Президент • 12 Қыркүйек, 2023

Президент: Бизнеске кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында кәсіпкерлерді алаңдатқан өзекті мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Бизнеске кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс

«Бүгінде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассацияға жолданады. Бұл өте аз және азаматтардың сұранысына сәйкес келмейді. Сондықтан заңгерлер және кәсіпкерлер қоғамдастығымен өз алдына бөлек кассациялық инстанция құру мәселесі жөнінде кеңес өткізу қажеттігі пісіп жетілді деп ойлаймын. Судьялар корпусы бұл қадам азаматтардың құқықтарын сапалы қорғауға мүмкіндік береді деп санайды.

Президент әкімшілігі бұл мәселені қолға алады. Кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз. Бизнестің заңды мүддесін сақтау және қорғау – бұл біздің басты міндетіміз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әкімшілік әділетті айтарлықтай күшейтіп, оның қолданыс аясын кеңейту қажет.

«Бүгінде сот шешімдерінің 60 пайыздан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіледі (бұрын 15% пайыздан кем болған). Бұл оң үрдіс, әйтсе де асырасілтеушілікке және құбылушылыққа жол беруге болмайды. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың бизнесті сотқа жүгінуге мәжбүр ететін кемшіліктерді түзету жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент Үкіметке Жоғарғы Сотпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдар қызметіндегі теріс әрекеттерге мұқият талдау жасауға және оларды жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға тиіс екенін айтты.

«Қайталап айтамын. Мемлекеттік аппараттың міндеті – еліміздегі заңды кәсіпкерлік қызметке жан-жақты көмек көрсету. Заңды бұзып, бизнеске қандай да бір кедергі жасау – мемлекеттік сипаттағы қылмыс. Мен, Президент ретінде, Қазақстанды бизнеске, соның ішінде ірі, орта және шағын кәсіпкерлікке өте қолайлы жағдай жасалған елге айналдыруды өз міндетім деп санаймын», деді ел Президенті.