүгінде жеке кәсіпкер. Бизнесін бастағанына жарты жылдай уақыт болған. Ол ашқан «Kovrolux Shymkent» орталығы кілем жуу және жеткізу қызметін көрсетеді. Жұмыстың сапасына қарай клиенттер артып, оларға лайықты қызмет көрсету үшін қосымша 20 адамды жұмысқа алған. Яғни өзі секілді 20 жас бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Кәсіп бастаудың ерте-кеші жоқ. Маңыздысы – сол кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп алып кету. Мемлекеттік қызметте істеп жүргенімде кәсіпкерлік салаға жауапты маман болдым. Сонда алдыма талай адам кәсіп бастау үшін ақыл-кеңес немесе тиісті қызметтерді сұрап келетін. Оларға қарап өзім де жеке бизнеске кетіп қалғым келетін. Қанша дегенмен бала кезгі арманым еді ғой. Сөйтіп, бір күні қабырғаммен кеңесіп, мемлекеттік жұмысымды біржолата тастап, жеке кәсіпке кетуге бел будым. Бұл шешіміме түк те өкінбеймін. Әрине, бастапқы кезде қиын болды. Дегенмен кәсіпкерлік саласындағы аз-маз білімім маған көп көмегін тигізді. Соның нәтижесінде құжат, қаражат мәселесінде аса қиналмадым. Дей тұрғанмен кәсіпкерлік – тәуекелді қажет ететін сала. Бизнеске салған ақшаң әп-сәтте күйіп кетуі мүмкін. Сол үшін алдымен іштей соған дайын болу керек. Сонымен бірге көзсіз тәуекелге бармай, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» қадамыңды анық басуың қажет. Бүгінде 20 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жұмысшылар санын екі есеге арттыру ойымда бар. Сондай-ақ бүгінде күніне мың шаршы метр кілем жусам, алдағы кезде оның көлемін екі мың шаршы метрге көбейту ниетім бар. Жас кәсіпкерлерге айтарым, тәуекел ету керек, сонымен бірге төзімділік те қажет. Бизнес оңай сала болмағандықтан, өзіңе нық сенім арту өте маңызды. Өз басым осы кәсіпті бастарда үш ережеге арқа сүйедім. Біріншіден – тәуекел, екіншіден – шыдамдылық, үшіншіден – әркімнің айтқанына еріп кетпей, өзің ойлағандай жұмыс істеу. Сосын көпшілігі бәсекелестіктен қорқады. Одан сескенбей-ақ қойса болады. Өйткені бізде алып бара жатқандай бәсекелестік те жоқ. Екіншіден, бәсекелестік – сапа мен берекенің бастауы. Өзгенің жасап жатқан дүниесіне қарап сен де одан да жақсырақ жасауға тырысасың, клиенттің көңілін ауласам дейсің. Сөйтіп, сапаға мән беріп, мықты тауар жасап шығарасың. Сен де ұтылмайсың, сапалы затқа көңілі толған тұтынушы да риза. Менің ойымша, қайта сол жақсы секілді», дейді жас кәсіпкер.
Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері «Жас кәсіпкермен сұхбат» айдарының кезекті кейіпкерімен де әңгіме-дүкен құрды. Камера объективіне ілінген іскер азаматтың бірі Асан Нұрислам болды. Асанның таңдаған кәсібі – ағаш ұстасы. Өзінің айтуынша, 2021 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер колледжінің «Ағашты көркемдеу және өңдеу» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грантты жеңіп алып, жеке кәсібімен айналысып отыр.
«Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұсталық өнерді қолға алып, содан нан тауып жүргеніме шүкіршілік деймін. Құдай маған осындай дарын берген екен, соны кәдеге жаратсам деген ой ғой менікі. Басты мақсатым – тек ақша табу емес, өзім қатарлас жастарды да осы өнерге баулып, қолөнерді барынша дамытқым келеді. Менің қолымнан шыққан дүниелер өз қаламда, еліміздің басқа да өңірлерінде сатылса және адамдардан менің бұйымдарына ерекше қызығушылық туып жатса, одан артық қандай бақыт болушы еді! Қазір ұсталық өнерге сұраныс басым. Яғни адамдар мүмкін болса қолдан жасалған тұрмыстық бұйымдарға қызығады. Олардың талабын қанағаттандыру үшін көп еңбектену керек, сонымен бірге бизнесті кеңейту де маңызды істің бірі деп ойлаймын. Жалпы, кәсіпкерліктің үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Бұл – бірінші кезекте мемлекет алдындағы жауапкершілік. Өйткені мемлекет бізге сеніп, қаншама грант бөліп жатыр. Ал сол ақшаны өзінің орнымен, мақсатымен жарата алмасақ, бізге сын. Аманат деген бар. Оған қиянат жасауға болмайды. Мемлекет тарапынан берілген грант та – аманат. Сол мойынға жүктелген парыз амалды абыроймен атқарып шығуымыз керек. Екіншіден, өзіңнің отбасың мен қол астыңдағы жұмыскерлер алдында да біраз жауапкершілік жүгін арқалайсың. Үйде ата-анаң саған сеніп отыр. Солардың сенімін ақтау да – үлкен парыз. Түпкі мақсатым – тек қарнымды тойдыру емес, қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттау, дамыту, дәріптеу. Ұлттық нақыштағы небір әдемі оюларымыздың тұрмыстық бұйымдарда бедерленіп, әрбір дастарқанның сәнін кіргізіп тұрса екен деген арманым бар. Осылайша, туған елімнің руханиятын асыруға, кәсіпкерлік арқылы ел қазынасына титтей болса да табыстың түсуіне атсалысқым келеді. Болашақ жастардың қолында дейміз. Осы ұранды нақты іспен, әрекетпен дәлелдейтін уақыт келді. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауын жолдады. Онда мемлекеттің дамуына қатысты мақсаттар мен межелер қойылды. Бұларды орындау Үкімет мойнындағы міндет болғанымен, жастардың да көтеретін жүгі жоқ емес. Өскелең ұрпақ осыны сезіну керек. Әрбір жас «елімнің көркеюіне мен үлес қоспағанда кім үлес қосады» деген ұстаныммен өмір сүрсе, Қазақстанның болашағы жаман болмайды деп ойлаймын», деді іскер.
Негізінен мемлекеттен бөлінетін гранттар мен Президент бастамасымен қолға алынған жеңілдетілген несиелер мегаполисте шағын және орта бизнестің жандануына үлкен септігін тигізіп отыр. Жалпы, шағын кәсіпкерліктің ілгері басуына мемлекеттің өзі бірінші кезекте мүдделі. Себебі кішігірім бизнес арқылы экономикада өсімнің оң динамикасы қалыптасады. Осы салада қызмет істейтін кәсіпкерлердің өзі-ақ ішкі жалпы өнімнің артуына әжептеуір үлес қоса алады. Сонымен бірге шағын кәсіпорындар, қызмет көрсету орындары көптеп ашылса, қаншама адамның тұрақты жұмыс табуына жәрдемін тигізер еді. Қысқасы, мемлекетке шағын және орта бизнестің экономикалық, әлеуметтік пайдасы өте зор. Сондықтан да Президент жыл сайынғы әрбір Жолдауында экономиканың осы секторын ерекше қолға алу қажеттігін үнемі назарға алып келеді. Биылғы Жолдауда да Президент бұл тақырыпты айналып өтпегені белгілі. Тіпті Жолдау тұтастай экономикалық салаға арналғандай әсер қалдырды. Мемлекет басшысы тек жетістіктерді ғана саралап қоймай, саладағы түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.
«Енді орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталғым келеді. Кейінгі жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет», деді Президент.
Жолдауда Мемлекет басшысы шағын кәсіпорындарды орта кәсіпкерлік деңгейіне көтеруге Үкімет барынша қолдау көрсетуге тиіс екенін айтты. Демек жоғарыда аталған шағын бизнес иелері келешекте өздері армандаған үлкен табысқа қол жеткізе алады деген сөз. Бұл үшін мемлекет шағын бизнестің іргесін кеңейтуге қол ұшын беруге әзір.
Жергілікті әкімдік те бұл бағытта шама-шарқынша әрекет етіп жатыр. Мәселен, мегаполисте жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1 500-ден аса жұмыссыз азаматты тегін оқытпақ. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндеттеме алады. Осылайша, кәсіпорындарға қосымша жұмыс күші арқылы өздерінің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік туады. Өз кезегінде жуырда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Алқалы жиында 60-тан аса жұмыс беруші мекеменің өтініштері сараланды. Олар оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде, әсіресе жастарды оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді сұраған. Дерек бойынша жұмыс беруші мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Атап айтқанда, автомобиль жөндеу дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелері бүгінде еңбек нарығында көп сұранысқа ие екен. Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 айды құрайды. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6 900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда дәрігердің арнайы рұқсаты болуы қажет. Ондай азаматтың жұмысқа қабілеттілігі мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) анықталады.
Ендігі кезекте жастар саясаты бойынша қалада атқарылған негізгі іс-шараларға қысқаша тоқталып өтсек, жалпы мегаполисте бүгінде 14-35 жас аралығында 362 980 тұрғын бар. Олар жалпы қала тұрғындарының 32%-ын құрайды. Әкімшілік аумақтан жастардың саны ең көбі Еңбекші ауданында, онда 105 181 жас бар. Өскелең ұрпаққа қызмет көрсету мақсатында төрт ауданда да «Жастар ресурстық орталығы» құрылған. Ресми дерекке зер салсақ, жыл басынан бері Жастар ресурстық орталықтарына келген 35 мың азаматқа қызмет көрсетіліпті. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін 6 индикаторды орындау бойынша жұмыстар жүрмек. Айталық, ресурстық орталық жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру үшін шалғай елді мекендеріне барып жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектерімен кездеседі. Қазіргі таңда 5 800-ге жуық жасқа «Мобильді топ» өкілдері мемлекеттік бағдарламаларды насихаттапты.
Сонымен бірге жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттіктің алдын алу, ондай әрекеттің қылмыс, қоғамға зиян екенін түсіндіру мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, «Жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілігі» тақырыбында семинар-тренинг, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Соның аясында 18 кездесу өтіп, оған 720 жас қатысқан. Бұған қоса кафеде, ойын-сауық орталықтарында, көшелерде және тағы басқа сауық құратын жерлерде жүрген жастарға 14 рейдтік шара ұйымдастырылып, 560 жасқа мұндай әрекеттің дұрыс еместігі айтылды.
Мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлауға, жастарды еңбек нарығының қажетті мамандықтарын таңдауға бағытталған «Профнавигация» жобасы аясында 52 мектепке 5 812 кездесу мен семинар-тренингтер өтіп, жас азаматтар кәсіпорындарға экскурсияға барды. Қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары жастары арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалында кетіп қалмауға жол бермеу – басты міндет. Осы орайда 5 мыңнан аса жас «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог мамандарымен кездесіп, өзекті тақырыпта сұхбат құрды. Мегаполисте волонтерлік қызметке тартылған оқушылар саны 32 мыңнан асады. Биыл жалпы білім беру мекемелерінің оқушыларынан құралған волонтерлік топтар «Birgemiz», «Bilim», «Менің жасыл қалам», «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Барыңмен бөліс» жобалары аясында оңалту және бейімдеу орталықтарындағы, қарттар үйлеріндегі адамдарға, әлеуметтік осал топқа жататын тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, жалғыз өзі тұратын қариялардың үйлерін тазалап берді. Одан бөлек, волонтер жастарға оқыту іс-шаралары, тарихи-мәдени жерлерге экскурсиялар, лагерьлік демалыстар ұйымдастырылды.
Бүгінде шаһардағы 24 мың жас өзін волонтер деп санайды. 12 тамыз – Халықаралық жастар күні аясында мегаполисте көптеген іс-шара қолға алынды. Жастар күні «Базар жастар лигасы» жобасымен бастау алды. Мұнда базарда, сауда орталықтарында, үлкен дүкендерде жұмыс істейтін жастар өзара ұлдар мен қыздар командасын құрып, футбол, волейболдан жарысты. Өз кезегінде турнир жеңімпаздарына жекелей планшет, смартфон, велосипед сыйлыққа берілді. Спорттық сайысқа сауда саласында тер төгіп жүрген 400-ге жуық жастар тартылды. Мұнан өзге Шымшаһарда алғаш рет «Shymkent fest» жастар фестивалі өткізілді. Екі айға жалғасқан фестивальде жастар көше спорты «Street worкout» , скейт, графити шоу, үстел теннисі, сурет салудан жарысты, сондай-ақ интеллектуалды сайыстар, ұлттық қолөнер мен ұлттық аспаптар көрмесі, поэзия кештері ұйымдастырылды.