Спорт • 13 Қыркүйек, 2023

«Ұлы дала жорығына» тың аттар қосылды

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 кезеңнен тұратын, 1300 шақырымға созылатын «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жетінші кезеңі мәресіне жетті.  Шабандоздар енді аттарын айырбастап тың тұлпарын тізгіндейді, деп хабарлайды Egemen.kz «JORYQ» ат спорты федерациясына сілтеме жасап.

 

«Ұлы дала жорығына» тың аттар қосылды

https://joryq.kz/

Жетінші кезеңде Қостанай облысының командасы көмбеге алдымен келсе, Астана қаласының шабандоздары екінші жетті. Үштікті Ақтөбе облысының жігіттері түйіндеді. Жорық марафонына ұзын-ырғасы 19 команда қатысып, сөреден жіберілген болатын. Жеті кезеңнен кейін 7 команда ығысып жарысты тоқтатты. Қалған 12 команда шабандоздары әлі 650 шақырымды өндіруі керек.  

Жоба жетекшісі, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбек қалған командалар арасындағы тартыс та қыза түседі деп отыр. Өйткені барлығы да тың аттарын ерттеп мінеді.

«Былтырғы марафон-бәйгеде  600 шақырымды 9 команда 32 атпен өтсе, биыл 650 шақырымды 12 команда 41 атпен алғашқы кезеңді аяқтап отыр. Былтыр 650 шақырымды бірінші болып бағындырған команданың уақыты шамамен 56 сағатты құраса, биыл 42 сағатта жүріп өтті. Бұл аттардың бабында екенінің дәлелі. Екіншіден, бәсекенің өте жоғары екенін де айқындайды. Сондай-ақ 1-кезеңнің 4 аты командадан тыс 1300 шақырымды бағындыруға бекініп отыр. Оның бәрі мал дәрігерінің рұқсатымен жүзеге асады», деді Б.Тұрлыбек.