– Ислам Ілиясұлы, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында туып-өскен төрт бірдей азаматтың Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілгенін жақсы білеміз. Олар – Ермахан Ыбырайымов, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов және сіз.
– Сіз жоғарыда атаған азаматтардың барлығы да ел спортының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның алдында Луговой асыл тұқымды ат зауытында туған «Абсент» атты таза қанды ақалтеке тұқымдас сәйгүліктің дүбірлі додаларда сан мәрте дараланғаны бар? Бұл 1960 жылы Рим Олимпиадасында алтын алса, 1964 жылы Токиода қос қоланы иеленді. 1968 жылы Мехикодағы жарыстың командалық сайысында күміс медаль еншіледі. Одан бөлек, кәсіпқой бокстан бірнеше дүркін әлемнің абсолютті чемпиондары – ағайынды Виталий мен Владимир Кличколардың да балалық шағы дәл біздің өңірде өткен. Сол саңлақтардың әкелері әскери адам болған. Ол бірер жыл Құлаң өңірінде қызмет етіпті.
– Осыған дейін сіздің жерлестеріңіз – атақты боксшы Ермахан Ыбырайымовпен, әйгілі балуан Ақжүрек Таңатаровпен тілдескен едік. Әңгіме барысында олар спорттағы биік белестерді бағындыруда үздік жасаған жаттығулар жайында баяндады. Сіздің де үлкен спорттағы жолыңыз даңғыл болмаған шығар?
– Әрине, бәріміз бірдей жағдайда болдық қой. Спортта бірде ұтыласың, бірде ұтасың. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін шелектеп тер төгіп, тынбай еңбек ету керек. Нағыз жалындап тұрған шағыңда көп нәрседен, той-думан, ойын-сауықтан бас тартуға тура келеді. Теледидар арқылы көріп отырған адамдар спортшы болған қандай керемет деп ойлайтын шығар. Өйткені ол жерде сенің жеңіске жетіп, құрмет тұғырында марқайып тұрғаныңды ғана көрсетеді. Бірақ әсте олай емес. Оның артында көптеген қиындық пен кедергі бар. Оны тек спортпен кәсіби түрде шұғылданған адамдар ғана түсінеді.
– Тоқсаныншы жылдардың басында сіз кеңес одағы мамандарының назарына іліктіңіз. Сонда қай жарыста көзге түсіп жүрсіз?
– 1991 жылы Бішкекте өткен КСРО кубогінде бас жүлдені олжаладым. Сол кезден бастап менің спорттық мансабымда өрлеу кезеңі басталды.
– КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан құрамасы дербес команда ретінде алғаш рет 1993 жылы Ұланбатырда ұйымдастырылған Азия чемпионатына қатысты. Сол кезде команда қоржынына алғашқы жүлдені салған да сіз едіңіз.
– Иә, алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде сары құрлықтың басты додасына қатысқанымыз күні бүгінге дейін есімде. Сол жарыста 100 кило салмақ дәрежесінде күрескен Игорь Непомнящий екеуміз жүлдегерлер қатарынан көріндік. Мен 90 кило салмақта сайысқа түстім. Ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткеніммен, финалда Иранның әйгілі балуаны, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Расул Хадемнің осал тұсын таба алмадым.
– Азия чемпионатында сіз бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілдіңіз. Алғашында үш күміс пен бір қоланы еншіледіңіз. Ал бас жүлдеге тек 2000 жылы Қытайдың Гуилин қаласында қол жеткіздіңіз. Сондай шешуші сәтте не жетпеді деп ойлайсыз?
– Оның түрлі себебі бар. Бірде бағым жанбады, бірде бабым дұрыс болмады. Жарақатпен күрескен кездерім де жоқ емес. 1996 жылы Сяошаньде тағы сол Расул Хадемге есе жібердім. 1999 жылы Ташкентте әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы ирандық Алиреза Хейдариге жол бердім. Кейіннен бұл балуан Афина Олимпиадасында қола медаль олжалап, әлемдік додада үш рет күміспен күптелді. Азиаданы екі және құрлық біріншілігін үш рет ұтты. Міне, осындай даңқты балуандар менің алдымды орады.
– Әлем чемпионаттарына бірнеше мәрте қатыстыңыз. Бірақ бірде-бір рет бағыңыз жанбады. Сол жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілуіңізге не кедергі болды?
– Ол кезде бізде жарыс тым аз болды. Қаражаттың жоқтығынан талай ірі додадан шет қалдық. Тәжірибенің аздығы да кесірін тигізді. Әлі есімде, 1993 жылы Торонтода өткен әлем чемпионатына даярланып жатқанда, Олимпиаданың екі және әлемнің бес дүркін чемпионы Махарбек Хадарцев маған күресіп көрейік деп ұсыныс жасады. Сонда даңқы жер жарған дүлдүлдің мені елегеніне қуандым. Екеуміз біраз алысып-жұлыстық. Бір мезетте аяғына өттім де, кілемге алып ұрдым. Сонда маған «Қорқатын түгі жоқ. «Аңыз адамдармен» де күресуге болады екен ғой» деген ой келді. Міне, біздің буынға осы жағы жетіспеді. Егер халықаралық аренаға жиі шығып, атағы жер жарған балуандармен күш сынасқанда, сеніміміз арта түсер еді. Мәселен, Махарбек Хадарцев, Арсен Фадзаев, Сергей мен Анатолий Белоглазовтар, Лери Хабелов сынды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында сан мәрте атой салған балуандар ешкімнен жеңілмейтіндей көрінетін. Бапкерлер де, басқалар да біздің құлағымызға солай құйып тастаған. Кейіннен ютубтан көрсек, кейбір жарыстарда олар АҚШ-тың апайтөстерінен бір емес, бірнеше мәрте ұтылған екен. Ирандықтардан да жеңілген.
Тағы бір маңызды мәселе, елімізде маған қарсылас болмады. Ауыр және аса ауыр салмақта Игорь Климов деген балуан бар еді. Ол КСРО халықтары спартакиадасын ұтқан, КСРО мен Азия чемпионаты және Азия ойындарында жүлде алған. Көбіне-көп екеуміз айқасамыз. Басқа балуандар сәл әлсіздеу болды. Ал бәсекелестік жоқ жерде нәтиженің де төмен болатыны белгілі.
– 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатыстыңыз. Америкада асығыңыз алшысынан түспеді ғой...
– Олимпиада қарсаңындағы турнирлердің бірінде тобығымды қатты жарақаттап алдым. Сол жарақаттың әлегімен біраз уақыт жоғалттым. Атлантадағы жарыстың тұсаукесер кездесуінде канадалық Скотт Бианкодан басым түскеніммен, іле-шала Расул Хадеммен қайта жолықтым. Бұл бәсекеде төрешілер өрескел қателік жіберді. Олар менің үш ұпайға татитын әдісімді бір ұпаймен ғана бағалады. Соның салдарынан 3:4 есебімен есе жібердім.
– Төрешілердің шешімі әділетсіз болса, неге шағым түсірмедіңіздер?
– Шағымды жарты сағатта түсіру керек екен. Ол кезде біздің ғана емес, бапкерлердің де тәжірибесі кемшін еді. Өйткені Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмыз. Біріншіден, уақыт өткізіп алдық. Екіншіден, наразылық білдіру үшін 500 доллар көлемінде ақша төлеу керек. Ісіміздің оңға басатынына күмәнданған жаттықтырушылар: «Осымен қоя салайық. Қазылар өз шешімдерін өзгерте қоймас. Шағым түсірсек, 500 доллардан айырылып қаламыз», деп әңгімені шорт кесті. Біраз уақыт өткен соң Ресей күрес федерациясы басшыларының бірі Михаил Мамиашвили мен Сеулде күміс алып, Барселонада бас жүлдені олжалаған бес дүркін әлем чемпионы Лери Хабеловтің «Неге шағым түсірмедіңдер? Сендер қызық екенсіңдер», деп бастарын шайқағаны бар. Шынтуайтында, олардың маған жаны ашып тұрған жоқ. Есімдері аталған ресейліктер Хадарцевтің Хадемді жеңе алатынына күмәнданды. Егер Махарбек ұтса, онда ол үш дүркін Олимпиада чемпионы атанатын еді. Бірақ финалда Солтүстік Осетияның тумасы Иранның пехлеванына жол берді.
Жұбаныш белдесуінде Барселона Олимпиадасының күміс және әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері германиялық Хайко Бальцты жеңгеніммен, іле-шала әлем чемпионы, сол жарыстың күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Әлем кубогінің иегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы америкалық Мелвин Дугласқа есе жібердім. Онда қателік өзімнен болды. Оны кеудемнен асыра лақтырамын деп, астына түсіп қалдым.
– Сіз 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпия ойындарының күміс медалін иелендіңіз. Бұл сіздің спорттық мансабыңыздағы ең жарқын жеңіс екені даусыз. Бірақ бас жүлде үшін бәсекеде Дағыстанда туып-өскен авар ұлтының өкілі, Әлем және Еуропа чемпионы Сагит Мұртазалиевті сан соқтыру мүмкін болмады ма?
Жартылай финалда жеңіске жеткенде қатты қуанып қойдық-ау деймін. Қазір ойлап отырсам, Сиднейге дейін Сагитпен ең болмағанда бір мәрте кездескенде, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Финалға өзімше тактика құрдым. Егер «клинчке» дейін жеткізсем, Мұртазалиевті аударып тастаймын деп ойладым. Алайда бұл жоспарым жүзеге аспады. Сөйтіп, күміс медальды қанағат тұттым.
– Бозкілеммен қоштасқаннан кейінгі қызметіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– 2004 жылы Афина Олимпиадасынан кейін үлкен спорттан қол үздім. 2007-2009 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болдым. Бірер жыл Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Одан кейін Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқардым. 2022 жылдан бері Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің мүшесімін.
– Маман ретінде қазіргі кезде еліміздегі еркін күрестің даму барысына қандай баға бересіз?
– Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік менің жаныма қатты батты. Қазақстанның ең белді балуандары күрескен жарыста бір ғана медаль алдық. Өзім сол кезде «Қазспорт» арнасынан тікелей репортаж жүргіздім. Бірден біздің жігіттердің аяқ алысы мен демалғандарынан күдіктендім. Аяқ-қолдары сіресіп қалған, дұрыс тыныстай алмайды. Сұрастырсам, олар Жапонияға 27 шілдеде кеткен екен. 4 тамызда күрес басталды. Жетінші және сегізінші күн акклиматизацияның нағыз кемеліне жететін кезі. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Оған қоса, балуандар Алатау бөктерінде орналасқан АИБА-ның базасында даярланды. Аталған база теңіз деңгейінен 1,6 мың метр биіктікте тұр. Токио болса, небәрі 40 метрдей биіктікте. Яғни спортшыларымыз таудан барып, бірден шұңқырға түсті. Соны біздің мамандар білмеген бе? Басшылар мен ғылыми топ қайда қарап отыр? Мұны мен еліміздің күрес түрлеріне жасалған қиянат деп қабылдадым. Басқа айтар сөзім жоқ.
Аллаға шүкір, қазір көш бірте-бірте түзеліп келеді. Биылғы сәуір айында Астанада Азия чемпионаты өтіп, Қазақстан құрамасы өз тарихындағы теңдессіз табысқа қол жеткізді. Төрт бірдей өреніміз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Аталған жарысты тамашалай отырып, балуандардың өрелі өнері мен жеңіске деген құлшынысына сүйсіндім.
– Азия чемпионатында балуандарымыз айды аспанға шығарып, төрт алтын алды дейік. Ал сол бас жүлдені олжалағандардың арасынан алдағы Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жететін балуанды көре алдыңыз ба?
– Біздің балуандар ешкімнен кем емес. Бұйыртса, Қазақ елінің де өрендері биік белестердің барлығын бағындырады. Бірақ сол толағай табысқа тезірек қол жеткізу үшін әлі біраз ауқымды жұмыс атқару қажет. Күрес өнерінде жеңіспен өрілген дәстүрі бар мемлекеттерге жиі барып, солардан көп үйренуіміз керек. Жігіттерді психологиялық тұрғыдан жақсылап даярлаған абзал. Ғылым мен медицинаға да ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Сонда елімізден Олимпиада, Әлем чемпиондары көптеп шығады. Оған мен кәміл сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»