Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгеріс әкелетіні белгілі. Сондықтан жастар тәрбиесіне қатты көңіл бөлуіміз керек. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет.
Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат-мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз. Ғұлама ғалым Әл-Фараби бабамыз айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ғибраттық сөзін үнемі назарда ұстағанымыз абзал.
Абайдың «Толық адам» ілімін негізге ала отырып, жастарды адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтынына тәрбиелеу, Әділетті Қазақстан қағидатын қаперде ұстау керегі туралы міндеттер білім саласының өкілдеріне зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Адал азамат тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан үздіксіз білім беру жүйесінде, яғни, балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін берілетін сапалы білім мен тағылымды тәрбиеде адал азамат қалыптастыру – басты мақсат болу керек. Ол үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету бойынша креативті шешімдер қабылдауға қабілетті, ұшқыр ойлы оқытушыларды осы жұмыстарға жұмылдырып, олардың біліктілігін арттыруды қолға алу қажеттігі сезіліп отыр.
Қазіргі таңда білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мәселесі де өзекті. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Бұл мәселеге мемлекет те назар аударып отыр. Қазір елімізде техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді, сондықтан осы салаларға қатысты білім беруді жолға қою керек. Әсіресе өте маңызды мәселе – оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнату. Бұл бағытта халықаралық тәжірибелерді ұтымды пайдалансақ, тиімді нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Сондай-ақ ғылымға негізделген экономикалық даму мәселесі де күн тәртібінде тұр. Атап айтқанда, агроғылымды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керегін айтты. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдеу керектігіне назар аударды. Біздің ойымызша, білім бағдарламаларында теориялық біліммен қатар, тәжірибелік жағына да көп мән берілуі керек.
«Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағида өн бойында қамтылған Жолдауда білім және ғылымның орны ерекше бағамдалғанын астын сызып айтқымыз келеді.
Жолдауда айтылған жаңа бастамалар негізінен қуатты және экономикасы дамыған мемлекет құруды көздейді. Экономикалық даму бағыттарының негізі – адамдардың сұранысына сай болу керектігін айқындап берді. Ал ел азаматтарының әл-ауқатының артуы сапалы білім алуға байланысты. Ол үшін педагогтердің құзыреттілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау, интернет жылдамдығын арттыру және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыру керек. Жолдауда көрсетілген міндеттер толық орындалуы үшін әркім өз саласы бойынша аянбай атсалысуға тиіс. Ендеше, білім және ғылым саласының өкілдері де Президент алға қойған биік мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсайтыны күмән тудырмайды.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Президент жанындағы
Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі