Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Асы бар, асханасы жоқ: Президент тапсырмасын жекеменшік мектеп неге орындамайды?

3898 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ілгеріде бастауыш сынып оқу­шы­ларын ыстық тамақпен қам­ту мәселесі жиі көтерілетін. Тіпті әредік ата-аналар да оқу ордаларында бұл мәселенің өткір екенін жиі айтатын. Жұртты толғандырған мәселеге осы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нүкте қойған еді. Ал Президент тапсырмасы өңірде қалай орындалып жатыр? Зерделеп көрдік.

Асы бар, асханасы жоқ: Президент тапсырмасын жекеменшік мектеп неге орындамайды?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Біршама уақыт бұрын Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақ­таева кейінгі бірер жыл бедерінде бас­тауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту үлесі 56,6 пайызды құрағанын, жаңа оқу жылынан бастап бұл көрсеткіш 100 пайызға жететінін мәлімдеп те үлгерген еді. Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сонымен қатар әлеуметтік мәр­тебесіне қарамастан, бастауыш сынып оқушыларын толықтай тегін тамақпен қамту жұмысы қолға алынды. Деректерге сүйен­сек, республика бойынша бала­лардың тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды.

Президент тапсырмасын жү­зеге асыру әр өңірде әрқалай жүр­гізіліп жатқаны белгілі. Өйткені біздің елде асханасы жоқ мектептер де бар ғой. Мұндай білім ошақтарында оқушыларды тегін аспен қамту мәселесі қалай жү­зеге асырылмақ? Мәселен, Жам­был облысында асханасы жоқ мектептердің саны отыздан асып жығылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, жаңа оқу жылында 251 мыңнан астам оқушы өңірдегі 494 мек­тептің табалдырығын аттаған. Ал 1-сыныпқа қабылданған білім алушылардың саны 22 мыңнан асады. Қысқасы, Жамбыл облысында тегін тамақпен қамтылуға тиіс білім алушылардың саны он мыңдаған баланы құрайтыны анық.

Білім басқармасының басшысы келтірген дерекке сүйенсек, 1-4-сынып оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамту мәселесін шешу үшін жергілікті қазынадан 2,5 млрд теңге қарас­тырылыпты. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік жағдайы мәз емес отбасылардан шыққан 11 326 баланы ыстық аспен қамтуға жергілікті бюджеттен 425,6 млн теңге бөлін-
ген.

Әрине, Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін жер­гілікті қазынадан қомақты қаржы бөлінгені – құптарлық қадам. Алайда асханасы жоқ 36 мектепте бұл жұмысты үйлестіру үшін жауапты басқарма өкілдері қан­дай қадамға бармақ? Об­лыс орталығына жақын орна­ласқан Байзақ, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Талас ауданда­рынан бөлек шалғайдағы Сарысу, Мойынқұм, Шу аудандарында да асханасы жоқ мектептер аз емес. Бір сөзбен айтқанда, алыстағы аудан­дар­дағы жұмыстарды да кірпік қақ­пай қадағалау керек.

– Жаңа оқу жылынан бастап, оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту бойынша жұмыстар мықтап қолға алынған. Бүгінгі таңда асханасы жоқ мектептердегі мәселені реттеуге күш салдық. Атап айтқан­да, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Тұрар Рыс­құлов аудандарындағы мек­теп­тердің оқу кабинеттеріне ың­ғай­ластырылған асхана жасалады. Сонымен қатар Сарысу ауданындағы екі мектепке модуль­дік асханалар сатып алынып, орнату мәселесі күні бұрын қолға алынды. Одан бөлек, Меркі ауданындағы Алтын арық бастауыш мектебіне қажетті жаб­дықтармен қамтамасыз етілген модульдік асхана қою мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Ал 20 мектепке жақын орналасқан білім ордаларынан ыстық тамақ тасымалданып жеткізіледі, – дейді басқарма басшысы Мейірхан Өмірбек.

Сала басшысы келтір­ген дерекке зер салсақ, асханасы жоқ мектеп тек аудандарда ғана емес, Тараз қаласында да бар екен. Бұл мәселе, әрине, кімді болсын ойландырмай қой­майды. Білім басқармасының басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, ешқандай мәселе туындамайтындай көрінетіні рас. Алайда бірер күн бұрын Ұлы дала ша­ғын ауданының бір топ тұрғыны Президент тапсырмасы өңірде дұрыс орындалмай жатыр деп шу шығарды. Шаһардағы жаңа шағын аудан тұр­ғындары жаңа оқу жылының бас­ты жаңалығының шарапа­тын көр­мей отырғандарын жайып салды. Айту­ларынша, же­кемен­шік мектептерде ыс­тық тамақпен қамту мәселесі шешілмеген.

Өткір мәселенің оңынан ше­шілуін талап еткен ата-ана­лар өңір басшысы Ербол Қара­шө­кеев­тің алдынан бір-ақ шық­ты. Жаңа оқу жылындағы жаңа­шыл­дықтан құр қалған ата-аналар «Біздің балалар тоқалдан ту­ған ба?», дейді шамданып. «Же­ке­меншік білім ордасында бі­лім алып жатқан балалар Қазақ­станның балалары емес пе? Осы мәселе миымызға қонбай тұр. Отанымыз бір болғаннан кейін барлық балаға бірдей жағдай қарастырылуы керек емес пе? Президент ешкімді бөле-жа­рып айтқан жоқ қой», дейді Ұлы дала шағын ауданының тұрғыны Нұрбибі Молдашева.

Ұлы дала тұрғындары мемле­кеттік мектептің жоқтығы­нан бала­ларын жекеменшік мектепке беру­ге мәжбүр болып отыр. Әйтпесе ұл-қыз­дарын мем­лекеттік мектепке қуана-қуана беруге әзір. Олар жаңа шағын ауданда осы мәселенің жедел шешілгенін қалайды.

Білім басқармасының өкіл­дері келтірген дерекке сенсек, ба­лаларды ыстық тамақпен қам­ту мәселесі мем­лекеттік мек­теп­терде оңынан шешіл­ген. Алай­да жекеменшік мектептер­де бұл мәселені шешу жолы қа­рас­ты­рылмаған. Халық көтер­ген өткір мә­селе Оқу-ағарту министрлігінің тарапынан ғана шешімін табуы ықтимал.

Ұлы дала шағын ауданы­нан келген ата-аналардың шағы­мын тыңдаған өңір басшысы өткір мәселені назардан тыс қал­дырмайтынын жеткіз­ді. «Жауап­ты министрлікпен, ми­нистрмен сөйлесіп, сіздер көтер­ген проблеманы жеткіземін. Оған еш күмән болмасын», деді халықтың мұңын тыңдаған Е.Қа­рашөкеев.

Жауапты тұлғалар бар мәселе министрлікке тіреліп тұрғанын жайып салды. Айтуларынша, қолданыстағы заң барлық мек­теп­ке бірдей қаражат қарасты­руға мүмкіндік бермейді. Ал Жам­былда жекеменшік мектеп­тердің саны аз емес...

 

Жамбыл облысы