Айбын • 14 Қыркүйек, 2023

Қорғаныс ісі: Отандық өндіріс неге омалып тұр?

221 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда Қорғаныс министрлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне қатысты айтылып жүрген әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге орай ресми түсініктеме жариялады. Ол жерде қорғаныс ведомствосы мен қару-жарақ техникаларын шығаратын отандық кәсіпорын – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС арасындағы кикілжіңдерге байланысты толық жауап берілген.

Қорғаныс ісі: Отандық өндіріс неге омалып тұр?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы жуырдағы Жол­дауында және «ҚПИ» ЖШС-да бол­ған кезінде отандық қорғаныс-өнеркә­сіп кешенін қолдау қажеттігіне назар аударғаны белгілі. Министрліктің мәлі­метіне қарағанда Жоғарғы Бас қолбас­шының тапсырмаларына сәйкес қазіргі за­манғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүр­гіз­у талаптарына жауап беретін қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгілерін жоспарлы сатып алу жүзеге асырылып келеді. Тактикалық-техникалық талаптарға сай болған жағдайда армияны негізінен отандық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтауға мүдделі екенін айтады.

Бірақ осыған дейін министрліктің тапсырыстарын орындап келген «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясымен ынтымақтастық неліктен тоқтап қалды? Негізгі себеп – ЖШС-ның тапсырыстарды толыққанды орындамауы, әскери техниканың талапқа сай болмауы және бәсекеге қабілетсіздігі. Қорғаныс министрлігі мен «ҚПИ» ЖШС арасында 2017 жылы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Министр­ліктің түсініктемесінде айтыл­ғандай, меморандумға сәйкес 2030 жылға дейін 274 «Арлан» және 106 «Барыс» бронды дөңгелекті машиналарын сатып алу көзделген. Дегенмен құжатта аталған әскери техникалардың сынақтан өткеннен кейін ғана сатып алынатыны көрсетілген. Ал «Барыс» бронды машинасы сол сынақтан өте алмай қалып, қазіргі күні зауыт кемшіліктерді жоюмен айналысып жатқан көрінеді.

Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы күш­терінде 138 «Арлан» көпмақсатты бронды машинасы (110-ы жауынгерлік мо­дуль­мен және 28-і жауынгерлік модуль­сіз) бар. 2023 жылы тағы 20 «Ар­лан» машинасын сатып алу жоспар­ланған. Ал 2022 жылы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде «ҚПИ» ЖШС 10 «Арлан» КБМ-ға, арадағы бекітіл­ген рәсімге сәйкес қабылданбаған «WSE» жауынгерлік модулін орнатып, мемле­кеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бұзған. Сонымен бірге биыл да «WSE» жауынгерлік модульдерін орнату көзделген 18 «Арлан» машинасын жеткізу шартының бұзылу қаупі бар. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі аталған техникалар сапасының төмендігін сын садағына алып отыр.

«Біздің мәліметтеріміз бойынша осы уақытқа дейін бірде-бір машина экспортқа шығарылмаған. Бұл оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендігін көр­сетсе керек. Сонымен қатар «ҚПИ» ЖШС өндіретін машиналардың ешқай­сысы су ке­дергілерін жүзіп өтуге, жаудың бронды нысандарымен ұзақ қашықтықта атысуға және таулы жерлерде әрекет етуге қабілетті емес» делінген министрліктің түсініктемесінде.

«Барыс» 8х8 машинасына келсек, биыл мамыр айында ол әскери тәжірибелік сынақтан өткен. Бұған дейін министрлік тарапынан машинаның дөң­гелегіндегі және жауынгерлік моду­ліндегі кемшіліктерін жою бойынша ұсыныстар берілген екен. Алайда биыл­ғы сынақта базалық шасси бойынша кемшіліктері жойылып, модуліндегі ақаулар сол қалпында қалғаны белгілі болған. Сондықтан «Барыс» машинасы да «ҚПИ» ЖШС-на кемшіліктерін жою үшін кері қайтарылып отыр. «Барыс» көпмақсатты бронды машинасын атыс қуаты бойынша ресейлік БТР-82А-мен салыстыруға болады. Бұл ретте оның құны (шамамен 1 млрд теңге) ресейлік машинадан (шамамен 400 млн теңге) айтарлықтай жоғары екенін айта кету керек. «Барыс» КБМ суда жүзбейді, күшейтілген бронды қорғанысы маневр жасау мен басқаруға, жылдамдық сипаттамаларына, габариттік өлшемдерге теріс әсер етеді. Бұл өз кезегінде шешілетін міндеттерді едәуір шектейді» делінген министрлік мәліметінде.

Түсінікті болу үшін айта кетсек, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – «Арлан», «Алан» және «Номад» атты заманауи бронды дөңгелекті машиналарын және «Барыс» бронды транспортерін шығаратын кәсіпорын. Астана қаласында орналасқан зауыт жылына 120 машинаға дейін шығара алады деген мәлімет бар. Дегенмен 2015 жылы құрылған кәсіпорынның бірде-бір өнімі шетелге экспортқа шығарылмаған. Тек еліміздің Қорғаныс министрлігімен ғана жұмыс істеп келе жатыр. Ал басқа елдерден неліктен сұраныс жоқ?

Біз осы сұрақты әскери сарапшы Амангелді Құрметке қойып, мәселенің мән-жайына қатысты пікірін білген едік. Оның айтуынша, әскери техникаларға шетелден сұраныстың болу-болмау­ы оның сапасына берілген баға болып есептеледі. Сұраныс болмауы – олардың басқалармен бәсекеге түсуге қабілетсіздігін көрсетуі мүмкін екендігін айтады.

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» өзін Орталық Азиядағы ең ірі әскери техника өндіретін кәсіпорын екендігін айтып келеді. Алайда 2015 жылдан бері неліктен олардың бірде-бір техникасы экспортқа шығарылған жоқ? Ең құрығанда 2015-тен 2020 жылға дейін шығарылған 138 «Арланның» бір бөлігі Орталық Азия елдеріне сатылуға тиіс еді. Бірақ оны жасай алмағаннан кейін кәсіпорын басшылары «отандық өнімді қолдамайды» деп Қорғаныс министрлігіне кінә артып келеді», дейді сарапшы.

Айтуынша, кәсіпорын басшылары бұрынғы Қорғаныс министрлері Нұрлан Ермекбаев пен Мұрат Бектановқа да осындай айыптар таққан. Енді қазіргі сала басшысы Руслан Жақсылықовты да «отандық өнімді қолдамайды» деу­мен қатар, Қор­ғаныс министрлігінде жемқорлық жай­лағандығы туралы қауесетті таратып келеді екен. «Олар министрлікті кінә­лағанша өздерінің кемшіліктерін айтылған талапқа сай түзетуі керек еді. «Барыс» бронды транс­портерін сынау кезінде дөңгелегі түсіп қалған. Ату кезінде 10 оқтың 9-ы тимейді. Бұл біздің армиямыз үшін қажетті әскери техника ма? Кез келген машинаның біріншіден сарбаз өмірін сақтауы, екіншіден, атыс қуаты мен дәл­дігі сынаққа алынады», дейді сарапшы.

Өткен жылдың тамыз айынан бері Украинадағы соғысқа байланысты елі­міздің әскери қару-жарақ техникаларын шетелге экспортқа шығаруға тыйым салын­ған. Қазіргі күні «ҚПИ» ЖШС бас­шылары өз өнімдерінің экспортқа шығарылмауын осы тыйыммен байланыс­тырады. Дегенмен әскери сарапшының айтуынша, кәсіпорын басшылығы Үкі­метке ұсыныс жасап, Украинамен бай­ланысы жоқ елдерге өз өнімдерін шығару мүмкіндігін қарастыруы керек еді. «Өйт­кені экспорт – сенің өніміңе бері­летін баға», дейді ол.

Қорғаныс министрлігінде сы­бай­­лас жемқорлық мәселесіне келсек, ве­­дом­ствоның берген мәліметінде мем­ле­­кеттік қорғаныс тапсырысын орындау­шы конкурс арқылы таңдалатыны, кон­курсты Өнеркәсіп және құрылыс ми­нис­трлігінің МҚТ комитеті жүзеге асыратыны айтылған. «Орындаушыны таң­дауды комиссия жүргізеді, оның құ­ра­­м­ы мен жұмыс тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Конкурс әскери мақ­саттағы тауарларды (өнімдерді), қос мақсаттағы (қолданылатын) тауарларды (өнімдерді) отандық өндірушілердің және мемлекеттік қорғаныс тапсырысының әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді отан­дық жеткізушілердің тізіліміне ен­гі­зіл­ген ұйымдар қатарынан өткізеді. Ко­миссия құрамына қызмет бағыты бо­йын­ша арнайы білімі бар Мемлекеттік қор­ғаныс тапсырысы комитеті мен Қор­ғаныс министрлігінің өкілдері кіреді. Шешім комиссиялық түрде қабылданады. Кәсіпорындардың ұсыныстары техника­лық ерекшеліктермен айқындалған па­ра­метрлер мен шарттарға сәйкес келген жағдайда шешім ең төмен баға­ны ұсынған кәсіпорынға қатысты қарапайым көпшілік дауыспен қабыл­данады. Қор­ғаныс ми­нистрлігі техни­калық ерек­ше­ліктерді әзірлейді, өнім­дерді (қыз­мет­терді) жеткізу саны мен мерзім­дерін ай­қын­дайды. Ба­ғаны белгілеуге уәкілетті ор­ган (ӨҚМ) жауап береді» делінген мә­лімдемеде.

Қазіргі күні еліміздің Қарулы күш­терінде Түркияның «Арма» 8х8 бронды көлігі сынақтан өтіп жатыр. «ҚПИ» ЖШС өкілдерінің айтуынша, «Барыс» 8х8 «Армадан» еш кем түспейді және құны 40 пайызға арзан. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Барыс» БКМ «Арма» сияқты суда жүзбейді. «Барыстың» жауынгерлік модулі 30 мм зеңбірекпен жабдықталған, ал «Армада» 100 және 30 мм зеңбіректер орнатылған және танкке қарсы ататын зымыран ке­шенінде 5 шақырымға дейінгі қа­шық­тыққа ату мүмкіндігі бар. Бұл са­лыс­тыр­малы түрде оның ату мүм­кін­дігінің едәуір жоғары екенін көрсетіп тұр.

«Арма» машинасы Қорғаныс ми­нистрлі­гінің биыл 21-25 тамыз аралы­ғында өткен әскери оқу-жаттығу полигондарында отандық және шетелдік өндірістегі брондалған дөңгелекті техниканың де­монстрациялық көрсетілімінде тест-драйвқа қатысқаны белгілі. Ал «ҚПИ» бас­шылығы осы оқу-жаттығуға шақыртыл­ғанына қарамастан, «Барыс» БКМ-ның жауынгерлік мүмкіндіктерін бірнеше рет көрсеткенін айтып, сондай-ақ орнатылған қару-жарақтың тозуы, бұл жауынгерлік мүмкіндіктерді толық ауқымда көрсетуге мүмкіндік бермейді», деп оған қатысудан бас тартқан.

Бұл туралы пікір білдірген сарапшы мәселе отандық компаниядағы ме­недж­­менттің әлсіздігінен болуы мүм­­­кін деген болжам айтады. «Қазақ­стан Парамаунт Инжинирирнг» ЖШС-ның Қорғаныс министрлігіне қатысты шағым­дары бо­йын­ша 6 рет сот өтіп, бар­л­ығында жеңіліс табуы оның қыз­метін­дегі шикілікті көр­­сетсе керек. Олар­­дың менеджмент жағы әлсіздеу болып отырған сыңайлы. Серік­тестік өн­ді­рісін тек өзіміздің Қор­ғаныс ми­нистр­лігіне ғана бағыттамай, финн, швед, қытай кәсіпорындарымен байланыс жасап, тәжірибе алмасып, өнім­де­рінің сапасын арттыруға көңіл бөлуі керек», дейді Амангелді Құрмет.