Айбын • 13 Қыркүйек, 2023

Командирлер Алтайда біліктілігін шыңдады

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алтай өңірінде Ұлттық ұланның батальон командирлері оқу-әдістемелік жиынын өткізіп жатыр. Жиынның үшінші күні тактикалық ату дайындығы тақырыбы бойынша далалық жағдайда өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Командирлер Алтайда біліктілігін шыңдады

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігіне қарасты 27943 әскери бөлімінің оқу орталығына келген командирлер ату және ату жаттығулары бойынша тәжірибе жинады.

«Бүгін әскери техникаларды қолдана отырып, түрлі қару-жарақтан оқ аттық. Мәселен, БТР-80 техникасына қатысты № 1 жаттығуды орындадық. БТР-80 техникасына қондырылған танкке арналған ірі калибрлі Владимиров пулеметінен белгіленген нысанды жойдық және Калашников танк пулеметінен тапсырылған нысанды құлаттық. Оқу-әдістемелік жиынында БМП-1, РПГ-7В, АГС-17 секілді өзге де қару-жарақты қолданып, тәжірибемізді молайтып жатырмыз. Мұның бәрін кез келген батальон командирі жетік меңгергені абзал. Бұл жолғы жиынның көздеген мақсаттарының бірі – осы», деді 6506 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальон командирі капитан Төлебек Бағдәулет.

Бч

Батальон командирлері қаруландырылған БМП және БТР техникасынан оқ ату, РПГ-7В қаруын қолдану, АГС-17 қаруынан ату, СПГ-9 қаруымен нысанды жою жаттығулары бойынша сынақ тапсырды. Сонымен қатар әскери техникаларды жүргізіп көрді.

«Қазіргі сәтте Ұлттық ұлан базасында бар қару түрлерінен ғана емес, Қорғаныс министрлігі қолданатын қару-жарақты да пайдаланып жатырмыз. Әскери техникаларды жүргіздік. Бүгінгідей жиынның көмегімен жауынгерлік даярлықтың, тактикалық әдіс-тәсілдердің жаңартылған нұсқаларын үйреніп, оны өзімізге бағынысты жеке құрамға үйретеміз», деді 5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальон командирі капитан Әлішер Бекжігіт.

Сондай-ақ «Жаңа оқыту бағдарламаларына сәйкес жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тақырыпқа қатысты мәселелер қозғалып, түрлі ұсыныстар айтылды. Бас қосуда жаңа оқыту бағдарламаларын енгізу тиімділігі туралы батальон командирлерінің пікірлері тыңдалды. Осыдан кейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Әбжанов «Қазіргі кезеңдегі әскери дайындықты дамытудың заманауи перспективалары» тақырыбында топтық сабақ өткізді. Ал әдістемелік даярлық барысында командирлер «Әскери жасақты әзірлеудің формасы және жаңа әдістері» жөніндегі практикалық сабаққа қатысты.

Бы

Айта кетейік, ертең батальон командирлері Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қолданбалар тактикасы жөніндегі сабақтарға қатысады. Сонымен қатар батальон командирлеріне қатысты әдістемелерді үйренеді. Ал оқу-әдістемелік жиын 15 қыркүйек күні қорытындыланады.