«Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды»
деп басталатын «Дариға, сол қыз» өлеңі туралы кезінде жазбаған қаламгер, сыншы, ақын-жазушы аз. Қасымның бұл жыры оған дейін қазақ даласында болмаған өлең дегендей пікірлер айтылыпты сол уақта. Демек, қайшылықта, от пен судың ортасында, майданда шыныққан ғұмырдың рухынан қайнап шыққан өмір жыры ғой. «Жыр сапарға аттанған адам болса, сөредегі Қасымын есіне алсын» деген Мұқағали кейіннен «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп Моцарттың «Жан аза» күйін жырлады. Бір нәзік сәуле мен бір күндік сәуленің арасын індете берсе біраз әңгіменің шеті көрінеді. Алайда «Жан аза» күйі мен «Дариға, сол қыз» тереңнен байланысатынын ұғу қиын емес.
«Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!»
Иә, мұндағы кілт сөздер «бір нәзік сәуле» мен «дариға» екеніне күмән жоқ. Қасым поэзиясындағы от, дауыл сынды екпінді, көтеріңкі сөздердің әрқайсысы бір-бір тақырып болса, дариға сөзі де шұқшиюды талап ететін жанды сөз. Өлеңнің басындағы «бір нәзік сәулесі» екінші шумақта «Дариға, сол қызға» алмасады. Халық жырларында ұшырасатын «дариға» сөзінің жаңа тынысын ашқандай ақын. Бұл қолданыстағы дариға өмірдің өзін ұстап тұрған алтын жіптік немесе жан, шуақ ұсынушы құдіретке пара-пар құбылыс. «Уа, дариға, алтын бесік туған жер» демей ме бір өлеңінде? Жалған-ай дегеннен гөрі үзілмес іңкәрлікке толы ашық әрі қуатты толқын ұрады кеудеңді.
Бұрынырақта бұл туынды өлеңнен гөрі шағын балладаға келіңкірейтінін дәлелдеген бір мақала оқып едім. Кеше шотландиялық Роберт Бернсты парақтап отырғанда осы ойым беки түсті. Онда Бернс шап-шағын өлеңіне «Шағын баллада» деп баттитып тақырып қойыпты. Қасымның «Дариға, сол қызы» екеуі мазмұндас және.
«Болатын бір ару қыз,
Қолға түспес зәру қыз!
Бір жігітке ғашық еді өлгенше.
Кенет соғыс басталды,
Ажыратты жастарды,
Көріспейді-ау жары жаудан
келгенше...»
деп басталады Бернстың «Шағын балладасы». Шотландиялық шайыр осы жолдармен-ақ бәрін айтып тұр, аздап жалаң демесеңіз. Ғашықтық, сүйіспеншілікті, бастысы бейбіт өмірдің шорт кесілгенін. Екінші шумағында:
«Зеңбіректер от шашып,
Таудан асып, тас басып,
Жас жүрегі тайсалмады ұрыста.
Қызды ойласа елжіреп,
Қорқатын тек сол жүрек
Түн жамылған сәл бір
толас-тынышта»
деп аяқтай салады. Бары осы ғана туындының. Ал Қасымның «Дариға, сол қызы» мұның жанында поэма дерлік. Бір нәзік сәуледен бастау алған сүйіспеншілік қыздың бейнесіне ұласады. Драма жүреді. Соғыс қасіреті мен тақсіреті арасында арпалысқан өмір мен өлімнің суреті ойнап шыға келеді. Сонда өмір сыйлаушы «сол қыз жанына келіп» қайраттанады ақын. Ақырында әлгіндей сезім мен рухтан қуат ала жүріп, жауын жеңіп, еліне қайтқан сарбаз бейнесі бейбіт күннің елесі сол қызды тағы іздеп кетеді...
Туындысы балладаға жүк кесек туынды екенін ақынның өзі де білген. Әйтпесе, екі-екі шумақтан үш бөлімге бөліп қоймас еді.